ЖҰРЫН МЕН ЕЛЕККЕ КӨГІЛДІР ОТЫН БАРАДЫ

0
318

БИЫЛ ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ ҚАРСАҢЫНДА АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ БІРҚАТАР ЕЛДІ МЕКЕНДЕРГЕ КӨГІЛДІР ОТЫН ТАРТЫЛЫП, ЖҰРТШЫЛЫҚТЫҢ КӨПТЕН КҮТКЕН АРМАНДАРЫ ОРЫНДАЛАДЫ. БҰЛ – ТЕК АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ҒАНА ЕМЕС, МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢ ОРТАҚ ҚУАНЫШЫ. ГАЗДЫҢ КЕЛУІМЕН АУЫЛ ХАЛЫҚТЫҢ ТҰРМЫС-ТІРШІЛІГІ ЖЕҢІЛДЕП, ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ АРТАРЫ СӨЗСІЗ.

Газбен қамтамасыз етілгелі отырған Жұрын ауылы – Жұрын ауылдық округінің орталығы. Мұнда қазір 290 үй, 1300-дің үстінде тұрғын бар. Ауылда дәрігерлік амбулатория, оқушылар білім алып жатқан орта мектеп, бүлдіршін тәрбиеленетін балабақша, кітапхана, пошта бөлімшесі, телефон және ұялы байланыс орындары жұмыс істейді. Жұрын ауылына газ тарту үшін бюджеттен 120,5 млн теңге бөлінген. Бүгінде Қандыағаш қаласынан Жұрын ауылына дейінгі газ тарту жұмыстарын “Әлия-Сервис” ЖШС-і жүргізуде. Ал ауыл ішін газдандыру жұмыстары “АктобеНефтеГазСтрой” ЖШС-не жүктелген. Құрылыс жұмыстарына ауылдың 6 тұрғыны тартылған. Олардың 2-еуі аспазшы, 3-еуі жұмысшы, 1-еуі күзетші. Алдағы уақытта басқа да ауыл тұрғындарын жұмысқа тарту көзделіп отыр. – Жұрын ауылына көгілдір отынның тартылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Өткен жылы ауылымызда бірқатар еңселі істе атқарылды. Атап айтатын болсақ, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында 3 көшеге асфальт төселіп, ауылдағы білім ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта Жұрын ауылының тағы 4 көшесіне асфальт төсеу және Жұрын ауылдық Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар ойын алаңын және көше бойына жаяу жүргіншілер жолын (тротуарлар) салу көзделіп отыр, – дейді ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев.

Өткен аптада Жұрын ауылына “ҚазТрансГазАймақ” АҚ-ның өкілі Әділбек Ырысанұлы мен Мұғалжар аудандық газ шаруашылығы басшысы Шүренбай Ержанов барып, ауылды газдандыру мәселелері мен қауіпсіздік талаптары жөнінде тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Жылу қазандығының орналасу тәртібі мен белгі бергіш және иіс бақылағыш құрылғылардың, мұржалардың талапқа сай орнатылуы туралы да айтқан. Сонымен қатар газды үйге кіргізу кезінде қандай құжаттардың дайындалатынын да баяндаған. Тағы бір жағымды жаңалық – осы жылдың аяғына дейін Ақкемер ауылдық округіне қарасты Елек ауылының тұрғындары да көгілдір отынды тұтына бастайды деп жоспарланып отыр. Газ тарту жұмыстарын “Асу-К” ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс құны 254 млн теңгені құрайды. Республикалық тас жолдың бойында орналасқан елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы жылдан-жылға жақсарып келеді. 600-ге жуық тұрғыны бар Елек ауылында 106 түтін бар. 2019 жылы қыркүйек айында Елек негізгі мектебі пайдалануға берілсе, 2020 жылдың желтоқсан айында су жүйесі іске қосылды. Осындай ауқымды жобалардың жүзеге асуы – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесі. Жылдың аяғына дейін газ тарту жұмыстары аяқталып, ауылдағы мектеп, медициналық пункт, балабақша, жеке тұрғын үйлер газбен қамтылатын болады.

Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