ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ МАХАББАТ КҮНІ ТОЙЛАНЫП ЖҮР МЕ?

0
390

15 сәуір – “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” күні

Бір кездері жастар арасында кеңінен аталып өтетін “Әулие Валентин” күнін жас буынның санасынан алыстату мақсатында, ұлттық әдебиетіміздегі махаббаттарын үлгі етер ғашықтардың есімдерін ұлықтап, қазақилығымызды насихаттау үшін 15 сәуір – “Қозы Көрпеш-Баян сұлу” күні болып аталған еді. Кейінгі жылдары жастар арасында бұл мерекенің тойлануы кең тарап, қоғамға сіңіп келеді.

Мәселен, Мұғалжар аудандық жастар ресурстық орталығы Қозы Көрпеш-Баян сұлу күніне орай “Love Story” байқауын жариялап отыр.

– Төл мәдениетіміз бен әдебиетіміздің кейіпкерлерін ұлықтау мақсатында өткізілгелі отырған байқауымыз жастар мен жаңадан қосылған жас отбасылар арасында өткізілмек. Қос ғашықтың махаббатының құрметіне күн белгілеп, махаббатты дәріптеген мереке халық арасында 1999 жылдан бері тойланып келеді. Дегенмен соңғы жылдары бұл мерекенің аталып өтуі кеңінен орын алып жүр. Біз жастармен үнемі тығыз байланыста болғандықтан, бұл атаулы күнді елемеске болмады. Шыны керек, қазір жастар өте белсенді. Байқауды ұйымдастырар алдында жастар арасында сауалнама жүргізген едік. Көрсеткіш бізді қуантты. Себебі жас буынның ойы, санасы, ұлттық әдиебиетімізге деген көзқарасы біз күткеннен де басқаша болды. Бұл күннің әрі қарай насихатталып, мереке ретінде тойлауын қалайды жастар, – дейді орталық маманы Әсемгүл Қауымбаева.

 

Атаулы күнді ауылдың жастарыда асыға күтеді. Мәселен, Құмжарған округіне қарасты бірлігі жарасқан Бірлік ауылының жастары ғашықтар күнінің жыл сайын ескерілмей қалмайтынын айтады.

– Біз жалпы әр мерекенің жақсы бағытта тойланып, насихатталуын қалаймыз. Жылдағы дәстүр бойынша ұлттық киімімізді киіп, әдемі әңгіме өрбітіп, бас қосамыз. Осы күні жастарымыз бір-біріне шынайы сезімдерін білдіріп, азды-көпті сыйлықтарын сыйлап жатса, несі айып?! Бұл мерекежалпы “махаббат” ұғымының аясын ашатындай. Бір отбасы болып кеткен ортаның, сол ортаның кішкентай бөбектеріне, ата-аналарына, жұптың бір-біріне деген махаббатын осы мереке арқылы одан сайын арттырамыз деп ойлаймын, – дейді бірліктік Ағлен Советова. Махаббаттың символына айналған Қозы мен Баянның ізбасарлары да ел арасында көптеп кездеседі. Өз әулетінің ұзақ жылдар бойы отасып, ұл-қызын тәрбиелеп, немереден шөбере көріп отырған Қозысы мен Баяны өз ұрпағына үлгі. Жағабұлақ ауылында тұратын Қуандықовтар әулетінде гауһар тойын тойлаған, алпыс жылдан бері өмірдің сан сынағынан өткен қарияларымыз бар екен. Қос жұптың қосыла салған әндері де, әңгімелері де ерекше. – 63 жыл мен оған, ол маған “сыйып” келеміз (күліп). Әрине, аз уақыт емес. Қаншама жылдарды артқа тастасақ та, бәрі кеше болғандай көрінеді. 3 ұл, 3 қыз өсіріп, бүгінде ұл-қыздарымыздан 15 немере, 14 шөбере көріп отырмыз. Гауһар тойымызды осы отбасым мен ағайынның арасында атап өттік. Балалар ғой бәрін ұйымдастыратын. Жалпы, 15 сәуір күні “Қозы мен Баянның күні” деп балаларымыз бізді де келіп құттықтайды. Осындай күндері мектеп не колледж оқушыларының біз тәрізді ұзақ жыл отасқан жандармен кездескендері дұрыс-ау деп ойлаймын. Себебі қазір отбасы деген ұғымды түсінбей, асығыстықпен ақымақтыққа бой алдырып жататын жастарымыз бар. Ажырасу деген нәрсе де арамызға дендеп енді. Осындай сәтте біз сияқтыүлкендерден ақыл алса деймін… Қазіргі кезде отбасы құндылығы барынша насихатталуы және түсіндірілуі керек. Сонда отбасындағы татулық, махаббатқа адалдық, таза сезімнің құндылығы, ана мен баланың, жалпы махаббат аясына жақын ұғымның бәрі өз дәрежесінде толығар еді, – дейді Ұрқия Қуандықова.

Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледж студенттерідебұлкүндіелеусіз қалдырмады. Ғашықтар мерекесіне орай “В2В” ашық сұхбатын өткізген екен. – Сұхбат барысы ер балалар мен қыз балалар тобы арасындағы пікірталасқа ұласты. Қазіргі заманда өшкеніміз жанданып, ұмыт болғанымыз жаңғырып жатқанда осындай атаулы күндер керек деп ойлаймын. Мұндай мерекелер қазақтың жастарының санасына ұлттық дәстүрді сіңіру үшін қажет. Мереке ғашықтықтың тазалығы мен сұлулығын көрсетуге арналған мәңгілік махаббат ескерткіші болып есептелетін халық эпосы – “Қозы Көрпеш – Баян сұлумен” тікелей байланысты. Осыны жас буынның санасына сіңірту – біздің мақсатымыз,- дейді студенттік өзін-өзі басқару ұйымының президенті, шара спикері Мейірбек Бақытжанов.

P.S.СОНАУ XIII-XIV ҒАСЫРДАН ТАМЫР ТАРТҚАН ЖЫР КЕЙІПКЕРЛЕРІНІҢ МАХАББАТЫ БАЯНСЫЗ БОЛСА ДА СЕЗІМДЕРІНІҢ ШЫНАЙЫ БОЛҒАНЫНА ШҮБӘ КЕЛТІРМЕС ЕШКІМ, СІРӘ. ӨЗ ДӘУІРІНІҢ ҚАСІРЕТІН ЖЕТКІЗГЕН ЖЫРДАҒЫ ҚОС ҒАШЫҚТЫҢ АРАДА ӨТКЕН САН ҒАСЫРЛАРДАН КЕЙІН МАХАББАТ СИМВОЛЫНА АЙНАЛУЫ – ЗАҢДЫ ДА БОЛАР, БӘЛКІМ. МҰНДАҒЫ НИЕТ – ДАҚПЫРТЫ КӨП МЕРЕКЕНІҢ САНЫН КӨБЕЙТУ ЕМЕС, ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫ ДАМЫТЫП, МАХАББАТ ТӘРІЗДІ ӘДЕМІ СЕЗІМНІҢ МАҢЫЗЫНА МӘН АРТЫП, ЖАСТАРДЫҢ ШАҢЫРАҚ КӨТЕРУІНЕ ЖӘНЕ КӨТЕРГЕН ШАҢЫРАҚТАРЫН САҚТАП ҚАЛУЫНА ҮЛЕСІН ҚОСАР ДЕГЕН ҮМІТ…

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