«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҒЫМСЫЗ ИІС «ЖЫРЫНЫҢ» ЖАЛҒАСЫ…

АЛА-ҚАРАҢҒЫДА АУАҒА ТАРАП, ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚТЫҢ ТАҢҒЫ ҰЙҚЫСЫН БҰЗЫП, ҚОЛҚАНЫ ҚАБАТЫН САСЫҚ ИІСТІ ЖОЮ ҮШІН АУДАН ӘКІМІНІҢ БАСТАМАСЫМЕН ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕЛЕРІЖӘНЕ ДЕПУТАТТАР 2019 ЖЫЛДАН БЕРІ ЖҰМЫСТАНЫП КЕЛЕДІ. ДЕЙТҰРҒАНМЕН, «АЙТА АЙТА АЛТАЙДЫ, ЖАМАЛ АПАМ ҚАРТАЙДЫ» ДЕМЕКШІ, БІРНЕШЕ ЖЫЛДАРДАН БЕРІ ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАРДЫҢ БАС АУРУЫНА АЙНАЛҒАН БҰЛМӘСЕЛЕ ӘЛІ ДЕШЕШІМІН ТАБАР ЕМЕС. «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСТЕРІ КЕҢЕСМҮШЕЛЕРІМЕН БІРГЕ БІРНЕШЕ МӘРТЕ ПОЛИГОН ОРНЫНА БАРЫП, ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРДЫ КӨЗБЕН КӨРІП, АҚПАРАТТЫҚ МАТЕРИАЛДАР ЖАЗҒАНЫНАН КӨЗІ ҚАРАҚТЫ ОҚЫРМАН ХАБАРДАР. ЖҰМЫС ЖАСАЛЫП ЖАТЫР, БІРАҚ ИІСТЕН АРЫЛАР ЕМЕСПІЗ… НЕГЕ? БҰЛ СҰРАҚ ӨТКЕН АПТАДА ДА, КҮНІ КЕШЕ ДЕ АУДАН ӘКІМІМЕН КЕҢЕСМҮШЕЛЕРІН, ДЕПУТАТТАР МЕН ЖУРНАЛИСТЕРДІ ТАҒЫ ДА ПОЛИГОН БАСЫНА АПАРДЫ. СОНЫМЕН…

ТОҒАНДЫ ТАЗАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ
Ол жерде жиналғандар аталған мәселенің мән-жайын анықтау үшін «Кентавр» ЖШС-нің басшылығымен кездесті. Біз барған өндіріс қалдықтарытөгілетінбуландырғыштоғанаймағының 6 бөлігі (карта) бар. Оның жалпы аумағы 70 гектар жерді құрайды. Қазір карталар арасында егістік алқабын суаруға арналған құбыр тарту жұмыстары жүргізілуде. «Кентавр» ЖШС-і директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Насырбек Ниязов бүгінгі таңда №1 картаға «фугат» деп аталатын ашытылған бидайдың қалдықтары (барды) төгіліп жатқанын жеткізді. Ал №6 картадағы зауыттан шыққан техникалық су қалдықтары №2 картаға сорылып, құйылып жатыр екен. Судан тазаланған карталарға жағымсыз иісті азайтатын бактериялар жіберіледі. №6 карта судан босатылғаннан кейін, кептіружұмыстарыжүргізіледі. Кептіружұмыстарынашамамен 40 күндейуақыт керек. Сонымен бірге алдағы уақытта №3 картаны да тазартып, суын сорып, құрғату жұмыстары жүргізіледі екен.

