ЕМБІДЕ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР ЖӨНДЕЛУДЕ

0
141

Ембі қаласында жартылай қаңырап бос қалған көпқабатты тұрғын үйлер жөнделіп, 135 пәтер пайлануға беріледі. Бұл туралы аудандық тұрғын үй қоммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары хабарлады.

Бауыржан Момышұлы көшесінде орналасқан 90 пәтерлі №15 үйді жөндеуге облыстық бюджеттен 450 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын “Қолғанат құрылыс” ЖШС-і жүргізеді. Ал №11 үйдің жөндеу жұмыстарын “Ерзат” өндірістік кооперативі жауапкершілігіне алған. Ол үшін облыстық бюджеттен 250 млн теңге бөлініп, бүгінде жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. – Халықты баспанамен қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Қазіргі уақытта осы салаға айрықша көңіл бөлініп отыр  Бірнеше жылдан бері иесіз тұрған бұл үйлер жөнделсе, қаланың да көркі кіріп, қаншама отбасы баспаналы болар еді. Бүгінде ішкі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қасбеттері қапталып, есік алды жолдары жасалуда. Демек, шатырдан табалдырыққа дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді бөлім маманы Айдос Қалимағамбетов. Бұдан бөлек, қалада тас жолдар күрделі жөнделуде. Ұзындығы 2,4 км болатын Жиенғали Тілепбергенов көшесін жөндеуге 240 млн теңге бөлініп, жол салу жұмыстарын “Ремдорстройсервис” ЖШС-і жүргізуде.

Н.КЕСІКҚҰЛ