Дәулет Тұрлыханов UWW Asia президенті болып қайта сайланды

0
345

Дәулет Тұрлыханов UWW Asia (Біріккен күрес әлемі – Азия) президенті болып қайта сайланды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ұйым сайтына сілтеме жасап.

“Алматыда 2021 жылғы азиялық күрес кеңесінің Бас Ассамблеясы өтті. Оған Біріккен күрес әлемінің президенті Ненад Лалович, Біріккен күрес әлемінің вице-президенттері Михаил Маиашвили мен Ахролджан Рузиев, Біріккен күрес әлемі бюросының мүшесі Замел әл-Шахрани қатысты. (…)

Атқарушы комитеттің жаңа мүшелері шешімімен Дәулет Тұрлыханов (Қазақстан) президенттіктің екінші төрт жылдық мерзіміне қайта сайланды. Ал Кеннет Ли (Корея) Біріккен күрес әлемі – Азияның вице-президенті болып тағайындалды”, – делінген хабарламада.

Дәулет Болатұлы Тұрлыханов – кеңес және қазақстандық грек-рим күресшісі, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері (1989), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы.

1989 жылғы әлем чемпионы және 1993 жылғы әлем вице-чемпионы, 1988 жылғы Еуропа және 1995 жылғы Азия чемпионы. Олимпиада ойындарының күміс (1988) және қола (1992) жүлдегері. 1996 жылғы Олимпиадада төртінші орын алған. КСРО-ның сегіз дүркін чемпионы.