«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕГЕН ӘУЛЕТ

«Белгілі жазушы Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романындағы кейіпкердің бірі Судыр Ахмет прототипінің қызымын» дейді өзін ақкемерлік Жанбөпе Сырғабекова. Бүгінде үлкен бір әулеттің анасы атанып отырған әжейдің кейінгі ұрпаққа үйретер ісі мен қалдырар өнегесі де зор. Әке мен ананың өнерін бойға жиған бұл отбасының балалары да шетінен өнерлі.

Берік отбасы — қоғамның тірегі. Сәні мен салтанаты жарасқан берекелі шаңырақ кімкімге болсын үлгі. Бүгінгі кейіпкерлеріміздің бірі — ақкемерлікКөмекбаевтар отбасы осындай үлгіге айналған әулет. Соның бір дәлелі
— олар биылғы «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңіне қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

Бүгінгі әулет үлкені Жанбөпе әжейдің жолдасы Шаки Көмекбаев жетімдіктің дәмін ерте тартқан, еңбекпен де бала кезден достасқан, ұрпағын да сол еңбекке баулыған жан болыпты. Алдымен жүргізуші, кейін Ақбасты елді мекенінде шаруашылық меңгерушісі қызметін атқарған отағасы 58 жасында дүниеден озған. Жұбайы Жанбөпе 8 құрсақ көтеріп, 6 ұл және 2 қыз тәрбиелеп өсірген.
Жастайынан өнерге жақын болып өскен Жанбөпе Сырғабекқызы қазақи салт-дәстүрді ұстанып, анасынан үйренген киіз басу, алаша және киім тоқудан әлі де қол үзген емес. Бойындағы өнерін өзінің қыз-келіндеріне ғана емес, үйренемін деп ниет етушілерге де бар ынтасымен сіңіріп жүр.
Еңбегі бағаланып, қолөнерден өткен облыстық және аудандық байқауларға, мәдени шараларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып, бірнеше рет Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар алған. Бүгінде Жанбөпе әже
ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немере, шөберелерінің қызығын көріп отырған ұлағатты әже. Көз ашқалы бейнет көрген қария әжеміз бүгінде өз орындарын тапқан ұл мен қыздың, немере мен шөберенің ортасында бақытты да баянды ғұмыр кешіп келеді.
Жалпы Көмекбаевтар әулеті өнерге жақын жандар екенін жоғарыда тілге тиекеттік. Әкелері Шаки Көмекбаев темірден түйін түйген ұста кісі болған. Етік тігуден бастап барлық құрал-саймандарды өзі қолдан жасайды
екен. Механика саласын да жетік білген.

Ал тұңғыш ұлдары Сәрсен өзінің аз ғана өмірінде өрт сөндірушілік қызметімен қоса термеші, әнші болып, ауылдың той-думандары мен концерттерде өз өнерін көрсетіп жүретін. Қызы Өрік те анасының қолөнерін
жалғастырып, дамытып, кәсіпке айналдырған. Қазір қыз жасауына арнайы тапсырыстар қабылдап, ауылдастарының көңілінен шығып отыр. Ұлдары Махатжан, Төлеген мен Талғат мұнай саласында қызмет жасайды. Шаңырақ иесі Төлегеннің жары Эльмира енесінің қолөнер машығын үйреніп, осы салада жұмыс жасауды қолға алып, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр. Ал немересі Аяулым Башқұртстанда өткен қолөнер сайысында моншақтан бас киім тігіп, жүлделі 3-орын иеленген. Ал тағы бір қызы Мейіз Ақкемер ауылының өнер орталығы — мәдениет үйінің директоры қызметін атқарады. Мәдениет саласында өнер көрсетіп, облыстық және ауданаралық шараларға белсене қатысып, ауылдың өнер саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Жанбөпе әженің бесінші ұлы Марат әке жолын қуып, қолөнерді меңгерген, ұсталықты серік қылған азамат. Қолының бос уақытында түрлі мүсіндерді жасап, етік тігіп, өз машығын шыңдап келеді.

Көмекбаевтардың отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бір ұшы — олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» демеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің сөйлемеуінде, бала тәрбиесіндегі ұл тәрбиесі, қыз тәрбиесі деп жеке-жеке мән берулерінде. «Жеті атасын білген ұл — жұрттың қамын жер» деген аталы сөзді ұстану осы отбасының ұраны.

— Отбасы — кішкентай мемлекет. Әр отбасы мүшесін тәрбиелей отырып, бүтін бір мемлекеттің халқын тәрбиелейміз. Сол себепті біздің отбасында тәрбиеге аса мән беріледі. Бала-келіннің бәрі өз балаларына өздері алған тәрбиені берері анық. Сондықтан отағасы екеуміз балаларымыздың бойына барынша
жақсы қасиеттерді сіңіріп, жаманнан жирентуге тырыстық. Бүгінде немере тәрбиесінде де баланың тілі шығып, анық сөйлей бастаған кезден-ақ ағайын-туысты, нағашы жұртын, ата-тегін, руын, ел жұртын білдіруге ерекше көңіл бөлуге тырысамыз. Салт-дәстүрді бойларына сіңіру жолында еңбектеніп келеміз, — дейді Жанбөпе Сырғабекова.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

МАЛ ЕМДЕУГЕ АРНАЙЫ ОРЫН АШЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ: ГАЗЕТ — ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ШЕБЕРХАНАСЫ

admin_mugalzhar

ЖАҢАДАН САЙЛАНҒАН МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫ КУӘЛІК ПЕН ТӨСБЕЛГІ АЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.