Елімізде мемлекеттік қызметшілерге арналған әдеп кодексінің жаңа жобасы дайындалды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Агенттік мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының сақталуы бойынша мониторинг жүргізу жұмысын жалғастыруда. Мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мақсатында «Е-қызмет» жүйесін интеграциялау жұмысы жүріп жатыр. Әзірше 119 интеграция жүзеге асырылды. Агенттіктің бастамасына сай аумақтық департаменттер мен еңбек инспекциясы жөніндегі өңірлік басқармалардың арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды», — деді Дархан Жазықбаев агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында.
Агенттің басшысының айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқығын бұзу бойынша 93 материал қаралып, нәтижесінде 65 қызметшіге қосымша демалыс берілді. Және аталған олқылыққа жол берген 2 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «Мемлекеттік қызмет саласына қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты агенттікке ұсыныстар беруді қолға алу қаралуда. Мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру мақсатында әдеп кодексі үлгісінің жаңа жобасы әзірленді. Онда адамға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыру, мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтық қағидасының сақталуына басымдық берілген», — дейді ол.