«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТЕГІН ЖЕР: АУЫЛДА СҰРАНЫС ЖОҚ ҚАЛАДА КЕЗЕК КӨП

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘРБІР АЗАМАТЫ ЕЛІМІЗДІҢ КЕЗ КЕЛГЕН АЙМАҒЫНАН ТҰРҒЫН ҮЙ САЛУ МАҚСАТЫНДА МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН БІР РЕТ ТЕГІН 10 СОТЫҚ ЖЕР ТЕЛІМІН АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ. БҰЛ ЖЕР КОДЕКСІНІҢ 50-БАБЫНДА НАҚТЫ

КӨРСЕТІЛГЕН. ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ ТҰРҒЫНДАРҒА ТАРАТЫЛЫП БЕРІЛМЕС БҰРЫН, ОЛ ЖЕРЛЕРГЕ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРОҚҰРЫЛЫМ ЖЕЛІЛЕРІ (АУЫЗ СУ, КӨГІЛДІР ОТЫН, ЖАРЫҚ) ТАРТЫЛУЫ ТИІС.

БҮГІНДЕ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ЖЕР ТЕЛІМІНЕ ДЕГЕН СҰРАНЫС АРТЫП ОТЫРҒАНЫН БАЙҚАУҒА БОЛАДЫ. ҚАЛА СЫРТЫНДАҒЫ ШАҒЫН АУДАНДАРДЫҢ КӨБЕЮІ СОҒАН ДӘЛЕЛ. БІРАҚ СОҢҒЫ УАҚЫТТА АЛЫНҒАН ЖЕРДІҢ МАҚСАТТЫ ТҮРДЕ ПАЙДАЛАНЫЛУ ҚАРҚЫНЫ БӘСЕҢДЕП КЕТКЕНІН ЖОҚҚА ШЫҒАРУҒА БОЛМАС. АЛ АУДАНҒА ҚАРАСТЫ ӨЗГЕ ҚАЛАЛАР МЕН АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЖЕР АЛЫП, ҮЙ САЛУҒА ДЕГЕН ЫНТАСЫ ТІПТІ ТӨМЕН. БҰЛ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕГІ МАТЕРИАЛДА ТАРҚАТАТЫН БОЛАМЫЗ…

КЕЗЕКПЕН БЕРІЛГЕН ЖЕР ИГЕРІЛМЕЙДІ

егі бүгінде өз шешімін тауып келеді. Аудан орталығы Қандыағаш қаласында 2016-2021 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін арнайы кезекке тұрған 2750 азаматқа жалпы көлемі 2 612,5 мың шаршы метр жер учаскесі тегін берілген. Ал тегін жер телімін алу үшін кезекте 2661 адам тіркеуде тұр екен. Қандыағаш қаласының әкімі Талғат Өтемұратов «Самал» мөлтек ауданының 9, 10, 11-ші кварталынан 2082 жер учаскесі, ал «Жаңақоныс» мөлтек ауданынан 462 жер учаскесі берілгенін айтты.

— «Жаңақоныс» мөлтек ауданындағы нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған 206 жер учаскесі кері қайтарылып, басқа пайдаланушыларға берілді. 2021 жылдың аяғына дейін аталған шағын ауданнан арнайы кезекте тұрған 180 азаматқа жер учаскесін табыстауды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге жоғарыда берілген 2750 жер учаскесінің басымы игерілмей отыр. Қазіргі таңда кем дегенде жер учаскелерінің 25-26% ғана ішінара игерілуде. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұратылған кезде азаматтардың өтініштері (қолдаухаттары) арнайы есепке алынады және бөліп берілетін алаңдардың дайын болуына қарай не жеке тұрғын үй құрылысы үшін пайдаланылатын бос аумақтар бар болған кезде қанағаттандырылады. Азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру қағидаларын орталық уәкілетті орган бекітеді, — деді Қандыағаш қаласының әкімі.

Бүгінгі таңда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында аталған ықшам аудандарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ол жерлерге электр желілері мен су құбырлары тартылуда. Сонымен бірге көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, тасжолдар салынуда.

Қала басшысы қала аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелері 3 жыл мерзімге жалға өтеулі пайдалану құқығына берілетінін, осы мерзім ішінде жер учаскесін өз нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбаған жағдайда ҚР Жер Кодексінің 81 бабына сәйкес мемлекеттік босалқы жер қорына кері қайтарылып, кезекте тұрған азаматтарға қайта табысталатынын жеткізді. Ал жеке тұрғын үй құрылысы үшін арнайы кезекке тұрушы тұрғындарға өзімен бірге жеке куәлігін және ЭЦП қолтаңбасын алып, Қандыағаш қаласының әкімдігіне келуі керектігін айтты. Тегін жер телімін алу үшін азаматтың жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы маңызды емес. Жер алушы сол жерге тұрғын үйді салып, пайдалануға енгізгеннен кейін ғана жер телімінің иесі атанады.

ЕМБІ МЕН ЖЕМДЕ ЖЕР КЕЗЕГІ ЖОҚ

Соңғы жылдары Ембі қаласының да әлеуметтік және экономикалық жағдайы артып келеді. Қала көшелері жаңартылып, жеке тұрғын үйлердің саны көбеюде. Соңғы 3 жылда Ембі қаласында тұрғын үй құрылысын салу үшін 47 тұрғынға жер учаскесі берілген. Бүгінде ол жерлерде құрылыс жұмыстары жүруде.

— Ембі қаласының аумағы үлкейіп келеді. Жеке тұрғын үйлер үшін берілетін жер учаскелеріне инженерлік желілер толығымен тартылды. Ембі қаласы бойынша жеке тұрғын үй салу үшін арнайы жасақталған кезек жоқ. Тегін жер телімін алам деушілерге кезекке тұрмай-ақ жер телімдері берілуде, — дейді Ембі қаласының әкімі Әлімжан Қорғанбай.

