ОЛ ӨЗІН БАСҚАЛАРДАН ӨЗГЕШЕ НЕМЕСЕ КЕМ КӨРМЕЙДІ. ӨЗІМЕН ТАҒДЫРЛАС ЖАНДАРҒА ДА «МҮМКІНДІГІМ ШЕКТЕУЛІ» ДЕП ОЙЛАМАУ КЕРЕКТІГІН, МИДАҒЫ ШЕКТЕУДІ АЛЫП ТАСТАП, «ҚОЛЫМНАН БӘРІ КЕЛЕДІ» ДЕП АЛҒА ҰМТЫЛУ ҚАЖЕТ ЕКЕНДІГІН АЙТАДЫ. СОНЫҢ ДӘЛЕЛІ -ТАҒДЫРДЫҢ ДЕГЕНІНЕ МОЙЫНСҰНБАҒАН МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ИНДИРА БАЙДОЛЛИНА БІРНЕШЕ ЖЫЛ БҰРЫН «ZHAS PROJECT» ЖОБАСЫНАН ГРАНТ ҰТЫП АЛЫП, ЖАҒДАЙЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАРҒА ТЕГІН ХИМИЯЛЫҚ ТАЗАЛАУ ОРНЫН АШҚАН. БҮГІНДЕ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ЖАҢА КӘСІПТІ ҚОЛҒА АЛҒАН ИНДИРАНЫҢ АЙТАРЫ БАР ЕКЕН.
2015 жылы Кентау қаласындағы Арнаулы кәсіптік колледжге оқуға түскен бойжеткен ЭВМ операторы мамандығын оқып жүріп, 2017 жылы колледж атынан арнайы жобаға катысады. Осы жобадан ұтып алған 1 миллион Индира үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Оқып жүріп, сол Кентаудан химиялық тазалау орнын ашады. Кейін 2018 жылы наурыз айында оқудан екі айға өндірістік тәжірибеден өту үшін Қандыағаш қаласындағы ерікті мүгедектер қоғамында дизайнер ретінде іс-тәжірбиеден өткен. Тәжірибеден өту барысында ұжым мүшелерінің қолдауына ие болып, ықыласына бөленгені де рас.
— Тәжірибеден өту барысында баспа ісіне қызығушылығым оянды. Сөйтіп осы саланы тереңдеп үйрене бастадым. 2018 маусым айында қолыма дипломымды алып, Қандыағаш қаласына қайта келіп, баспа ісіне қажетті құрал-жабдықтарды алып, жұмыс жасай бастадым. Сонымен қатар ерікті мүгедектер қоғамында » Жастар тәжірибесінен» өтіп, әрі қарай ақылы қоғамдық жұмыс арқылы тұрақты жұмысқа орналастым. Сол жылы білімімді шыңдау үшін Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнының сырттай бөліміне түсіп, 2021 жылы оқуымды аяқтап шықтым. Қазіргі таңда ерікті мүгедектер қоғамында программистпін. Жұмысымнан бөлек, қосымша табыс ретінде өзімнің апараттарыммен және қоғам берген аппараттар арқылы аудан бойынша бала-бақшалар және мұғалімдермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жүрмін. Бұдан бөлек, көшірме, қағаз, суреттерді басып шығару, шоколадтарға қаптамалар,қорапшалар, тойларға тойбастар тағы да басқа жұмыстар жасаймын. Жасаған жұмыстарыма әлеуметтік желі арқылы тапсырыс қабылдап, қолымнан шыққан дүниелерімді салып отырамын, — дейді жан-жақты Индира.
— Индира өмірге сап-сау келді. Қонатан қалмайтын халықпыз ғой. 6-7 айлығында сол бір қонақтан келгеннен кейін, 1 апта қызуы көтеріліп, ауырсынды. «Көз тиген» деп қойдық. 9 айлығында балалардағы церебралды паралич (ДЦП) диагнозы қойылып, 2 топ мүгедектігі берілді. Қызымыз диагнозына қарамай, 3 жасында алғаш қадам басып, бізді қуанышқа бөледі. Мектепті үйден оқыды. Өте алғыр болғандықтан, сыныптан сыныпқа ерте көшірілді. Оның 2 қолы және тамырлары тартылып қала береді, соған қарамастан қолөнер үйірмесіне қатысты. Қазақстанның көп қалаларына жарыстарға барып, жүлделермен оралып жүрді. Колледжді де, жоғары оқуды да өзге үлкен қалаларда оқыды. Өзі барып, өзі жүріп үйренген. Қызым өте пысық, жинақы, әрдайым таза жүреді және көңіл-күйі үнемі көтеріңкі. Оның бұдан да биік жетістіктерге жететініне сенемін, — дейді анасы Анар Байдоллина.
Индира өзін де, өзімен тағдырлас жандарды да ешкімнен кем көрмейді, мүмкіндігі шектеулі дегенге де келісе алмайды.
— Көп жерге шықпай, тек керек дүниелерді интернет арқылы қарайтынмын. Себебі менде комплекс басым болды. Кейін отбасым маған «сенің қолыңнан бәрі келеді» деп үнемі демеу көрсеткесін, солардың арқасында мүмкіндігім шексіз екенін сезіне бастады. Қазір жағдайым жақсы, кез келген жерде еркін сөйлеп, ойымды еркін жеткізе аламын. Бұл — жақындарымның қолдауы мен өз-өзіме деген сенімімнің арқасы. Сонымен бірге өзім тәрізді жандардың барлығын еш нәрсеге мойымай, тек алға қарай талпынуға шақырамын. Себебі өзім, осы өмірде ешқандай шектеу жоқтығын түсіндім. Шектеудің барлығы — біздің мида екен. Индираның қазіргі мақсаты жоғары оқу орнын бітірген дипломы бойынша тұрақты жұмысқа орналасу. Алған білімі арқылы өзі де дамып, қоғамға да пайдамды тигізсем дейді.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