«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

COVID-19: БОСАҢСУҒА НЕГІЗ ЖОҚ

БҮГІНГІ КҮНІ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛДЫҢ МАТРИЦАСЫ БОЙЫНША «ЖАСЫЛ» АЙМАҚТА ТҰР. ОСЫҒАН ОРАЙ АУДАНДА ДА ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТАЛЫП, ҚАТАҢ КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ СӘЛ ДЕ БОЛСА БОСАҢСЫДЫ. АЛАЙДА БҰЛ КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛЕДІ ДЕГЕН СӨЗ ЕМЕС. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ӘЛІ ДЕ КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРЫП, АУРУХАНА ТӨСЕГІНЕ ТАҢЫЛҒАНДАР ҚАРАСЫ АЗ ЕМЕС. МАМАНДАР БҰЛ ІНДЕТТЕН ҚҰТЫЛУДЫҢ БІРДЕН БІР ЖОЛЫ ВАКЦИНАЦИЯ МЕН САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН ҚАТАҢ ҰСТАНУ ЕКЕНІН АЙТАДЫ. ОСЫ ОРАЙДА ГАЗЕТ ОҚЫРМАНДАРЫН МАЗАЛАҒАН САН ТҮРЛІ САУАЛҒА МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ БОЛАТБЕК ШАҒАЛБАЕВ ЖАУАП БЕРДІ. СОНЫМЕН…

«mugalzhar_gazeti»: Бүгінгі  таңда ауданның эпид ахуалы қандай? Соңғы аптада қанша жағдай тіркелді?

— Ауданның эпид ахуалын қатаң бақылап отырмыз. Соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтырған 9 жағдай тіркелді. Ал коронавирус белгілері бар пневмониямен 6 адам ауырып, дәрігерлердің көмегіне жүгінді. Қолхат негізінде 152 адам үй карантинінде бақылауда отыр. Оның 17- сі ПТР тест арқылы коронавирус инфекциясы нақтыланған клиникалық симптомдары жоқ науқас. Ал қалғандары жақын қарым-қатынаста болған адамдар. Пандемия басталғалы ауданда 442 жағдай тіркелді. Оның 165-і клиникалық симптомдары бар, 277-нің клиникалық симптомдары жоқ. Індетке шалдыққандардың 94,3 пайызы ауруынан жазылып шықты. Ал 2021 жылдың басынан бері 266 жағдай тіркелді. Оның 117-нің клиникалық симптомдары бар, 149-ның клиникалық симптомдары жоқ. Өткен жылмен салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, аурушаңдық динамикасының өскенін байқауға болады. 2020 жылдың 1 тамызынан бастап коронавирус белгілері бар пневмонияға 198 науқас шалдықса, 2021 жылы 105 адам ауырды. Індетке шалдыққандардың 96 пайызы жазылып шықты. Бүгінгі таңда аудан аумағындағы ауруханалардың инфекциялық бөлімдерінде 8 коронавирусқа шалдыққан науқас ем қабылдауда. Ал вирусты пневмониямен ауырған 9 науқас ем алуда.

«mugalzhar_gazet»: Еліміздің бас санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовтың жаңа қаулысы шықты. Аталған қаулыға қандай өзгерістер енгізілген?

— Маусымның 3-і күні еліміздің бас санитариялық дәрігері Ерлан Қиясовтың кезекті №26- шы қаулысы шықты. Бұл қаулыда «Ашық» жобасына байланысты көптеген өзгерістер жазылған. Ал облыстық бас санитариялық дәрігер Нұрсұлу Беркімбаеваның облыстың ахуалы жақсарып, «жасыл аймаққа» ауысуына байланысты №22 қаулысында көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Алайда қаулыда адамдар көп жиналатын мерекелік шара мен салтанатты жиындарға қатаң түрде тыйым салынған. Қаулыға енгізілген жеңілдіктерді айтатын болсақ, мектепке дейінгі топтарды біріктіре отырып, жұмыс жасауға, бильярд, компьютерлік клуб секілді ойын-сауық орталықтарына толымдылығы 30 пайыздан аспайтын дәрежеде жұмыс жасауға рұқсат етілді. Салтанатты залдарға той жасауға рұқсат жоқ. Тек қана еске алу, садақа секілді жиындарға 50 адамға дейін адам жинауға рұқсат берілді. Ол жерде де санитариялық ара қашықтық сақталуы тиіс. Спорттық шараларды өткізуге рұқсат бар. Дегенмен барлық сақтық шараларын сақтап, көрермендердің 30 пайыз толымдылығын ескерген дұрыс. Ашық алаңдарында да сақтық шаралары сақталуы керек.

