«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПЕН АДАЛДЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

23 МАУСЫМ — «БАСТЫ МІНДЕТ — ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ» ҚАҒИДАСЫН ҰСТАНАТЫН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІ. БҰЛ АТАУЛЫ КҮН 2013 ЖЫЛЫ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, ЕЛБАСЫ НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖАРЛЫҒЫМЕН БЕКІТІЛГЕН БОЛАТЫН. БҮГІНДЕ АУДАН АУМАҒЫНДА ЖАЛПЫ САНЫ 174 МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ ҚОҒАМ МЕН БИЛІК АРАСЫНДА ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС АТҚАРАДЫ. МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ ӘКІМДІГІНЕ ҚАРАСТЫ 10 БӨЛІМ, 3 ҚАЛА ЖӘНЕ 12 АУЫЛДЫҚ ОКРУГ БАР. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ 30 ПАЙЫЗЫН 30 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ ЖАСТАР ҚҰРАЙДЫ. АУДАНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРДЕ ҚҰЖАТ АЙНАЛЫМЫ 100 ПАЙЫЗ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ КӨШКЕН. ОЛАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТЫҢ ДА, ЖҮКТЕЛЕТІН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ДЕ АУҚЫМЫ АРТЫП, ЕЛ МҮДДЕСІН БІРІНШІ ОРЫНҒА ҚОЮ, ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ АХУАЛДЫ ТҰРАҚТЫ ҰСТАУ МІНДЕТІ ҚОЙЫЛҒАН.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ИМИДЖІ

Әдеп жөніндегі уәкілдің негізгі функциялары консультациялық көмек көрсету, қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және моральдықәдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қатынастар мәдениетін қалыптастыру, заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды тұлғаларға қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қарау туралы ұсыныммен жүгіну болып табылады. Бүгінгі таңда аудандағы мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзбауы, оның алдын алуы жіті бақылауға алынған. Әдеп кодексі және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларында Қазақстан Республикасының заңнамаларын сақтау бойынша ауданда семинар, кеңестер тұрақты түрде өткізіліп отырады. Ауданның әдеп жөніндегі уәкілі, аудан әкімі аппаратының басшысы Айбек Мұсаұлы Қазақстан Республикасы Ұлт жоспары «100 нақты қадам» стратегиялық құжатында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру үшін әдеп мәселелері жөніндегі қызметті енгізу қарастырылғанын айтады. Құжатты іске асыру бағыты мемлекеттің, мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталғанын да жеткізді.

-«Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы Жарлығына сәйкес жаңа институт — әдеп жөніндегі уәкілдер институты енгізіліп, арнайы Ереже бекітілген болатын. Әдеп жөніндегі уәкілдер халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімінің артуына, мемлекеттік қызметшілердің мәдениетінің қалыптасуына, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасы мен қызметтік әдеп нормаларының бұзылуының алдын алуға мүмкіндік жасауы қажет. Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда, оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады, мемлекеттік қызметтің оң бейнесін қалыптастыруға өз үлесін қосады. Мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес береді, — дейді Айбек Мұсаұлы.

Сонымен қатар мемлекеттік органның оң имиджін және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға белсенділік танытқан қызметшілерді көтермелеу туралы ұсыным білдіретін көрінеді.

ҚЫЗМЕТТІҢ МАНСАПТЫҚ МОДЕЛІ

2016 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметтің маңсаптық моделі қолданысқа енгізілді. Бос лауазым пайда болған кезде мемлекеттік орган ішкі конкурс өткізеді. Оған бірінші кезекте осы органның төменгі лауазымдарына ие қызметшілер қатысады. Мұндай амалдар мемлекеттік қызметшілерге өздерінің мансаптық ілгерілеуін ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді. Айбек Мұсаұлының айтуынша, ауданда бірыңғай персоналды басқару қызметі құрылғандықтан ішкі конкурсқа жергілікті атарушы органдардың барлық мемлекеттік қызметшілері қатыса алады. Ол үшін төменгі лауазымдарда еңбек өтілі болуы шарт және бос лауазымның міндеттерін атқаруға сәйкес келетін білімі болуы керек.

