«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӨТІБАР БАТЫР – АЛМАС ҚЫЛЫШ, ЕЛ ТІРЕГІ

Өткен аптада газет тілшілері «Мұғалжар» экспедициясы аясында Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көтібар батыр ауылына барды. Ондағы мақсат – ауылға аты берілген батыр баба Көтібар Бәсенұлының кесенесіне барып, рухына құран бағыштап, тылсым тарихымен танысып, оқырманға жеткізу. Сонымен..

КИЕЛІ МЕКЕНГЕ САЯХАТ

Экспедициямыздың екінші аялдамасы Көтібар Бәсенұлының кесенесі болуы бекер емес. Себебі кесене аудандағы киелі жерлер географиясының арнайы жобасы бойынша мемлекет қорғауына енген бес жердің қатарына кіреді. Батырға бағыт алған түсірілім тобы Ақкемер ауылы мен Елек өзенін кесіп өттік. Күн шығысқа қарай 13 шақырым жолды артқа тастап, Көтібар батыр ауылына барып, шырақшы ата Жамбыл Дүйсенғалиевті ертіп, ата жатқан жерге қарай бет алдық. Қыр басында дулыға іспеттес салынған аппақ кесене мен-мұндалап тұр. Көлігімізді тоқтатып, әрмен қарай жалғыз аяқ жолмен шырақшының артынан жаяу жүріп келеміз. Кесенеге жақындаған сайын қазақтың ұлан-ғайыр жерін найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен қорғаған ата-бабаларымыздың сол кезеңдегі жаумен қақтығысқан сәттері үзік-үзік кино лентасындай көз алдымыздан өтіп жатқандай… Бір-бірімізге сыбырлап, «бұл жерде қанды қырғын соғыс болып, қаншама боздақтың қаны төгілген болар?..» деп қоямыз. Сол сәтте шырақшы кесене шарбағының қақпасын ашып, «бұл жерді баспай бері өтіңдер. Атаның жанжағында толған бейіттер. Барлығы да жермен жексен болып кеткен, байқау қиын» деп, ескерту жасап, кесене есігін ашып, ішке кіргізді.

Еңкейіп есіктен кірген сәтте көзіміз алдымен дулыға пішінді кесененің ортасындағы батырдың сүйегі жатқан жерге түсті. Үстін жасыл қирамен жауыпты. Жан-жағына келушілерге арнап орындықтар қойылған. Қабырғаларында төте жазумен жазылған түрлі таңбалар бар. Биіктігі 12 метрдей болатын кесененің төбесінде түтікше секілді үш саңылау бар. Кесене ішіндегі қоңыр салқын ауаны осы түтікшелер реттеп тұрғандай. Батыр рухына құран бағышталғаннан кейін шырақшы Жамбыл Дүйсенғалиев бұл кесененің 2000 жылы қайта салынып, атаның құрметіне үлкен ас берілгенін жеткізді. Ол кезде аудан басшысы қызметін Арынғазы Беркінбаев атқарған. Ал кесене тұрғызуға қажетті қаржыны батырдың ұрпақтары жинаған. Батырдың дулығасы іспеттес кесененің жобасын Әділғали Баяндин сызған. Кесене қабырғалары Маңғыстаудан әкелінген ұлутастан қаланған.

Мен осы жерде туып өстім. Әжем марқұм атаны аузынан тастамай айтып отыратын. Сол әжемнен жеткен әңгіме бойынша атаның бұрынғы кесенесі қызыл қыш кірпіштен салынған. Патша үкіметінің солақай саясатының кесірінен бұл жер қиратылған. Орнында тек шеңбер секілді салынған іргетасы мен қираған бірен-саран кірпіштер жатты. Ол кірпіштер әлі де бар. Оларды кесене ішіне кіргізіп қойдық. Бұл кірпіштердің сапалылығы соншалық, осы уақытқа дейін міні құрамай, сол күйінде сақталып тұр. Кірпіштер биенің сүтімен иленіп, отта күйдіріліп жасалған деген ақпаратты естідім. Шындық болуы әбден мүмкін, — деді шырақшы.

Кесене ішінде отырып, көңіліміз құлазыды. Себебі қабырғалардың сылақтары түсіп, нысанның тозығы жетіп тұр екен. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Шырақшы атадан «Кесенені күтіп-ұстауға қандай да бір қаржы көздері қарастырылған ба?» деп сұрадық. Ал ол болса, өзі қызмет етіп жүрген 12 жыл ішінде әкімдік тарапынан ешқандай көмектің көрсетілмегенін жеткізді.

