Бала кезімізде бәріміз де қиялшыл болдық. Өзіміз жерде, көзіміз көкте жүретін албырт шақтардың арманы десейші! «Өскенде кім боласың?» деген мұғалімдердің сұрағына біразымыздың «космонавт боламын» деп жауап бергеніміз бар. Өйткені, біз Юрий Гагарин атындағы мектеп-интернаттың шәкірттері едік. Ал, бірақ, әрі кетсе, «Ту-134»-ке мінгеніміз болмаса, туабітті маңдайымыздың жазуынан шығар, ешқайсымыз ғарышқа ұшқан жоқпыз.
Ғарышқа ұшуды қанша қиялдағаныңмен, оған үміткердің жеке психологиялық және физикалық дайындығымен қоса, мақсатты бағдарламасы болуы шарт екен. Біз оны қайдан білеміз?
Адамзаттың ғарышқа ұшу деген талпынысы біздің бала күнгі арманымыз секілді сонау ғасырларда-ақ қалыптасыпты. Алайда, адам ол арманына 1957 жылы ғана қол созды. Осы жылы 4 қазанда іргесі қаланған «Байқоңыр» ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш зымыраны ұшырылды. Ол – дүние жүзіндегі ең бірінші жердің жасанды серігі болатын.
Күрең басын түрен ойлардың тұрағы қылып, тынымсыз ізденген ғалымдар ақыры жер шары орбитасына адам баласының шыға алатынын дәлелдеді. Байқоңырдан 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Юрий Алексеевич Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа жол тартты.
Осы тұста мына бір ғажапты айтпай кету айып. Аспанға қараңызшы, ашық емес пе, түпсіз ашық қой. Анау бұлттар ма, өзі желдің жетегіне ерген бұлттар кімге кедергі бола алады? Ендеше, астроном ғалымдар қанша жыл бойы «аспан есігін» іздеп неге әуре болған?
Шынында, аспан біз ойлағандай түпсіз ашық емес екен. Қазақта «жеті қат көк» дейтін сөз бар, онысы – аспанның жеті қабаттан тұратынын айтқаны. Демек, жер ғарыштың толып жатқан тас денелерінен жаратылыс құдіретімен әу баста қорғалған.
«Біз оларға аспан есіктерін ашуға мүмкіндік бергенде, олар оған көтеріледі. Сосын «Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім байланды ма?» дейді…»
О, тоба, дін өкілдері қасиетті Құранның «Хижр» сүресінде дәл осындай Алла сөзінің бар екенін айтып отыр. Шынында, Юрий Гагарин көкке көтерілгенде ғарыш кемесінің дөңгелек әйнегінен қарап тұрып: «Мен не көріп тұрмын? Бұл түс емес пе? Әлде менің көзім байланды ма?» – деген екен. Оның бұл сөзі ғарыш кемесінің дыбыс жазғышында сақталыпты. Гагариннің Құранды оқымағаны анық, оның заманы ондай мүмкіндік те берген жоқ. Ендеше, ол Құрандағы сөзді қалайша дәлме-дәл қайталаған? Мұның жауабы біреу – Құдіреті күшті Ие бұл оқиғаның қашан, қай жерде болатынын, кімнің не айтатынын да сөзсіз жақсы білген.
«Байқоңыр» ғарыш айлағы қазақ жерінде тұрса да, көк жүзіне бір қазақтың көктеп ұшуы халқымыз үшін арман күйінде қала берген-ді. Мұның астарында саяси, тіпті шовинистік пиғылдардың болғаны белгілі. Осы сең еліміз тәуелсіздік алар мезгілдің сәл-ақ алдында бұзылды. 1991 жылы 2 қазан күні, Гагарин сапарынан отыз жылдан кейін қазақ баласы үшін аспан есігі ашылды. Тұңғыш ғарышкер, қазақ тарихына алтын әріппен жазылған есім – Тоқтар Әубәкіров.
Ғарышқа ұшуға Кеңес Одағының батыры Тоқтар Әубәкіровке бірнеше мәрте ұсыныс жасалыпты. Бірақ, ол кісі ұсынысты қабыл ала қоймаған. Сол кезде Қазақ ССР-нің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев батырды жеке қабылдауына шақырып: «Тоқтар, халқымыз бұл күнді 30 жыл күтті. Ғарышқа халқың үшін ұш!» дейді.
Батырдың намысын жаныған «халқың үшін» деген сөз оны айға алып ұшады. Шынында, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров қазақтың ғана емес, күллі түркі халықтарының тұңғыш ғарышкері саналады. 2001 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында оған «Түріктің тұңғыш ғарышкері» атағы берілді.
