«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАҚСАТ – ЖҰМЫССЫЗ ЖАНДЫ ҚОЛДАУ

«МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНІҢ ИНСТА ПАРАҚШАСЫНДА ӨТКЕН ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕГІ «МАМАН МІНБЕРІ» АЙДАРЫНДА МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НӘТИЖЕЛІЖҰМЫСПЕН ҚАМТУЖӘНЕ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ 2017-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ШАҒЫН НЕСИЕ ЖӘНЕГРАНТТАР АЛУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ МАМАНЫ НАЗЕРКЕ ТЕГИСОВАМЕН СҰХБАТТАСҚАН БОЛАТЫНБЫЗ. ОНЛАЙН-КЕЗДЕСУ БАРЫСЫНДА ОРТАЛЫҚ МАМАНЫ ХАЛЫҚТЫ ЕҢБЕКПЕН ҚАМТУМАҚСАТЫНДА ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР МЕН МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРҒА КӘСІП АШУҒА КӨМЕКТЕСУГЕ, ӘЛЕУМЕТТІК АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН БАҒДАРЛАМАНЫҢ ҰСЫНАТЫН МҮМКІНДІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫРЫП, ОҚЫРМАН СҰРАҚТАРЫНА ЖАУАП БЕРДІ. ТӨМЕНДЕТІКЕЛЕЙ ЭФИР ҚОНАҒЫМЕН БОЛҒАН СҰХБАТ БАРЫСЫНДА ҚОЙЫЛҒАН СҰРАҚТАР МЕН БЕРІЛГЕН ЖАУАПТАРДЫҢ ҚЫСҚАША ЖАЗБА НҰСҚАСЫН НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНЫП ОТЫРМЫЗ.

— Жалпы кәсіпкерлік мақсатта берілетін грант пен қайтарымсыз несиенің қандай түрлері бар? Берілетін қаржы көлемінде өткен жылмен салыстырғанда өзгерістер бар ма?

— «Еңбек» бағдарламасы жұмыссыз жандарды қолдауға арналған. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қайтарымсыз несиелер мен гранттар үздіксіз, тұрақты түрде бөлініп келеді. Мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі. Грант көлемі өткен жылы 555 600 теңге көлемінде болған болса, биыл 583 400 теңге көлемін құрап отыр. Жалпы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында берілетін қайтарымсыз гранттан бөлек шағын несие де беріледі. Ол 6 пайыздық көрсеткішпен тағайындалады. Ол үшін міндетті түрде кепілдемеңіз болуы шарт. Бұл да үлкен мүмкіндік. Кәсібін енді бастағандарға 5 жылға 6 млн теңге берілетін болса, мал шаруашылығымен айналысатын және кәсібі 3 жылдан асқан кәсіпкерлерге 30 млн теңгеге дейін несие қарастырылады.

— Грантқа қатысу үшін қандай құжаттар тапсыру қажет?

— Грантқа құжат тапсыру үшін ең алдымен, жұмыссыз болу керек. Сонымен қатар қысқа мерзімді курсты аяқтағаны жөнінде сертификат немесе «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік оқуын аяқтағаны туралы анықтама, жеке бас куәлігі, грантқа қатысуға өтініш, бұрын грантқа қатыспағаны жөнінде қолхат жинақталады.

— Жұмыссыз ретінде қанша уақыт тіркеуде болу қажет?

— Кемінде 6 ай жұмыссыз ретінде тіркелу керек. Сонда ғана ол грантқа қатысуға толық мүмкіндік ала алады. Осы жерде айта кету керек, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының иелері «Еңбек» бағдарламасы аясындағы бұл шараларға қатыса алмайды. Егер қатысушы кәсіпкер болатын болса, бастаған кәсібінің уақыты 1 жылға жетпеуі керек. Ал 1 жылдан асқан болса, ол грантқа қатыса алмайды. Міне, аталмыш бағдарламаның осындай өзіндік ережелері бар.

— Грант тағайындалған тұлғаларға тексеріс қалай жүреді?

— Жалпы 2018-2019 жылдары тағайындалған қайтарымсыз гранттарды «Атамекен» өңірлік палатасы тексеріп отырды. 2020 жылдан бастап тексеріс жүргізу Жұмыспен қамту орталығына берілді. Мәселен, жұмыссыз адам мал шаруашылығымен айналысуға қайтарымсыз грант алған болса, малдың өз иесіне тіркелуі туралы барлық құжаттары, сондай-ақ, белгілі бір техникалар алған болса, түбіртектері болуы керек.