Кесененің жағдайы жыл сайын сын көтермей барады. Барымша өз күшіммен құлаған жерін сылап, әктеп қоямын. Менің осы жерде шырақшы болып қызмет атқарып жүргеніме 12 жылдан асты. Сол уақыттан бері ешқандай күрделі жөндеу жүргізілмеді. Ауыл әкіміне, кәсіпкерлерге барып, кесенені жөндеуден өткізу бойынша өтініш айттым. Бірақ менің сөзімді елеп жатқан адам жоқ. Кесененің қас бетінің сылақтары түсіп, жазулары өшіп барады. Тарихымызға құрмет көрсетіп, батырдың әруағы үшін бұл жерді сақтап қалу ауданның атқамінер азаматтары үшін маңызды болуы керек деп ойлаймын, — деді ол.

Сыртқа шыққаннан кейін кесенені айналып, қасбетіне көңіл аудардық. Шындығында шырақшының шырылдағанындай бар екен. Кесене маңдайындағы «Көтібар – алмас қылыш, ел тірегі» атты жазуының да әріптері түсіп, қабырғаларындағы оюлары да өңіп кетіпті. Кесенені айналып, құлпытасын оқыдық. Құлпытаста «Көтібар Басенұлы Алшын елі, Әлім ұлысы, Шекті тайпасы, Қабақ руы, Қарабас аталығынан шыққан халық батыры. ХVІІІ ғасырдың аяғы ХІХ басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері, елінің тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлға (1757-1833жж)» деген жазу бар. Сонымен бірге батырдың елге белгілі үзеңгілестерінің де есімі жазылған. Олардың қатарында Сырым Датұлы, Жанқожа батыр, Жанғасқа батыр, Жәлімбет батыр, Әлібек Тұрлыбайұлы, Асау Барақұлы, Арыстан Тінәліұлы секілді ел үшін жан берген батырлар бар. Көтібар батыр алып күштің иесі, жаудан беті қайтпаған әруақты батыр болған. Жауына «Бақтыбайлап» ұрандап, ту көтеріп, өз байрағының астына өзімен жерлес батырларды біріктіре білген. Оның батырлық даңқы, еліндегі көсемдік деңгейі бүкіл Кіші жүзге, қала берді, жалпы қазаққа кеңінен жайылып, «Алмас қылыш», «Дала рыцары» деген атаққа ие болған. Оның есімі көпшілікке мектеп бағдарламасындағы «Айман-Шолпан» жырынан да жақсы таныс.

Бұл жерге тәу етіп келушілер өте көп. Атаның ұрпақтары да жетерлік. Бірақ жаны ашып, жөндеу өткізуге құлықсыз. Ақтөбе қаласынан Динара есімді бір қыз келіп, үнемі жанашырлық танытып жүреді. Сол қыз осы жылы төменде орналасқан атаның екі бөлмелі үйінің жанынан тағы да бөлме қосып, құрылыс жүргізуді жоспарлап отыр. Ол жер көп адам келіп, садақа берген уақытта тарлық етеді, — деді шырақшы.

Атаның үйі демекші, біз атаның кесенесіне көтеріліп бара жатқан жолда сол жағымызда сырты шарбақпен қоршалған шағын үйдің жанынан өткенбіз. Шырақшының айтып отырғаны әлгі үй екенін түсініп, сол үйді де көрсетуін сұрадық.

Екі бөлмелі шағын үйдің іші тап-тұйнақтай. Арнайы келіп, атаның басына түнеп, садақа берушілерге барлық жағдай жасалған. Көрпе-төсек, ыдыс-аяқ секілді қажетті заттардың бәрі бар. Мал соятын орын, қазан үй барлығы да келушілер үшін дайындалған.

Ата мазарының қасында ел аузында «Қыз әулие» аталып кеткен Несібелі ананың да бейіті бар. Сол себепті осы араға ұзақ жыл балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптылар, дертіне дауа іздеген науқастар көп келеді. Осы жылдар аралығында бір балаға зар болған отбасылардың бұл жерге келіп түнегеннен кейін сәбилі болған оқиғалары көп болды. Санын айтып тауыса алмаймын. Олар балаларын көтеріп келіп, қуаныштарымен бөлісіп жатады. Сол сәтте менің де төбем көкке жеткендей қуанамын. Келіп садақа берген жандардың қаржыларын осы жердің қажетілігіне жұмсаймын, жарығын төлеймін. Бірақ ол жетпейді. Алланың ризалығы мен атаның әруағы үшін кейде өзімнің зейнетақымнан төлеп жіберемін, — деді Жамбыл ата.

