«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҢҒЫШ ТҮЛЕКТЕРІ

Егемендік алғаннан кейінгі алғашқы уақыт ел жастары үшін «тар жол, тайғақ кешумен» тең еді. Мектептен түлеп ұшып, ұстаздың қамқорлығымен қоштасып, ата-ананың бауырынан алыстап, үлкен өмірге қадам басқан түлектер расымен да жаңа заманға тап болды. «Түйсікке әлі түйінделе қоймаған ұғымды қабылдау да қиындау болды» дейді тәуелсіздіктің төл түлектері. Себебі 1991 жылы мектеп бітірген жастар үшін сол кезде ерекше кезең басталған-ды. Сонымен…

Серімбек ИСМАҒАМБЕТОВ, Қандыағаш қаласының №1 мектебінің 30 жыл бұрынғы түлегі:

— Ел тәуелсіздік алып жатқан жылы мектеп бітіріп, азамат атандық. Ол кез аласапыран уақыт еді. Қоғамдық құрылым түбегейлі өзгеріп жатқан. Саяси сан түрлі кереғар пікірлер мен экономикалық қайта құрудың уақытында барар бағытымызды бажайлай алмай қалғандай болдық. «Енді қалай болады? Не істейміз?» деп бәйек қағып жүргендердің қатары толыққан еді… Қолымызға куәлік алып, жас жүрегіміз атша тулап, жігеріміз тасып тұрғанымен, алдағы күніміз бұлыңғыр көрінгенін жасыра алмаспыз. Соған қарамастан, бойда жастық жігер мен тәуелсіздік алғанымыз үшін кеудені кернеген мақтаныш бар — әр жаққа білім қуып аттанып, ел болашағының іргетасын елмен бірге қалауға білек сыбана кірісіп кеттік. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл толып отыр.Осы аралықта еліміз түбегейлі өзгерді. Әлемге аты белгілі, шекарасы сызылған, тарихын түгендеген Қазақстан атты мемлекет қалыптасты. Экономикамыз өрге басып, әлеуметтің әлеуеті арта түсті. Біздің де ой толыстырып, ел қабырғасының бір кірпіші болып қаланғанымызға осынша жыл болыпты. Кеше ғана ұстазымыздың алдында көздеріміз жәудіреп отыр едік… Өмірге деген туралық пен шыншылдықты бойымызға сол жандардан сіңірдік. Малика апай, Шолпан апай, Фарида апайларымызға, жалпы ел үшін еңбек етуге баулыған, білім нәрімен сусындатып, азамат еткен ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Ол кісілерге мереке сайын, туған күндерімен құттықтап, класс болып барып тұрамыз. Әрқашан туған жерге келіп, қолымыздан келген көмектерімізді көрсетіп отырамыз. Өткен жылы көгалдандыру шарасы ретінде туған қаламыздың көшелеріне ағаш отырғызғанбыз. Осындай игі шаралар әлі дежалғасын табады деген сенімдемін. Ортамыздан оқымыстылар да, спортшылар да, кәсіпкерлер де, шығармашылық жолындағы және сан саланың үздігі болып жүрген жандар да шықты. Олардың баршасы ел болашағы үшін аянбай еңбек етуде. Өйткені олар — тәуелсіздіктің төл түлектері.

А.АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Дені сау ұрпақ – ана денсаулығынан

admin_mugalzhar

Рая ЖАЛҒАСОВА, ардагер тілші: «МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРМЕН» ҮНДЕСТІКТЕ ЖҰМЫС ЖАСАДЫМ

admin_mugalzhar

ҚОС ЖҮРЕК ПЕН БІР ТІЛЕК ТОҒЫСҚАН ЖАРТЫ ҒАСЫР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.