«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ОТАНДЫ ҚОРҒАУ — АЗАМАТТЫҢ БОРЫШЫ

Тәуелсіздік куәгерлері

ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНЫҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ — ҰЛТТЫҚ БІРЛІК, БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ. ОСЫ ТЫНЫШТЫҒЫМЫЗДЫҢ САҚШЫСЫ БОЛҒАН АЙБЫНДЫ ӘСКЕР — ТӘУЕЛСІЗ ЕЛІМІЗДІҢ ҚОРҒАНЫ. ПАТРИОТИЗМ МЕН ӨЗ ХАЛҚЫНА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ, АР-НАМЫС ПЕН ЕРЛІКТІҢ, БАТЫРЛЫҚ ПЕН БАТЫЛДЫҚ- ТЫҢ КӨРІНІСІНЕ АЙНАЛҒАН ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН, ГАЗЕТІМІЗДІҢ ИНСТАПАРАҚШАСЫНДА ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ ӨТКЕН ТҰРАҚТЫ «ТӘУЕЛСІЗДІК КУӘГЕРЛЕРІ» АТТЫ АЙДАРЫМЫЗДЫҢ КЕЗЕКТІ ҚОНАҒЫ — ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНДА ҰЗАҚ ЖЫЛ ҚЫЗМЕТ АТҚАРҒАН ҚАРУЛЫ КҮШТЕР АРДАГЕРІ ӘЛЖАНОВ ДОСЫМ ҒАББАСҰЛЫ БОЛДЫ. ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАРЫНДА АУДАННЫҢ ҚОРҒАНЫС САЛАСЫНЫҢ ТЫНЫСТІРШІЛІГІ МЕН БҮГІНІ, ӘСКЕРГЕ АЛЫНУШЫ ЖАСТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ ЖАЙЫНДА БОЛҒАН СҰХБАТТЫҢ ЖАЗБАША НҰСҚАСЫН ГАЗЕТ ОҚЫРМАНДАРЫНЫҢ НАЗАРЫНА ҰСЫНАМЫЗ.

«Mugalzhar_gazeti»: Сіз ұзақ жыл ауданның қорғаныс саласында елеулі еңбек еткен ардагерсіз. Әскери қызметке қалай келдіңіз? Әскери мамандықты таңдауыңызға қандай да бір жағдай себеп болды ма?

-1963 жылы Алға ауданы Тамды ауылында дүниеге келдім. Тамды орта мектебін бітіргеннен кейін әскери қызметкер болуды армандап, Ақтөбе қаласындағы ұлттық комитетке оқуға түспек ниетпен құжаттарымды тапсырған болатынмын. Алайда жинаған құжаттарымда қате болып, оқуға түсе алмадым. Содан кейін Темір қаласындағы техникумға оқуға түсіп, зоотехник мамандығын алып шықтым. Оқуды бітіргеннен кейін 1981 жылы әскер қатарына алынып, Отан алдындағы әскери борышымды Украина және Германия елінде абыроймен атқардым. Германияның Форцена қаласындағы прапорщиктер даярлайтын мектебін бітірдім. Келісім-шарт бойынша Орынбор қаласында қызметте болдым. Жеті жылдан кейін еліме қайтып, Алға ауданы Бестамақ ауылындағы құрылыс отрядына взвод командирі болып жұмыс жасадым. 1994 жылы Октябрь ауданы Қандыағаш қаласындағы комиссариатқа жұмысқа қабылданып, №2 бөлімшенің бастығы қызметін атқардым. 2013 жыл зейнеткерлікке шықтым.

«Mugalzhar_gazeti»:1991 жылы ел өз Тәуелсіздігін алған кезде қорғаныс саласы қандай жағдайда болды? Кейін қандай өзгерістер орын алды?

— 1992 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қарулы күштері әскери құрылымы құрылды. Бас қолбасшысы болып, Нұрсұлтан Әбішұлы тағайындалды. Алғашқы Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов болды. 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні болып бекітілді. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін қайта құру кезеңі басталды. Ол кезде де әскери басшылықтағы адамдардың көпшілігі басқа мемлекеттен келген болатын. Кеңес үкіметі құлаған шақта олар да елдеріне қайтып кетті. Қазақстанның қорғаныс саласының шатқаяқтаған кезі еді. Мен де өз еркіммен жұмыстан кетіп, мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ бердім. Бір жылдан кейін бұл пән де жабылып қалды. Ол кез жұмыс жоқ, жаппай қысқарту болып жатқан еді. 1994 жылы Октябрь аудандық комиссариатында жұмыс жасап жүрген шақта кадр жетіспеушілігі көп болды. Сол жылдары аудандық әскери комиссариаттың бастығы қызметін майор В.П. Лукъяненко атқарды. Әскери құрылымдардың көбісі жабылып, әскердің саны азайды. Тіпті баспа машиналары мен қағаз жетіспеушілігі болды. Шыққан қаулылар мен әскерге шақырту қағаздарын басатын қағаз таппаған кездеріміз де болды. Сол жылдары Қазақстан бойынша әскери оқу орны Алматы қаласында ғана болды. Қайта қалыптасу кезеңдерінде әскери оқу орындары ашыла бастады. Әскерге шақырылған жастарды апарып, алып келетін көліктер де болмады. Тоқырау жылдары әскери қызметте жасайтын қызметкерлердің киетін формасы да болмай, өздері сатып алды. Өз жұмыстарын тастап, басқа салаға ауысып кеткендер де көп болды. 1997 жылы екі аудан біріктіріліп, штат саны көбейіп, іс қағаздар 400-ден, 5000-ға дейін толықтырылды. Бүгінде тәуелсіздіктің арқасында Қарулы күштер құрылымы жоғары деңгейге жетті.

