Ануар ИСКАРИН: “МҰҒАЛЖАР” – МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

0
548

-“Мұғалжар” газеті редакциясы мені журналист қана емес, тұлға болып қалыптасуыма себепші болған, жан-жақты шыңдаған үлкен мектеп болды. Мектеп қабырғасында жүргенімде өлеңдерімді газетке шығару үшін “Мұғалжар” газеті редакциясына әкеліп тастағаным бар. Газеттің бас редакторы Қуаныш Кенжеғалиев қабылдады. Жүйесіз өлеңдеріме көз жүгіртіп шықты да, бетімді қайтарған жоқ. “Сен өлең емес, мақала жазып көр” деп шығарып салды. Ал әлгі көк дәптер тартпасына сүңгіп кетті. Есесіне, көп ұзамай ауылдағы арпа-бидай қабылдайтын зауыт туралы шағын мақалам жарыққа шықты. Қуанышымда шек болмады. Арада жылдар өтті. Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының сырттай бөліміне ауысқан кезім болатын. Бірде редакциядан қоңырау шалып, қызметке шақырды. Әлгі бас редактордың тартпасында қалған көк дәптер менің аудандық газетке келуіме себеп болды.

Мен үшін журналист болу мақтаныш болды. Жасыратыны жоқ, бұл қызметті меңгеру үшін мектептен, жоғары оқу орнынан алмаған білімді өз бетімше ізденуге тура келді. Бастапқыда қаламым икемге келмей, біраз қиналдым. Бірақ сонда да мойныма фотоаппаратымды іліп алып, қалам мен қағаздан қол үзген жоқпын.Тіпті, бұларды жатарда қасыма алып жататынмын. Бұл менің журналистикаға деген махаббатым едім.

“Ұстазсыз шәкірт – тұл”… Мен журналистиканы өз бетімше меңгеріп кеттім демеймін. Мені ауданның мықты журналисі қылып тәрбиелеген, сол аудандық газеттің бас редакторы қызметіне жетуіме себепші болған негізгі ұстазым Нұргүл Қалиева. Одан соң, ардагер журналистер Қуаныш Кенжеғалиев, Ізгілік Тағанова және “Мұғалжар” газетінің қазіргі бас редакторы Бану Жартина. Міне, осындай керемет жандардың мектебінен шықтым. Әріптестерімді, төл мерекелерімен құттықтаймын!