— Конкурстық іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Агенттікте және оның аумақтық департаменттерінде апелляциялық комиссиялар жұмыс істейді. Іріктеудің нәтижелеріне күмән келтірген үміткерлер осы комиссияларға шағым түсіруге құқылы. Бұдан бөлек олар сотқа да арыздана алады. Конкурстың екінші кезеңі, жалпы конкурс, тек мемлекеттік қызметшілер арасында тиісті үміткерлер анықталмаған жағдайда ғана жарияланады. Оған барлық азаматтар қабылдана алады. Соның ішінде еңбек өтілі жоқ жоғары оқу орындарының түлектері де қатыса алады, — деді ол.

КОНКУРСТАР ӘДІЛ ӨТЕДІ

Аудан әкімі аппараты басшысының Айбек Мұсаұлы мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беретін конкурстардың барлығы ашық әрі әділ өтетінін айтады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің gov.kz/memleket/ entities/qyzmet) интернет-ресурстарында қызметке орналасу конкурсы жарияланып, жарияланған күннің ертеңіне тиісті құжаттар қабылданады.

— Мемлекеттік қызметке конкурсқа түскісі келетін әрбір азамат құжаттарын әзірлеп, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімшесіне тапсырма алады. Бұрын құжаттар тізімінде бірнеше құжат тапсыру керек болса, қазіргі күні 3 қана құжат тапсырады. Үміткердің тестілеуден өту нәтижелерін кадр мамандары «Е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі арқылы өздері қарай алады. Конкурс ашық түрде өткізіледі, әңгімелесу кезеңіне үміткер өзімен бірге байқаушы қатыстыра алады. Әр үміткерге тең көлемде сұрақтар қойылып, жауаптары балл қою арқылы есептеледі. Сұрақтарға мейлінше дұрыс жауап беріп, көп балл жинаған үміткер жеңімпаз болып есептеледі. Әңгімелесу барысы бейнекамераға жазылады, әділ өтуі үшін байқаушылар қатыстырылады, — дейді аппарат басшысы.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ТҰРУ 3 КЕЗЕҢНЕН ТҰРАДЫ

Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға мемлекеттік тілді және ҚР заңнамасын білуге үміткерлерді тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Айбек Мұсаұлы тестілеу барысында әр адам таңдаған лауазым санатына сәйкес бағдарламаны таңдауы қажет екенін, тестілеуден өту жөніндегі нұсқаулықпен МҚІА сайтында танысуға болатынын жеткізді. –

Мемлекеттік қызметке кіру үдерісі конкурс ұғымына біріктірілген бірнеше кезеңнен өтеді. Егер мемлекеттік органда бос лауазымдар пайда болса, онда кандидаттарды конкурстық іріктеу өткізіледі. Бос жұмыс орындары туралы ақпарат конкурс жариялаған мемлекеттік органдардың және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (gov.kz/memleket/ entities/qyzmet) интернет-ресурстарында орналастырылады. Мемлекеттік қызметке алғаш кіретін немесе жаңадан қабылданатын азаматтар іріктеудің келесі кезеңдерінен өтеді. Олар — мемлекеттік тілді және Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге тестілеу, жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу, әкімшілік мемлекеттік лауазымға орналасуға конкурс. Тестті алдын-ала тапсыруға болады, оның жарамдылық мерзімі бір жылды құрайды, — деді ол.