Оқырман: «Мектепте жұмыс жасайтын қызметкерлер вакцина алмаған жағдайда жаңа оқу жылында жұмысын жалғастыра алмайды» деген пікірлер айтылуда. Осы ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады?

— Вакцинация адамдарға мәжбүрлі түрде салынбайды. Оны алу-алмау адамның өз еркінде. Дегенмен індеттен құтылудың бірден-бір жолы — вакцинация екенін айтқым келеді.

Оқырман: Вакцина алған адам коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін бе?

— Иә, сұрағыңыз орынды. Вакцина алған адам бұл ауруды қайта жұқтыруы мүмкін. Бірақ ауру жеңіл түрде өтеді. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша вакцина алған 100-ден астам адам осы індетті жұқтырған. Алайда олар симптомсыз не болмаса жеңіл түрде ауырған. Сондықтан созылмалы ауруға шалдыққан науқастар екпе алса, оларда ауру жеңіл түрде өтіп, денсаулығына қауіп төндірмейді. Вакцина алған адамдар да маска тағып, қолды үнемі антисептикпен тазалап жүргені дұрыс.

«mugalzhar_gazeti»: «Ашық» қосымшасы туралы толығырақ айтып өтсеңіз? Ол қалай жұмыс жасайды?

— Пандемия басталғанда барлық мекемелер мен кәсіпкерлік нысандар жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. Әсіресе, тамақтану мекемелері, спорттық, компьютерлік клубтар толығымен жабылып қалды. Осындай шектеулер кәсіпкерлердің кәсібіне зиянын тигізбеу мақсатында «Ашық» жобасы жүзеге асырылды. Қазіргі таңда аудан бойынша 9 кәсіпкер «Ашық» жобасын енгізіп, жұмыстарын әрі қарай жалғастыруда. Жақында ғана аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасында кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізу мақсатында кездесу ұйымдастырылды. «Ашық» жобасының артықшылығы — біздің аудан «қызыл» немесе «сары» аймақта болса да жұмыстарын кедергісіз, тоқтатпай жалғастыра алады. Бұл жобамен жұмыс жасағысы келген адам «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына барып, ақпараттар алуларына болады. Ол жақта барлығын толыққанды түсіндіріп беретін мамандар бар. Аудан тұрғындары смартфондарына «Ашық» мобильді қосымшаларын жүктеп алып, өздерінің түстік мәртебесін көрулеріне болады. Ондағы «қызыл» түс ПТР тест тапсырып, оң нәтиже көрсеткендерге, «сары» түс ауырған адаммен қарым-қатынаста болғандарға, «көк» түс ауырмаған, қарым-қатынаста болмаған адамдарға жанады. Қосымшада «сары» немесе «қызыл» түс көрсеткен адамдар кәсіпкерлік объектілерге кіре алмайды. Оларға шектеу шараларын бұзғаны үшін ескерту жасалып, айыппұл салынады. Тағы да айта кететін мәселе, «Ашық» қосымшасымен жұмыс жасап отырған тамақтану орындары тек қана садақа, еске алу секілді шараларға рұқсат етілгенін естен шығармағандары дұрыс. Той жасауға рұқсат жоқ.

Оқырман: Бүгінгі таңда Қандыағаш қаласының қалаішілік маршруттарында жүрген жолаушыларға маска тағып жүру міндетті ме?