Аудан аумағындағы үшінші қала болып табылатын Жемде үкіметтен тегін жер алып, жеке тұрғын үй салуға ниетті адам жоқ. Қала әкімі Жұматай Бисеновтің айтуынша, қала аумағында бүгінде көгілдір отын мен электр жарығы толықтай барып тұрған 30-дан астам жер учаскелері бар.

АУЫЛДА ЖЕР АЛУҒА МҮМКІНДІК МОЛ

Бүгінде аудан орталығы Қандыағаш қаласымен іргелес ауылдық округтерден 10 сотық жер телімін сұрап, жеке тұрғын үй салушылардың қатары көп. Айталық Еңбек ауылдық округі бойынша соңғы бес жылда округ орталығы Сағашилі ауылынан 16 тұрғын үй бой көтерген.

— Біздің ауылдық округ аудан орталығына жақын, мал шаруашылығын дамытуға ыңғайлы. Ауылдың толықтай газбен, сумен, жарықпен қамтылуы ауылға келем деушілердің қатарын көбейтіп отыр. 2016-2020 жылдар аралығында жеке тұрғын үй салуға Басшилі ауылынан -7, Теміркөпір ауылынан-1 жер телімі берілді. Сонымен бірге округке көршілес Маңғыстау облысынан 20 отбасы қоныс аударып, ауылымыздың тұрғыны атанды, — деді Еңбек ауылдық округінің әкімі Аманбай Каюпов.

Ал Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазбек Аққайыр ауылда жер сұраушылардың дені шаруашылығын дамытуға қосымша жер алсам деушілер екенін айтады. Дегенмен заң аясында өздеріне тиісті жер телімін алып, үй салушылардың да барын жеткізді.

— Өткен жылы Дәурен Асабаев есімді азамат ауылдан жер алды. Ол жерге ауыл имамына арнап ауыл азаматтары үй тұрғызды. Сонымен бірге округке қарасты Еңбек ауылынан да екі азамат өздеріне тиесілі 10 сотық жер телімін алып, жеке тұрғын үй салды, — деді ол.

Аудан орталығы Қандыағаш қаласының іргесінде орналасқан Жұрын ауылының тұрғындарына ұзақ жылдардан бері көгілдір отын арман болып келген еді. Бүгінде ауылды жаппай газдандыру үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ауыл әкімі Рамазан Үргенішбаев ауылға газдың тартылуы ауылдың дамуына өз септігін тигізіп жатқанын жеткізді.

— Ауылға газ беріледі дегеннен бастап ауыл тұрғындары үй-жайларын жөндеп, қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ бұрын көшіп кеткен тұрғындар ауылға қайтып келіп, жеке тұрғын үй салу үшін жер телімдерін сұрауда. Біз үй салам деушілерге еш кедергі келтірмей, уақыттарын алмай, тиісті жер телімдерін беруді ұйымдастырып жатырмыз, — деді ауыл әкімі.

Егіндібұлақ, Қайыңды, Ақкемер, Мұғалжар ауылдық округтерінен де бірді-екілі жер телімін алып үй салушылардың, ауылшаруашылығын дамытушылардың бары көңілге қуаныш ұялатады.

Ал аудан орталығынан шал-ғайда орналасқан Батпақкөл, Ащысай, Құмсай, Жұбанов, Құмжарған ауылдық округтерінің әкімдері ауылдан жер телімін сұрап, үй салушылардың жоқ екенін мәлімдеді.

ТҰРҒЫНДАР ЖЕР ТЕЛІМІНЕ 5 МЛН 870,8 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАРЫЗ

Әрбір азамат өзіне тиесілі 10 сотық жер телімін алып, қазық қағылған жер учаскесіне жалға алу төлемақысын төлейді. Оның бағасын жер қатынастары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдар бекітеді. Аудандық жер қатынастары бөлімінің мамандары бүгінде беріліп жатқан қала сыртындағы жер телімдеріне төленетін салық мөлшері жылына орташа есеппен 7000 теңгені құрайтынын айтты. Ал салықтың өндірілуін тұрғылықты жердегі салық органдары жүзеге асырады.

— Жер учаскелері мен жер қойнауы учаскелерін беру тәртібі Қазақстан Республикасының Жер Кодексінде және «Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңнамасында белгіленген. Жеке тұлғалар өтеулі жер пайдалануға алынған және кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын (пайдалануға жатпайтын) жер учаскелері бойынша төлемақы сомасын 25 ақпаннан кешіктірмей төлеуге міндетті. Қазіргі таңда жеке тұлғалардың салық алдындағы берешектері 5 млн 870,8 мың теңгені құрап отыр, — деді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Айбол Жұмабаев.

Р.S. Мақала жазу барысында ауылдан жеке тұрғын үй салуға жер сұраушылардың қатары аз екенін байқадық. Ауыл әкімдерінің айтуынша, ауылда тұратын жастардың көпшілігі жер телімін облыс орталығынан немесе аудан орталығынан алғанды жөн санайды. Әрине, жастар болашағын қаламен байланыстыратыны сөзсіз. Дегенмен алтын діңгегіміз саналатын ауылдың тұраламауы да жастарға байланысты екенін ұмытпайық…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанның 100 мектебінде пилоттық режимде буллингке қарсы бағдарлама іске қосылады

admin_mugalzhar

АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНА МОНИТОРИНГ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

admin_mugalzhar

Словакияда барлық тұрғындар коронавирусқа тест тапсыратын болды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.