Жалпы конкурсқа қатысуға ниет білдірген азаматтар конкурс өткiзетiн мемлекеттiк органға құжаттарын қолма-қол тәртіпте, пошта арқылы не хабарландыруда көрсетілген электрондық почта мекенжайына электронды түрде не «Е-gov» электронды үкімет порталы арқылы құжаттарды қабылдау мерзімінде тапсырады. Қағидаға сәйкес мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға мемлекеттік тілді және ҚР заңнамасын білуге үміткерлерді тестілеу үш бағдарламадан тұрады. Сіз таңдаған лауазым санатына сәйкес бағдарламаны таңдау қажет. Осы тестілеуден өту жөніндегі нұсқаулықпен МҚІА сайтында танысуға болады. Тестілеуге ЖСН жазылған Қазақстан Республикасы азаматының тұлғасын куәландыратын құжаты бар тұлғалар қатыса алады. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттарды үміткерлердің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңының 17-бабының 4- тармағына сәйкес бекітілген біліктілік талаптарына, сондайақ Заңның 16-бабында көзделген мемлекеттік қызметке орналасу шарттарына сәйкестігіне қарайды және конкурсқа қатысушылардың әңгімелесуге жіберілуі туралы шешім қабылдайды. Үміткерлердің Заңның 16- бабында көзделген мемлекеттік қызметке орналасу шарттарына сәйкестігі Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ақпараттық қызметінің «Арнайы есептер» дерекқоры арқылы тексеріледі. Конкурсқа қатысушылардың дәйексіз ақпарат ұсынуы олардың әңгімелесуге жіберілмеуі үшін негіз болып табылады. Әңгімелесуге жіберілген үміткерлердің тізімі және әңгімелесу кестесі персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) шешім қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде және әңгімелесу өтетін күнге дейін бір жұмыс күнінен кешіктірмей конкурс жариялаған мемлекеттік органның интернет-ресурсында орналастырылады. Конкурсқа қатысуға жіберілмеген тұлғаларға ол туралы персоналды басқару қызметі (кадрлар бөлімі) шешім қабылдаған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның хатшысы хабарлайды. Хабарлама телефон арқылы немесе қатысушылардың электрондық пошталарына және мобильді телефондарына ақпарат жіберу арқылы жүзеге асырылады.Әңгімелесу жүргізу аяқталған күні конкурстық комиссия ұсынылған құжаттар негізінде, конкурстық сұрақтарға жауаптардың нәтижелерін қамтитын өткізілген әңгімелесу нәтижелері бойынша бос орынға үміткерлерді іріктейді.

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Мемлекеттік қызметшілердің жоғары жауапкершілігі мен өз қызметтеріне деген адалдығы, отансүйгіштігі және заңдылықты бұлжытпай сақтауы еліміздің жүйелі дамуына септігін тигізетін анық. Сонымен қатар қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің алатын орны да ерекше екені сөзсіз. Осы орайда қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген «100 нақты қадам» жоспарының «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бөлігіне 15 қадамның енгізілуі мемлекеттік қызметтің маңыздылығын көрсеткендей.

— Мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады» дегені аталмыш реформаның мемлекеттік қызметшілердің келешегі үшін жасалып отырған қадам екенін білдіреді. Елбасымыз атап өткендей, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастырылуы қажет. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті — халыққа адал қызмет ету, — деді Айбек Мұсалы.

Сондай-ақ ол әрбір мемлекеттік қызметші аталған қағиданы еш уақытта ұмытпауы тиіс екенін, халыққа жақын болып, кез келген жағдайда «қара қылды қақ жаратын» әділ болулары қажеттігін, елдің мүддесін бірінші орынға қоятын, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы міндетті екенін жеткізді.

Қазіргідей күрделі кезеңде мемлекет алдында тұрған өзекті шараларды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер екендігін ескерсек, бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілер басқаларға өзінің ісімен, білім-білігімен, тәжірибесімен ғана емес, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлығымен, отансүйгіштігімен, қызметте қажыр-қайратымен кезкелген ортада үлгі болуы керек-ақ.

Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбенің жолы жаңарады

admin_mugalzhar

Аппарат басшысы әкім болды

admin_mugalzhar

Елімізде утилизация алымдарын қабылдау қайта басталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.