— Қала ішінде жүрген автобустар мен газельдерде жүрген тұрғындар маска тағып, антисептик пайдаланып жүруге міндетті. Сонымен бірге жолаушылар орын-орнымен отырулары керек. Бүгінде аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторингтік топ жұмыс жасауда. Олар күн сайын бақылау жұмыстарын жүргізіп отырады. Егер де осы тәртіптер орындалмаған жағдайда суретке түсіріліп немесе бейнежазба жазылып, құзырлы орындарға тапсырылуы қажет. Құзырлы органдар істің мән-жайын қарап, тиісті шешім шығарады

Оқырман: Карантиндік шектеулерді ескермей той жасап жатқан тойхана иелері бар ма? Заң бұзушылық анықталған жағдайда қандай шара қолданылады?

— Шектеулерді ескермей, той жасап жатқан фактілер тіркелуде. Бұл жағдай былтыр да, биыл да орын алып отыр. Жеке кәсіпкерлерге де, жеке тұрғындарға да айыппұл салынады. Айыппұл көлемі де аз емес.

Оқырман: Әуежайда ұшаққа отыру үшін ПТР тест тапсыру міндетті ме?

-Қазақстан ішінде ұшып-қону үшін ПТР тест тапсыру міндетті емес. Әуежайда жолаушылар міндетті түрде «Ашық» мобильді қосымшасы арқылы өтеді. Ал шет елге ұшу үшін міндетті түрде коронавирусқа қарсы вакцина алуы керек. Сонымен қатар қолында 3 тәуліктен аспайтын ПТР тесттің теріс нәтиже көрсеткен анықтамасы да болуы шарт.

Оқырман: Халық арасында «вакцина болашақта денсаулыққа кері әсер етеді» деген пікірлер айтылып жүр. Осы қаншалықты рас?

— Әлеуметтік желіде екпе туралы кері пікірлер мен бейне жазбалар толып жүр. Бұлардың барлығы арандату мақсатында жасалған жалған ақпарат. Аудан тұрғындарынан ондай жалған ақпараттарға сенбеулерін сұраймын. Бұл әлем бойынша шығарылып жатқан алғашқы вакцина емес. Вакцинаның барлығы халықаралық стандартқа сай жасалған, толықтай тексеріліп, қолданысқа енгізілген. Тарихта орын алған қауіпті індеттің барлығы осы вакцинаның арқасында жойылды деуге толықтай негіз бар. Эпид ахуалдың да тұрақталып келе жатқанын осы вакцинамен байланыстыруға болады.

«mugalzhar_gazeti»: Қазіргі таңда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрі салынуда. Сіз қай елдің вакцинасын алуға кеңес берер едіңіз?

— Қазақстанда вакцинаның төрт түрі пайдаланылып жатыр. Олар — ресейлік «Спутник V», отандық «КазВак», арабтық «ХаятВакс», қытайлық «СинаВак» вакциналары. Бүгінде ауданда «Спутник V» екпесінің таусылып қалуына байланысты Біріккен Араб Әмірлігінде шығарылған қытайлық «ХаятВакс» вакцинасы қолданылып жатыр. Жақын арада ауданға қытайлық «СинаВак» деп аталатын вакцина келеді деп күтіліп отыр. Аудан тұрғындарынан бұрынғы қалыпты өмірімізге қайтып келу үшін екпе алуларын сұраймын. Індет ешқайда кеткен жоқ. Вирус жұқтырған адамдар күн сайын тіркеліп жатыр. Арамызда өмірімен қош айтысқандар да жетерлік. Сол себепті ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін вакцина алу қажет.

«mugalzhar_gazeti»: Әңгімеңізге рақмет.

Ұқсас ақпараттар

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҢҒЫШ ТҮЛЕКТЕРІ

admin_mugalzhar

АДИЛЬБЕК – МАСТЕР НА ВСЕ РУКИ

admin_mugalzhar

МАЛИКАНЫҢ МУЗЫКА ӘЛЕМІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.