Егемендік алғаннан кейінгі алғашқы уақыт ел жастары үшін «тар жол, тайғақ кешумен» тең еді. Мектептен түлеп ұшып, ұстаздың қамқорлығымен қоштасып, ата-ананың бауырынан алыстап, үлкен өмірге қадам басқан түлектер расымен да жаңа заманға тап болды. «Түйсікке әлі түйінделе қоймаған ұғымды қабылдау да қиындау болды» дейді тәуелсіздіктің төл түлектері. Себебі 1991 жылы мектеп бітірген жастар үшін сол кезде ерекше кезең басталған-ды. Сонымен…
Жанар ІДРІСОВА, Бірлік ауылдық мектебінің 1991 жылғы түлегі:
-Біз мектепті Құмжарған округіндегі Бірлік ауылында 17 ер,17 қыз бала болып бітірдік. 1991 жылы аңсаған азаттықтың иісін сезінген алғашқы буын түлектері едік. Заман оңай болмады. Сол кездегімектеп директоры МамытовБайсұлтанағай түлектерді жинап, түсіндіріп, сәттілік тілеп, өміріміздегі жаңа белеске шығарып салған болатын. 30 жыл бұрын осылайжаңа өмірге қадам басқан түлектер қазір Қазақстанның әр түкпірінде өздерінің ізін қалдырып, білікті мамандық иелері болып жүр. Жиі болмағанмен, арасында ауылға келіп, өткен-кеткенді еске түсіріп, бас қосып тұрамыз. Өкініштісі, қатарымыз азайып, бүгінде сиреп қалдық… Өзім қазіргі таңда осы мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, еңбек пәнінің мұғалімімін. Есте талай естеліктер қалған мектебіме оралғаным мен үшін үлкен қадам болды. Бұның бәрі сол уақытта тәлім берген ұстаздардың еңбегінің нәтижесі деп білемін. Осы мектептің түлегі ретінде өз басым білім ордасының құрылыстық жұмыстарына әрқашан көмектесіп, керекжабдықтарын алып беруге ұмтылып отырамын.
А.АЛТЫБАЕВА