— Жалпы қаржы беруші оператор кімдер?

— Қаржы тағайындаушы ретінде Жұмыспен қамту орталығы ұсыныс тастайды. Әрі қарай қаржы республикалық және жергілікті бюджеттерден қарастырылады.

— Бағдарлама негізінде өткен жылы және биылғы жылдың үш айында қанша адам қайтарымсыз грант пен несие алды?

— 2020 жылы «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік курсын 87 мұғалжарлық оқып бітіріп, 67 адам қайтарымсыз грантқа ие болды. Жалпы «Еңбек» бағдарламасы бойынша және «Бастау Бизнес» жобаларымен 103 адам грант ұтып алып, өз кәсіптерін бастап кетті. Сонымен қатар 8 адам 6 пайыздық шағын несие алған болатын. Ал биылғы жылдың 3 айының көрсеткіші бойынша, 500-ге жуық адам «Бастау Бизнес» жобасына тіркелді. Оқу сәуір айының 10- да басталады. Ал грант мамыр айында беріле бастайды.

— Гранттық қаржыны мақсатты пайдаланбаған жағдайда немесе басқа мақсатта пайдаланса не болады?

— Қаржыны мақсатты пайдаланбаған жағдайда грант алушы заң жүзінде жауапқа тартылады. Грант алғаннан кейін келісім-шарт бойынша 3 ай ішінде өз құжаттарын толық тапсырып болуы керек. Кейбір жағдайларды ескертсе, мәселен, шекаралас мемлекеттерден өз шикізаттарын алдыртып, ол кешігіп жатса, онда келісім-шарт құжаттары 12 айға дейін созылады.

— Жұмыспен қамту орталығы ұсынатын қысқа мерзімді курстарда қандай кәсіптерді, мамандықтарды игеріп шығуға болады? Курсты аяқтағаннан кейін арнайы берілген сертификаттарымен жұмысқа тұрып кетуге мүмкіндік бар ма?

— Биылғы жылға жоспар бойынша 80 адам қысқа мерзімдік курс оқитын болады. Іріктелген тұлғалар оқуды аяқтап, үлгермегендері өз кезектерін күтеді. Әйел адамдар тігін, аспаздық, сұлулық салаларында оқыса, ер адамдарға дөңгелек жөндеу, дәнекерлеу тәрізді курстар бар. Бүгінгі таңда әйел адамдар тігіншілікке оқып жатыр, қалғандары енді бастайды. Берілген сертификаттар 2020 жылдан бастап 3 жылға жарамды болып бекітілді.

— Ауданда грантқа тапсырылған жобалардың ішінде ұтымды деп қай жобаны айтар едіңіз?

— Өзім осы салада жүргелі ауданда тапсырылған жобалардың ішінде ең ұтымды жоба деп эко қуыршақтарға арналған жобаны айтар едім. Бұл — бала денсаулығына да, нарыққа да пайдалы бизнесжоба болды. Одан бөлек қазіргі таңда массаждық бөлме, ағаштан жасалатын қолөнер бұйымдары көп қолдау тауып отыр. Ал өткен жылы еліміздегі ахуалға байланысты сән саласына және аспаздыққа қатысты жобалар сәтсіздікке ұшырады. Бір оқиға есіме түсіп отыр, базарда 10 жыл бойы балық сатып жүрген апай қайтарымсыз грант туралы естіп, қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарын оқып, сол жердегі бизнес тренерлердің нұсқауымен жартылай дайындалған халал өнімдер жобасын жасап, қайтарымсыз грант ұтып алған болатын. Қазіргі кезде базардағы жұмысынан бөлек, дүкендерге өз өнімдерін таратушы ретінде кәсібін дөңгелетіп отыр. Міне, жұмыссыз жанды қолдауға арналған «Еңбек» бағдарламасы осы тәрізді көптеген мүмкіндіктерге жол ашып, қаншама адамның өз өмірін өзгертуіне себепші болды!

Тікелей эфирді жүргізген А.АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ШЫҢЫРАУДА ШЫҢДАЛҒАН КЕНШІ

admin_mugalzhar

Н.ҚОБЛАНОВ: «НАМЫС ДОДА» БАҒДАРЛАМАСЫ — ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТІМ

admin_mugalzhar

ТАХИР АТАНЫҢ БАҒЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.