Ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланды

0
164

Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында облыстық ардагерлер кеңесінің пленум отырысы өтті. Онда облыстық ардагерлер кеңесінің жаңа төрағасы сайланды.

Отырысқа облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері қатысты.

Басқосуда Мейрамбек Шермағанбет осыған дейін облыстық ардагерлер кеңесін басқарып келген Кеңес Бірмановқа облыс әкімінің ризашылығын жеткізіп, Алғыс хатын табыстады. Құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты.

— Кеңес Баймұханұлы ардагерлер кеңесін 17 жыл басқарды. Осы уақыт аралығында ол облыстағы 80 мыңнан астам ардагердің басын қосып, өңірдің дамуына, қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығына, облыстағы бірқатар маңызды мәселелердің шешілуіне үлкен үлес қосты. Кеңес ағаға ерекше алғысымызды айта отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз, — деді ол.

Отырыста төралқа мүшелері Қуандық Әлішев, Қажымұқан Сәтенов, Алтай Тайжановтар сөз сөйлеп, ұзақ жылдар бойы өз қызметін абыройлы атқарып, жас ұрпаққа жол сілтей білген Кеңес Баймұханұлына ақ жол тілеп, ризашылықтарын жеткізді.

Бұдан кейін төралқа мүшелері бірауыздан дауыс беріп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы етіп Серік Шаңғұтовты сайлады.

Айта кету керек, Серік Шаңғұтов ұзақ жылдар бойы Мұғалжар ауданында комсомол комитетінің хатшысы, атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімі қызметтерін атқарған. Облыстық мәслихаттың депутаты болған. Қазір зейнеткер

лік демалыста.

Жиында Серік Шаңғұтов өзіне сенім білдіріп, жаңа лауазымға сайлаған төралқа мүшелеріне алғысын айтып, төрағалық қызметін абыройлы, табысты атқаруға сөз берді.   — Менің басты мақсатым — ардагерлерге жағдай жасау, облыстағы жастармен кездесулер өткізу, өңірдегі экономикалық-әлеуметтік, саяси мәселелердің шешілуіне атсалысу, аудандардағы, елді мекендердегі ақсақалдармен тығыз байланыс орнату. Қазіргі таңда өңірде 80 мыңнан астам ардагер бар. Міне, алдағы уақытта осы ардагерлермен жүздесіп, жан-жақты жұмыс жасайтын боламыз, — деді С.Шаңғұтов.

Данагүл ҚАЗИХАН, “Ақтөбе” газеті.