«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨНЕРЛІ ЖАННЫҢ ЗЕРДЕЛІ БЕЛЕСТЕРІ

ЖИЫРМАСЫНШЫ ҒАСЫРДА ОДАҚ КӨЛЕМІНДЕ Р.ШЕДРИН-М.ПЛИСЕЦКАЯ, М.МАГАМАЕВ-Т.СИНЯВСКАЯ, Н.ДОБРОНРАВОВ-А.ПАХМУТОВА СЫНДЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰПТАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ МАҚТАНЫШЫ ӘЗЕРБАЙЖАН МАМБЕТОВ ПЕН ҒАЗИЗА ЖҰБАНОВА БОЛ-ҒАНЫ СӨСІЗ. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ПЕН ОТБАСЫЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ЕКІ ЖҰЛДЫЗЫ КИЕЛІ ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ҰРПАҒЫНА ӨНЕРДІҢ ІЗГІЛІКТІ САРА ЖОЛЫН САЛА БІЛДІ. ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ҚАТАР ӨНЕГЕЛІ ЖҰП ОТБАСЫНДА ДИНА, ӘЛІБИ, ӘЛИЯ ЖӘНЕ АДАЙ АТТЫ ҰЛ-ҚЫЗДАРЫН ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛІП, ОЛАРҒА ТӘЛІМ-ТӘРБИЕНІҢ НҰРЫН ШАШТЫ. ӨНЕРЛІ ЖҰПТАРДЫҢ БҮГІНДЕ ҚАЙ ҰРПАҒЫН СӨЗ ЕТСЕК ТЕ, МАҚТАН ТҰТАРЛЫҚ ЖАНДАР. БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗ ДА ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ОТБАСЫ ӨНЕРІНІҢ ӨРЕЛІ ЖАЛ-ҒАСЫ, ҚЫСҚА ӨМІРІНДЕ ҒАЗИЗА, АХМЕТ ЖҰБАНОВТАРДЫҢ КОМПОЗИТОРЛЫҚ МҰРАСЫН ДАМЫТА БІЛГЕН ӘЛІБИ ӘЗЕРБАЙЖАНҰЛЫ ЖАЙЫНДА БОЛМАҚ…

Әліби Мамбетов — өнертану кандидаты, тамаша музыкант, Қазақстанның әйгілі композиторы. Ол 1961 жылдың 3 ақпанында Алматы қаласында дүниеге келіп, 2018 жылдың 15 желтоқсанында 57 жасында өмірден өткен жан. Оның бала кезінен өнерге деген құштарлығының қалыптасуына ең алдымен өскен ортасы ықпал еткені сөзсіз. Әліби Мамбетовтің өз кезінде журналистерге берген бір сұхбатында: «Шығармашылық атмосфера — рухани өмірдің, адам жанының тірегі, азығы екенін жастайымнан сезініп, көріп өстім. Нағашы атам, қазақ музыка өнерінің ірі тұлғасы Ахмет

Жұбановты айтпағанның өзінде, әкем Әзербайжан Мамбетов сахна өнерінің, шешем Ғазиза Жұбанова музыка өнерінің үлкен қайраткерлері екені белгілі. Жездеміз белгілі суретші, қазақтың тұңғыш кәсіби бишісі, әдебиет пен өнердің білгірі Әубәкір Исмайловтың тағылымы да текке кетпеді…» деген екен. Болашақ композитор алғашқыда Күләш Бәйсейітова атындағы республикалық арнайы орта музыка мектебінің «скрипка» және «музыкалық теория» бөлімін, Алматы мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясында профессор Тмат Мерғалиевтен домбыра класын және профессор Ғазиза Ахметқызынан музыкалық композиция класы бойынша кәсіби білім алды. Кейін Мәскеу қаласындағы П.И.Чайковский атындағы консерваторияның аспирантурасының композиторлық класы бойынша кәсіби білімін жетілдірді. Мәскеуден білім алып келгеннен кейін алғашқы еңбек жолы Құрманғазы консерваториясының «Қазақ тарихының музыкасы және фольклор» кафедрасынан бастау алып, кейін Т.Жүргенов атындағы академияда, М.Ауезов атындағы академиялық драма театрында, Ахмет, Ғазиза Жұбановтардың ғылыми орталығында жалғастырған. Музыка мәдениетінің әлемінде Әліби Мамбетовтың есімі 80-ші жылдар басында айтыла бастады. Жас композитор ретінде жазған фортопиано мен флейтаға арналған миниатюралары, «Әукеме», «Ақмама» атты күйлері, шекті квартетке арналған «Ноғайлы» шығармасы, виолончель мен камералық оркестрге арналған поэмалары сол кезден бастап тыңдаушылардың жүрегінен орын алған. Композитор шығармаларында еуропалық және ұлттық жанрлардың тарихы мен лирикалық мәнін ашып көрсете білді. «Велончель және камералық оркестрге арналған «Поэма» Алматы, Мәскеу консерваторияларында, КСРО композиторлар одағының пленумында, Фрунзе қалаларының үлкен сахналарында орындалғаны туралы мақтанышпен айтылады.