Екінші ғарышкеріміз Талғат Мұсабаевқа ғарышқа үш рет ұшу бақыты бұйырыпты. Ол 1994 жылы «Союз ТМ-19» кемесімен ғарышта 126 күн болды. Екінші рет «Союз ТМ-27» кемесімен ұшқанда ғарышта 208 күн болып, ерекше ерлік көрсетті. Ол ғарыш кемесінен ашық ғарыш кеңістігіне бес рет шығып, 30 сағат 8 минут аспан аясында қалықтады. Осындай көрсеткішімен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген Т.Мұсабаев 2001 жылы тағы бір мәрте ғарышқа ұшты. Бұл жолы «Союз ТМ-32» кемесімен 8 күн ғарышта болды. Талғат Амангелдіұлының жалпы ғарышта болған уақыты 341 күн 9 сағат 48 минут. Осылайша, Қазақстан ғарышта болған мерзімі жөнінен дүниежүзінде үшінші орынды иемденген.
Қос қазақ ғарышкерінің жұлдызды жолын 2015 жылы 2 қыркүйекте Айдын Айымбетов жалғастырды.
Әлемде 200-ден астам мемлекет болса, солардың қатарында ғарышқа өз перзентін ұшырған елдерді саусақпен санай аласыз. Ал, дүниежүзінде өз ұлтынан үш немесе одан да көп азаматы ғарышқа көтерілген 9 ғана мемлекет болса, қазақ елі де үш қаһарманымыздың арқасында сол сапқа енді.
Ғарышкерлер Чарльз Симони, Деннис Тито, Ричард Гэрриот секілді миллиондап ақша төлеп саяхаттайтын турист емес, олардың ұшу сапарындағы міндеті өте күрделі, халқына, тіпті тұтас адамзатқа пайдалы сапар.
Мәселен, Тоқтар Әубәкіров биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу үдерісі, сол зиянды аэрозолдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынған. Осылайша, қазақ ұлы жай саяхатшы емес, қазақтан шыққан тұңғыш зерттеуші ғарышкер екенін күллі әлем алдында дәлелдеді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жолы» кітабында тәуелсіздік тарихы Қазақстанның ғарышкерлік тарихынан басталатынын айтқан еді. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовті марапаттау рәсімінде Елбасы: «Біз 1991 жылы тамызда «Байқоңыр» ғарыш айлағын Қазақстанның меншігіне алдық. Қазан айында алғашқы қазақ ғарышқа аттанды. Небәрі 2 айдан соң желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін жариялады. Халық бұл оқиғаны тәуелсіздігіміздің ғарыш кеңістігіндей шексіз, мәңгілік болуы деп бағалады. Расында да, еліміз аз ғана жылда гүлденген, қуатты ғарыштық мемлекетке айналды», – деген болатын.
Осы сөздің нақты көріністерін бүгінгі еліміздің келбетінен тануға болады.
Қазақ елі өзінің отызжылдық белесінде қаншама қиын істердің түйінін шешіп, әлемдік деңгейдегі биіктерді бағындырды. Әрине, бұл жетістіктерде ғарышкерлеріміздің де үлесі мол.
«Байқоңырдан» күннің, айдың, Шолпанның, Марстың алғашқы жасанды серіктері – «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемеері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор», т.б. жердің жасанды серіктері ұшырылды.
Осының бәрі – адамзат игілігі үшін жасалып жатқан жұмыс.
Биылғы сәуірде адамзаттың ғарыш сапарына 60 жыл толды. Осы мерейлі күнді Қазақ елі де қуанышпен атап өтуде. «Байқоңырдың» 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілгенін бәріміз білеміз. Неге? Одан кейін ше? «Ресей Байқоңырдан бас тартса, оны ұстап тұруға қауқарлымыз ба?» деген сұрақ туады. Әрине, бүгінде еліміз бойынша ғарыш саласында маман даярлауға көңіл аударылып, Ресейден бөлек Франция, Израиль, Үндістан елдерімен үкіметаралық келісімге қол қойылуда. Италия, Корея, Жапония, Украинаның ғарыш агенттіктерімен бірлесе жұмыс жасауға келіссөздер жүргізген. Демек, Байқоңырдың мүмкіндігін өзгелер де пайдалануға ниетті.
Қазір елімізде «KazSat-2» және «KazSat-3» ғарыш аппараттарының топтамасы құрылып, еліміз «KazSat» спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесінің толыққанды иесі атанды. Оның құрамына ғарыш аппараттарын жерден басқару кешені мен байланысты бақылау жүйесі – «Ақкөл» ғарыш байланысының орталығы және Алматы қаласы маңындағы қосымша жерден басқару кешені – «Көктерек» ғарыш байланысының орталығы кіреді.
Демек, «Байқоңыр» Ресейге жалға берілгенмен, еліміздің бұл саладағы атқарып жатқан жұмыстары ауқымды, алға қойып отырған мақсаты айқын.
«Байқоңыр» – аспан қақпасы, Қазақ елінің қазынасы, оның игіліктерін көріп келеміз, көре де береміз деп білемін.
Дүйсенбек Аяшұлы