«Оқырман»: Қазақ даласының жауынгерлері әрқашан арнамыстың, қадір-қасиеттің және патриотизмнің үлгісі болған. Ал бүгінгі әскерде жүрген сарбаздардың патриоттық сезімі туралы айтсаңыз?

— Тәуелсіздік алған жылдардан кейін әскерге барамын деуші жастардың қатары көп болды. әскерге шақырылған балалардың көптігі соншалық, автобуста отыратын орын болмайтын. Бұл жылдардағы жастар әкелері мен ағалары әскерге барған, соларға еліктеп, әскерге баруды міндеті деп санайтын. Біз жастарға патриоттық тәрбие туралы айтқанда Ұлы Отан соғысының батырларын, жаугершілік заманда, ел басына күн туған шақта елін қорғаған бабаларымыздың ерліктерін айтып, насихаттайтынбыз. Патриоттық тәрбиені насихаттау мақсатында аудандағы «Отан» қоғамдық бірлестігінің басшысы Асылхан Хасенов аудандағы қорғаныс, құқық, полиция саласындағы қызметкерлердің басын қосып, әскери-спорттық жарыстар ұйымдастыратын. Алғаш қы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің арасында да түрлі турнирлер өткізілді. Ақкемер ауылынан Ринат Ашимов «Арыстан» клубын ашты. Содан кейін мектептердің жанынан патриоттық клубтар көптеп ашылды. Жем қаласында оқушылар арасында 5 күндік әскери оқу жаттығу сабақтары өткізілетін. Жаттығу кезінде оқушыларға автоматты жинау-шашу, противогазды кию және шешу секілді әскерге қажетті көп нәрсе үйретіледі. Ал бүгінде әскерге барғысы келмейтін жастардың көбейгені көңілге қаяу салады. Интернетті серік еткен жастар, ғаламтордан неше түрлі әскер жайлы кері пікірлерді оқиды. Сосын әскерге барғысы келмейтін секілді.

«Оқырман»: Біздің елімізде жауынгерлік ерлік пен әскери қызмет ерекше құрметке ие. Отанымыздың тәуелсіздігін қорғауға, мемлекеттің шекарасын күзетуге, халықтың тыныштығын сақтауға жұмылдырылған Қазақстан әскерінің бүгінгі қауқары туралы не айтар едіңіз?

-Бүгінгі таңда Қазақстанның қарулы күштеріне қаржы көптеп бөлінуде. Әскерибөлімшені ұстап отыру үшін де үлкен қаржы керек. Балаларды медициналық тексеруден өткізу, әскерге шақыру, оларды тасымалдау да қаржыға келіп тіреледі. Сонымен қатар әскерге алынушылар республикалық ұлттық ұланға, ішкі әскерге, шекараға, теңіз әскеріне, десантқа қабылдану үшін өзіндік нормативтерден өтеді. Әскерге алынатын жастардың денсаулығы мен шымырлылығы мықтыболуы шарт. Әскер жасындағы барлық ер бала Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Тек қана 3 жағдайда ғана әскер қатарына алынбайды. Олар: оқу орнында оқып жатса, денсаулығына және отбасылық жағдайына байланысты әскерге бармайды.

«Mugalzhar_gazeti»: Бүгінде Отан қорғаушылар әскери борышын бір жыл көлемінде өтейді. Осы уақыт әскери жаттығуларды толық меңгеруге жеткілікті ме?

-Әскери борышын өтеу бұрын 2 жыл болған еді. Сосын 1,5 жылға азайды. Содан кейін 1 жыл болды. Мектепке алғашқы әскери дайындық пәнінің енгізілуінің басты себебі – балалар мектеп қабырғасында жүргенде теориялық білім беру болып табылады. Алайда балалар мектепте теорияны толықтай меңгереді деп айта алмаймын. Сол себепті де әскердің бір жыл болуын құптамаймын. Әскери өмірдің қыр-сырын толыққанды түсіну үшін әскер уақытын ұзартса деймін.

«Оқырман»: Әскерге бару үшін де денсаулықтың мықты болуы маңызды. Бүгінгі жастардың денсаулығы мен шымырлығы жөнінде не айтар едіңіз?

— Бүгінгі таңда жастардың арасында терапиялық, хирургиялық түрлі аурулар көбейіп барады. Қан аздық, түрлі жарақат алғандар. Сонымен қатар көз ауруы көбейгенін де байқауға болады. Бұл — ұялытелефонғателміріп, интернетті көп қарағаннан болар деп ойлаймын. Аурулардың көбісі дұрыс тамақтанбағаннан да пайда болады. Салмақтың жетіспеушілігі тағы бар. Спортпен айналысатынжастардыңдақатарыаз. Кейбір балалар ауруын жасырып жатады. Бірақ дәрігерлік тексеруден барлығы анықталады.

«Mugalzhar_gazeti»: Әңгімеңізге рақмет.

Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ЖАНЫ ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖАҚЫН ШЕБЕР

admin_mugalzhar

НЕФТЯНИК — ПРОФЕССИЯ СИЛЬНЫХ!

admin_mugalzhar

ЖІГЕРІ ЖАСЫМАҒАН СПОРТШЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.