Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің жұмыс сапары Қандыағаш қаласында жалғасты. Облыс басшысы 40 жылға жуық тарихы бар қайта жаңартылған орталық стадионның жұмысымен танысты.⠀
Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты стадион өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жөндеуден өткен болатын.
Жөндеу жұмыстары барысында стадионның футбол алаңы мен жүгіру жолағы жөнге келтірілді. 500 орындық трибуна қайта салынып, жаңа үлгідегі жарық шамдары қойылды. Жөндеуден өткен орталық стадион түрлі спорттық жарыстармен қатар, бұқаралық іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде спорттың 12 түрінен (футбол, волейбол, бокс, қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, самбо, қол добы, шахмат, үстел теннисі, ауыр атлетика, пауэрлифтинг) 1271 бала шұғылданады.
Сонымен қатар орталық стадионның жүгіру алаңына күнделікті қарапайым қала тұрғындары келіп жаттығу жұмыстарын жүргізеді.