АҢЫЗҒА БЕРГІСІЗ ТАРИХ ҺӘМ ДЕРЕК

Батырдың басынан қайтқан соң, мақала дайындау барысында Көтібар батыр туралы тарихи деректерді іздеп, ғаламтор ішін ақтарып, кітап беттерін парақтадық. Қолымызға Ұзақбай Қауыстың «Ел қорғаған Көтібар» атты кітабы түсті. Аталған кітап 2000 жылы батырдың кесенесі қайта жаңғыртылып, ас берілген уақытта жинақталған екен. Кітапта батырдың шыққан тегі, дүниеге келу сәті, балалық және жастық шағы, ел үшін жасаған ерліктері шағын әңгімелермен баяндалған. Біздің назарымызды аударған қызықты деректің бірі – анасы Нарбикенің жеріктігі.

Ел ішіндегі аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Нарбике жаздың бір күні ошақтың басында от жағып отырса, үйілген отынның ішінен ірі сары бас жылан сумаңдап шыға келеді. Сол кезде Нарбике шімірікпестен: «Ойпырмай, Алла көктен іздегенімді жерден берді ғой, көптен аңсағаным сенің етің еді», — деп жыланды көсеумен басын қысып, жанып жатқан отқа қақтап, түгелдей жеп алыпты. Жылан етін жеген соң, 3 күн, 3 түн тұрмастан ұйықтап, оянған соң: «Ұйқым да, құмарым да қанды», — деген екен. Бұны көрген үлкендер: «Нарбике енді бір текті ұлды дүниеге әкеледі» деп күткен көрінеді.

Екінші дерек – Көтібар атының қойылуы. Айы-күні жеткен Нарбикені абысындары етегіне салып, босандырып алады. Дүние есігін ашқан баланың денесі ірі, жауырынының ортасында бармақтай түкті қалы бар, қасы қалың, көзі ашық болып, сол жақ уысында бір талшық қылдай қан уыстап алған екен. Бұл ерекшеліктерді байқаған анасы ауыл ақсақалы Саңырық атадан ат қойып беруін айтып, абысынын жібереді. Ақсақал: «Келін не бала туды?» -дейді саңқ етіп. Сонда абысыны: «Көті бар бала туды», — дейді сасқалақтап. Сонда ақсақал тұрып: «Құдай ауызыңа салған шығар, аты Көтібар болсын! Бұл ердің ері, жігіттің жігіті болады. Жауырынында түкті қалы болса, дұшпаны қарсы келмес батыр болады. Ал уысында қаны болса, заманында қантөгіс көп болатын шығар. Аты Көтібар болсын», — деп тұжырым жасапты. Бабаның сол айтқанының барлығы Көтібар батырдың өмірі мен жасаған іс-әрекеттерінде кездескен деседі. Көтібар батыр туралы, оның ерліктері жайында тарихи дерек жетерлік. Ол туралы Қазақстан энциклопедиясының алтыншы томындағы мақалада толық жазылған.

Көтібар батырдың егемендікті аңсаған, сол үшін өз халқын отаршылдықтан құтқаруға барын салған жан екені айқын баяндалған. Елек пен Жайық өзендерінің бойын жайлаған Кіші жүз халықтарын қорғап, олардың жайылымдық жерлерін тартып алуға ұмтылғандарға тойтарыс беріп, патша өкіметіне бірнеше мәрте ресми түрде хат жолдаған. Ұсынысын қабыл алмаған өкіметке қарсы шығып, қарулы көтеріліс жасауға мәжбүр болған.

