Аспан есік ашқан күн

0
338
Бала кезімізде бәріміз де қиялшыл болдық. Өзіміз жерде, көзіміз көкте жүретін албырт шақтардың арманы десейші! «Өскенде кім боласың?» деген мұғалімдердің сұрағына біразымыздың «космонавт боламын» деп жауап бергеніміз бар. Өйткені, біз Юрий Гагарин атындағы мектеп-интернаттың шәкірттері едік. Ал, бірақ, әрі кетсе, «Ту-134»-ке мінгеніміз болмаса, туабітті маңдайымыздың жазуынан шығар, ешқайсымыз ғарышқа ұшқан жоқпыз.
Ғарышқа ұшуды қанша қиялдағаныңмен, оған үміткердің жеке психологиялық және физикалық дайындығымен қоса, мақсатты бағдарламасы болуы шарт екен. Біз оны қайдан білеміз?
Адамзаттың ғарышқа ұшу деген талпынысы біздің бала күнгі арманымыз секілді сонау ғасырларда-ақ қалыптасыпты. Алайда, адам ол арманына 1957 жылы ғана қол созды. Осы жылы 4 қазанда іргесі қаланған «Байқоңыр» ға­рыш алаңынан тұңғыш ғарыш зымыраны ұшырылды. Ол – дүние жүзіндегі ең бірінші жер­дің жасанды серігі болатын.
Күрең басын түрен ойлар­дың тұрағы қылып, тынымсыз ізденген ғалымдар ақыры жер шары орбитасына адам ба­ла­сының шыға алатынын дә­лел­деді. Байқоңырдан 1961 жыл­дың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Алексеевич Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа жол тартты.
Осы тұста мына бір ғажапты айтпай кету айып. Аспанға қа­раңызшы, ашық емес пе, түпсіз ашық қой. Анау бұлттар ма, өзі желдің жетегіне ерген бұлттар кімге кедергі бола алады? Ен­деше, астроном ғалымдар қан­ша жыл бойы «аспан есігін» із­деп неге әуре болған?
Шынында, аспан біз ойла­ғандай түпсіз ашық емес екен. Қазақта «жеті қат көк» дейтін сөз бар, онысы – аспанның же­ті қабаттан тұратынын айтқа­ны. Демек, жер ғарыштың толып жатқан тас денелерінен жа­ратылыс құдіретімен әу бас­та қорғалған.
«Біз оларға аспан есіктерін ашуға мүмкіндік бергенде, олар оған көтеріледі. Сосын «Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім бай­ланды ма?» дейді…»
О, тоба, дін өкілдері қа­сиетті Құранның «Хижр» сүре­сінде дәл осындай Алла сөзінің бар екенін айтып отыр. Шынында, Юрий Гагарин көкке көтерілгенде ғарыш кемесінің дөңгелек әйнегінен қарап тұ­рып: «Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім байланды ма?» – деген екен. Оның бұл сөзі ғарыш кемесінің дыбыс жазғышында сақталыпты. Гагариннің Құран­ды оқымағаны анық, оның заманы ондай мүмкіндік те берген жоқ. Ендеше, ол Құрандағы сөзді қалайша дәлме-дәл қай­талаған? Мұның жауабы біреу – Құдіреті күшті Ие бұл оқи­ғаның қашан, қай жерде болатынын, кімнің не айтатынын да сөзсіз жақсы білген.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы қа­зақ жерінде тұрса да, көк жү­зіне бір қазақтың көктеп ұшуы халқымыз үшін арман күйінде қала берген-ді. Мұның астарында саяси, тіпті шовинистік пиғылдардың болғаны белгілі. Осы сең еліміз тәуелсіздік алар мезгілдің сәл-ақ алдында бұ­зылды. 1991 жылы 2 қазан күні, Гагарин сапарынан отыз жылдан кейін қазақ баласы үшін аспан есігі ашылды. Тұң­ғыш ғарышкер, қазақ тарихына алтын әріппен жазылған есім – Тоқтар Әубәкіров.
Ғарышқа ұшуға Кеңес Ода­­ғының батыры Тоқтар Әу­бә­­кіровке бірнеше мәрте ұсы­ныс жасалыпты. Бірақ, ол кісі ұсы­нысты қабыл ала қой­маған. Сол кезде Қазақ ССР-нің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев батырды жеке қа­былдауына шақырып: «Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Ғарышқа халқың үшін ұш!» дейді.
Батырдың намысын жаны­ған «халқың үшін» деген сөз оны айға алып ұшады. Шынында, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров қазақтың ғана емес, күллі түркі халықтарының тұң­ғыш ғарышкері саналады. 2001 жылы Түркияның Ыстамбұл қа­ласында оған «Тү­ріктің тұңғыш ғарышкері» атағы берілді.
Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевқа ғарышқа үш рет ұшу бақыты бұйырыпты. Ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» ке­месімен ғарышта 126 күн болды. Екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерекше ерлік көрсетті. Ол ғарыш кемесінен ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осындай көрсеткішімен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшты. Бұл жолы «Союз ТМ-32» кемесімен 8 күн ғарышта болды. Талғат Амангелдіұлының жалпы ға­рышта болған уақыты 341 күн 9 сағат 48 минут. Осылай­ша, Қа­зақстан ғарышта болған мер­зімі жөнінен дүниежүзінде үшінші орынды иемденген.
Қос қазақ ғарышкерінің жұл­дызды жолын 2015 жылы 2 қыр­күйекте Айдын Айымбетов жал­ғастырды.
Әлемде 200-ден астам мем­лекет болса, солардың қата­рында ғарышқа өз перзентін ұшырған елдерді саусақпен санай аласыз. Ал, дүниежүзінде өз ұлтынан үш немесе одан да көп азаматы ғарышқа кө­терілген 9 ғана мемлекет бол­са, қазақ елі де үш қаһар­ма­нымыздың ар­қасында сол сапқа енді.
Ғарышкерлер Чарльз Симони, Деннис Тито, Ричард Гэрриот секілді миллиондап ақ­ша төлеп саяхаттайтын турист емес, олардың ұшу сапа­рын­дағы міндеті өте күрделі, хал­қына, тіпті тұтас адамзатқа пайдалы сапар.
Мәселен, Тоқтар Әубәкір­ов биотехнология, металлур­­­гия, медицина салалары жә­не Арал аймағы бойын­ша ғы­лы­ми-зерттеу жұмыста­рын жүр­гізген. Зерттеу нәтиже­сін­де Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үде­­рісі, сол зиянды аэрозол­дар­­дың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ға­рыштық суреттері алынған. Осылайша, қазақ ұлы жай саяхатшы емес, қазақтан шыққан тұңғыш зерттеуші ғарышкер еке­нін күллі әлем алдында дә­лелдеді.
Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті-Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев «Қазақстан жолы» кітабында тәуелсіздік тарихы Қазақстанның ғарышкерлік тарихынан басталатынын айтқан еді. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсімінде Елбасы: «Біз 1991 жылы тамызда «Байқоңыр» ға­рыш айлағын Қазақстанның мен­шігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарыш­қа аттанды. Небәрі 2 айдан соң жел­тоқсанда Қазақстан тә­у­елсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да, еліміз аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды», – деген болатын.
Осы сөздің нақты көрініс­терін бүгінгі еліміздің келбе­тінен тануға болады.
Қазақ елі өзінің отызжыл­­дық белесінде қаншама қи­ын істердің түйінін шешіп, әлем­­дік деңгейдегі биіктер­ді ба­ғындырды. Әрине, бұл жетіс­тік­терде ғарышкерле­ріміздің де үлесі мол.
«Байқоңырдан» күннің, ай­дың, Шолпанның, Марстың ал­ғашқы жасанды серіктері – «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кеме­ері, «Салют», «Мир» орбиталық станция­ла­ры, жұмыстар жүр­гізуге ар­­нал­­ған «Протон», «Зонд», «Прог­ноз», бай­ла­ныс мақсаты үшін пай­­дала­ны­латын және метео­роло­гия­лық бақылаулар жүр­гізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Ме­теор», т.б. жердің жасанды се­рік­тері ұшырылды.
Осының бәрі – адамзат игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс.
Биылғы сәуірде адамзаттың ғарыш сапарына 60 жыл толды. Осы мерейлі күнді Қазақ елі де қуанышпен атап өтуде. «Байқоңырдың» 2050 жылға де­йін Ресейге жалға берілгенін бәріміз білеміз. Неге? Одан кейін ше? «Ресей Байқоңырдан бас тартса, оны ұстап тұруға қауқарлымыз ба?» деген сұрақ туады. Әрине, бүгінде еліміз бойынша ғарыш саласында маман даярлауға көңіл аударылып, Ресейден бөлек Франция, Израиль, Үндістан елдерімен үкіметаралық келісімге қол қо­йылуда. Италия, Корея, Жа­по­ния, Украинаның ғарыш агент­тіктерімен бірлесе жұмыс жа­сауға келіссөздер жүргізген. Демек, Байқоңырдың мүмкін­дігін өзгелер де пайдалануға ниетті.
Қазір елімізде «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппа­раттарының топтамасы құры­лып, еліміз «KazSat» спут­ник­тік байланыс пен хабар та­ратудың ғарыштық жүйесінің толыққанды иесі атанды. Оның құрамына ғарыш аппараттарын жерден басқару кешені мен байланысты бақылау жүйесі – «Ақкөл» ғарыш байланысының орталығы және Алматы қаласы маңындағы қосымша жерден басқару кешені – «Көктерек» ғарыш байланысының орта­лығы кіреді.
Демек, «Байқоңыр» Ресейге жалға берілгенмен, еліміздің бұл саладағы атқарып жатқан жұмыстары ауқымды, алға қо­йып отырған мақсаты айқын.
«Байқоңыр» – аспан қақпасы, Қазақ елінің қазы­насы, оның игіліктерін көріп келеміз, көре де береміз деп білемін.
Дүйсенбек Аяшұлы

syrboyi.kz