ТЫЛДАҒЫ ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІК

0
425

Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі орасан зор. Балғындықпен ерте қоштасқан балалар, майдандағы жауынгерлердің аналары мен жарлары елде тынымсыз тер төкті. Олардың қатарында ащысайлық Нұржан Уалиев ақсақалда бар.

1930 жылдың 16 қаңтарында Басшилі колхозы, Жұрын ауданында дүниеге келген бала Нұржанның 11 жасында соғыс басталады. – Ол кезде мектеп қабырғасында 4- класс оқып жүрген уақытым. Әлі есімде, ел есеңгіреп, ер-азаматтар майданға аттанып, аналар жылап жатқан болатын. Бірақ етек-жеңін тез жиған жұртшылық үлкен-кіші демей, еңбекке араласып, күндіз-түні тынымсыз еңбек етті. Содан жасым кіші болса да, 1943 жылдан бастап колхоздың өндіріс бригадирінің учетчигі болып жұмысқа қосылдым. 1948-1949 жылдары колхоздың өндіріс бригадирі болып еңбек еткен тыл ардагері 1950 жылы 8 тамызда Жұрын аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы Кеңес армиясының қатарына қабылданады.

– Содан Владивосток қаласының сборный пункттінде 1 ай болып, қыркүйек айында Камчатка Петропавловск қалаларына бардық. Ол жақта авиациялық полкке барып, әскери ұшақтың бомбалаушысына 6 ай оқып шықтым. 1952 жылы авиамеханикке емтихан тапсырып, осы салада механик болып жұмыс істедім. Араға 4 жыл салып, яғни 1954 жылы күзде еліме оралдым. Келсем, ел де, тіршілік те басқаша. Елге келіп, аздаған уақыт мауқымды басқан соң, көлік жүргізушісі және тракторшы болып жұмысқа қосылдым. Сөйтіп не керек, 90- шы жылдарға дейін қызмет жасап, 1990 жылы қаңтар айында зейнетке де шықтым. Бірнеше медальдармен марапатталып, өзге де құрметке ие болдым, – дейді өткенді еске алған ақсақал.

“Біздің ұрпақ – соғыспен шыныққан ұрпақ” деген Нұржан Уалиевтің бүгінгі және келер ұрпақтың тарихтан қол үзбей, сол кездердің қиындығын көрмесе де, көңілге түйіп, бүгінгі бейбітшілікті бағаласа екен деген тілегі бар. Соғыс жылдарынан кейін талай жыл сол кездегі Жұрын колхозының өндірістік бригадасының бригадирі болып қызмет еткен қария ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп отырған жан.

А.АЛТЫБАЕВА