Көтібар Бәсенұлы 1 780- 1 785 жылдары шағын топпен Жайық, Елек, Ор, Жем өзендерінің бойындағы қазақтарға тырнағы бат-қан казактардың бекіністеріне бірнеше мәр-те шабуыл жасаған. Ресей, Хиуа, Бұқар, Қоқан хандықтарына бара жатқан керуендерді тонап, одан түскен дүние-мүлікті елге таратып берген. Сонымен бірге Жайықтың шығыс жағалауына патшаның жаңадан салған «Меновой двор» деген қамалына да шабуыл жасап, орыс солдаттарының елді тонап, айдап кеткен малдарын түгел қайтарып, қамал бастығын шауып өлтірген. Көтібар батырдың өлімі туралы да түрлі деректер көп. Бір деректерде оны шайқас алаңында қаза тапты десе, кейбір деректерде арандатудың құрбаны болғаны айтылады. Төлеш Сүлейменовтың «Сегіз сері» кітабында «Жанғасқа батырдың ауылында өзіне арнап тігілген ордада жалғыз ұйықтап жатқан жерінде патша өкіметінің жалдамалы жендеттері шауып өлтіреді. Олар басын кесіп алып кетпекші болып жатқанда қолға түседі. Сол сәтті Жанғасқаның жігіттері ашу үстінде жендеттерді өлтіріп алады» делінген. Тағы бір деректерде Ресей шенеуніктері Көтібар батырдың басына көп ақша тігіп, адам жалдаған деп те айтылады.

АТАДАН АСЫП ТУҒАН ҰЛ

Есет Көтібарұлы – Көтібар батырдың Есет Тама батырдың басына түнеп, Алладан сұрап алған ұлы. Оның есімі мен батырлығы тек қана қазақ халқына емес, әлем халықтары үшін де жақсы таныс. 1856-1861 жылдары Ресей сыртқы істер министрлігі Азия департаментінің директоры болған Е.П.Ковалевский 1839-1840 жылдары Хиуаға сапары кезінде Есет Көтібарұлымен кездескен сәтін былайша суреттейді: «Арал маңындағы Кіші жүз қазақтарының кейбір топтарынан құрылған отаршылдыққа қарсы қозғалысты басқаруынан бұрын Есет Көтібаровты сайын дала торабынан кездестірдім. Есет Геркулес сияқты атлетикалық дене бітімді, сұлу келбетті, ісәрекеттері кез келген еуропалықты таңқалдыратындай және бұл қасиеттері отандастарына қатты әсерін тигізген».

XIX ғасырдағы қазақ даласын еуропалықтарға алғашқы рет таныстырған поляктың демократреволюционері, суретші Бронислав Залесский 1865 жылы Парижде француз тілінде шығарған «Қазақ сахарасына саяхат» деген кітабында былай деп жазған: «Мен бір күнімді Есет Көтібаров деген қырғызбен өткіздім. Ол осы замандағы қазақ даласына танымал ерекше тұлға… ол көсем болып қалды… және қазының міндетін атқарды». Б.Залесский осы сапарында қара қарындашпен Есеттің суретін салып алған. Есет сол заманда Еуропада, Ресейде суретке түсірілген, ол суреттері кезінде газет-журналдарда жарық көрген санаулыадамдардың бірі болған. Ресейден табылған ақпарат құралдарында Кіші жүзде Есеттің аты 40-жылдарда өлтірілген отандасы Кенесарының немесе Кавказдағы Шамильдің атындай қаһарлы болғандығы және оның ұзын бойлы, селдір қара сақалды, мұртты, оның жүзінен қайырымдылық пен сергектік, тұнық әрі сабырлы көздерінен терең ой, ақылдылық, салмақпен айтқан әңгімелерінен оның қазақ болмысын терең білетіндігі және кең парасаттылығы байқалатындығы туралы жазылған. Соңғы жылдары табылған тағы бір дерек шығыстанушы С.Өтенияз Ұлыбританияның Лондон ұлттық кітапханасының сирек кітаптар қорынан 1865 жылы ағылшын тілінде жарық көрген қазақ даласы жайлы кітаптың көшірмесін алып келген. Осы кітаптың 33 беті Есет батырға арналған.

Түйін

ИӘ, БҰЛ БІЗДІҢ ТАРИХ. ТАРИХТЫ БІЛУ – ПАРЫЗ. ОСЫНЫҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ ҮШІН ДЕ РЕДАКЦИЯ ҰЖЫМЫНЫҢ ҚОЛҒА АЛҒАН «МҰҒАЛЖАР» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ» ЖОБАСЫ ӘЛІ ДЕ ЖАЛҒАСПАҚ. МАҚСАТЫ АЙҚЫН ЖОБАНЫҢ СІЗДЕРГЕ ҰСЫНАР ТАРИХИ ТАҚЫРЫПТАРЫ ӘЛІ АЛДА… КҮТІҢІЗ, ОҚЫРМАН!

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Pfizer Омикрон штамына қарсы 100 млн вакцина өндірмек

admin_mugalzhar

Белгілі журналист Бейсен Құранбек дүниеден өтті

admin_mugalzhar

Еліміздің екі облысында үсік жүреді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.