Ақтөбе облысы бойынша студенттердің фольклорлық экспедициясына жетекшілік етіп, өлкенің музыкалық мұрасына байланысты көптеген құнды материалдар жинақтап, қазақ эпостарының тарихи мазмұны бойынша ғылыми еңбектер жазғаны туралы да деректерде сөз етіледі. Өмірінің соңына дейін қажырлы еңбек етіп, тамаша шығармаларды дүниеге әкеліп, қаламын шыңдай білді. Домбыра, скрипка, фортопиано, флейта, вилончель аспаптарына жазған шығармалары, ұлт-тық және симфониялық оркестрге және шекті, үрмелі аспаптарға арналған квартеттер, романстар, поэмалар, дауысқа арналған әндер, хорға арнал-ған шығармаларымен қатар спектальдердің қойылымдарына жазған музыкалары, теледидар бағдарламаларына арналған тамаша шығармалары шоқтығы биік туындылар. Әліби Мамбетовтің әр жанрда жазған шығармаларының философиялық және эстетикалық мазмұны терең, алға ұмтылудағы идеологиялық мағыналары бар екенін музыка зертеушілері мойындаған.

Осындай нәтижелі еңбегінің арқасында бірнеше дүркін халықаралық фестивальдар мен конференцияларға қатысып, әр түрлі тақырыпта баяндамалар оқып, құдіретті домбыра аспабында тамаша шығармаларын ойнап, ұлтымыздың өнерін ұлықтай білді. Өз кезінде домбыраны шебер ойнау барысында «Қазақстан-Болгария» үгіт-насихат тобының құрамында болып, үкілі домбырамызды асқақтатса, заманауи музыкалық бояуда жазылған «Ночной полет», «Әйелдерге арналған 3 хоры»атты шығармалары Самарқанд, Хорватия, Германияның халықаралық композиторлар фестивалінде қазылар алқасының қауымдастығымен мақұлданған байқауларда орындалып, жүлделерге ие болып, диплом, сертификаттармен марапатталған.

Әліби Әзербайжанұлының еңбек жолындағы жаңаша жемісінің бірі, ол алғаш рет жұмысында музыканы сандық технологияға енгізіп, синтизатор бойынша оркестрдің партитураларын өңдеп, нота жазу жұмыстарын жеңілдете білген екен. Халықаралық мәдениет байланыстарын жүзеге асыру және оны дамыту жұмыстарына да белсене араласып, шет елдерде болып, ғылыми және шығармашылық жобаларға қатысып, өнеріміздің серпілуіне ықпалын тигізе білді.

Композиторлық жұмысымен қатар ол отбасында жақсы жар, балаларына асқар тау әке бола білді. Жары Ляззат Сағынаева Алматы қаласындағы Ахмет, Ғазиза Жұбановалардың ғылыми мұрасын зерттеу пәтер-музейінде ғылыми қызметкер. Жиырма сегіз жыл отасқан жары сөзінде: «Ол өте қарапайым, жүрегі нәзік жан еді. Әсіресе, ішкі жан-дүниесінің дүниетанымы кең, оны сөзбен жеткізу мүмкін емес», — деп еске алады. Ляззат Елемесқызы бүгінде ағайынды Жұбановтар ғылыми мұраларын зерделеп және олардың ұрпақтарының шығармашылықтарын насихаттап жүрген жандардың бірі. Копозитордың ұлы Алихан менеджер және ағылшын тілі маманы, ал қызы Айғаным өнерлі жан, тамаша суретші және режиссерлық жұмыстарды қатар алып жүрген талантты жастардың бірі. Ата-анадан дарыған композиторлық өнерді ерекше пір тұтып, қастерлей білген Әліби Мамбетовтың әр жанрда шеберлікпен жазған шығармалары әлі талай айтылып, жыры төгілері сөсіз.

Ұлболсын КЕРЕЙҚЫЗЫ, ағайынды Жұбановтар музейінің директоры, Ембі қаласы

Ұқсас ақпараттар

Ертай САРМАН: ШӘКІРТ ТӘРБИЕЛЕП, ҰСТАЗ БОЛСАМ ДЕЙМІН

admin_mugalzhar

ПУСТЬ БУДЕТ ТЕПЛОЙ ОСЕНЬ ЖИЗНИ

admin_mugalzhar

БАЛА АРМАНЫ ОРЫНДАЛҒАН ҰСТАЗ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.