ЖАҒЫМСЫЗ ИІСПЕН КҮРЕСУГЕ 70 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН
Аталған жұмыстармен танысқан аудан әкімі Асқар Шериязданов қала ішіне таралатын жағымсыз иістің полигон аймағында сезілмейтінін, қала ішінде орналасқан зауыттан да ол иістің шықпайтынын айтып, өндіріс басшыларынан қолқаны қабатын иістің қалаға қайдан келіп жатқанын сұрады. Зауыт өкілі Насырбек Ниязов спирт зауыттың қалдықтары тек екі құбыр арқылы сыртқа шығарылатынын тілге тиек етті. — Өндіріс қалдықтарының су қоймасына ағызылатын құбырларында ешқандай олқылықтар жоқ. Бүгінгі таңда зауыттан полигонға дейін екі құбыр тартылған.. Оның бірі техникалық су қалдықтары болса, екіншісі бидай ашытқыларының сұйық қалдықтары, яғни барда. Ол «фугат» деп аталады. Техникалық су қалдықтарынан аса қатты жағымсыз иіс шықпайды. Ал фугаттың иісі жағымсыз. Осы фугат күн ысыған сәтте буға айналып, ауаға көтеріледі. Ал кешкілік күн салқындаған кезде ол төмен түсіп, желдің бағытымен қала аумағына немесе Жұрын, Басшилі секілді ауылдарға таралады. Оның жан-жаққа таралуы ауа температурасына байланысты. Осы жағымсыз иісті болдырмау мақсатындағы жұмыстарға зауыт басшылығы биыл 70 млн теңге бөліп отыр. Оған иісті азайтатын бактериялар сатылып алынады. Сонымен бірге егістік алқабына қажетті жұмыстар жүргізіледі, — деді Насырбек Әбдімәжитұлы. Оның айтуынша, зауыттан тәулігіне 700 текше метрден астам өндірістік-техникалық қалдық су, 500-ге жуық сұйық азотты-калийлі минералды тыңайтқыш яғни бүгінде жалпылама «фугат» деп аталып кеткен бидай ашытқысының қалдығы аталған тоғандарға құйылады.

ЭКОЛОГ: «ХЛОРЕЛЛА ЖАҒЫМСЫЗ ИІСТІ АЗАЙТАДЫ»
Ал зауыт экологі Гүлнар Болшабекова карталардағы қалдық сулар сорылып алынғаннан соң «хлорелла» деп аталатын бактериялардың қосылатынын, ол біршама уақыт өткеннен кейін қалдық сумен әрекетке түсіп, жағымсыз иісті азайтатынын жеткізді.
— Жағымсыз иісті азайтатын бактериялар (хлорелла) зауытта өсіріледі. Жылда қалдық судан тазартылған карталарға осы бактериялар жіберіледі. Биыл да осы жұмысты жалғастырмақпыз. Олар жағымсыз иісті түбегейлі кетіреді деп айта алмаймын. Бірақ иісті 2-3 есеге дейін азайтады. Сорылған қалдық сулар фугатпен араластырылып, тыңайтқыш ретінде егістік алқабына жіберіледі. Алайда карталар судан тазартылған уақытта жағымсыз иістер қайта көтеріледі. Ал кепкеннен кейін сасық иіс азаятын болады, — деді ол.

ЕГІН БИЫЛ ДА ЕГІЛЕДІ
Жағымсыз иісті болдырмау мақсатында жасалып жатқан жұмыстардың бірі — полигон жанынан егілетін егістік. Алқаптың жалпы көлемі 500 гектарды құрайды. Оның 250 гектарына биыл «Рахат» ШҚ-ы бидай шөбін (житняк) егуді жоспарлап отыр. Ал «Кентавр» ЖШС-і 200 гектар жерге судан шөбінің тұқымын себеді. Біз көрген егістік алқабының жері жыртылуда. Алдағы уақытта тұқым себу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге егістік алқабына тартылатын су құбырлары да жасалуда. Сондай-ақ «қосымша су сору құрылғылары қондырылады» деп сендірді өндіріс өкілдері. Техникалық қалдық сулар тыңайтқыш ретінде егістік алқабына жіберіледі. Ал барданың суы фугатпен егістікті суаруға болмайды. Себебі барданың суы бірнеше рет арнайы мамандар тексеріп, тазалау жұмыстарын жүргізу қажет. Содан кейін ғана егін суаруға болады.

ЕСКІ ПОЛИГОН ҚАЙТА ЖАБУДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Қала тұрғындарының бас ауруына айналған жағымсыз иістің қайдан шығып жатқанын анықтау мақсатында аудан әкімі бастаған топ аталған мекеменің ескі полигонына да барды. 2020 жылы өндіріс орнының көлемі 2715 гектар болатын бұрынғы полигонның беткі қабаты қырылып, арнайы техникалық полиэтилен жабындысымен жабылып, үсті топырақпен көмілген болатын. Бұл жерден де қала аумағына таралатын жағымсыз иіс аса байқалмайды. Дегенмен көктем кезінде қар еріп, су аққан сәтте кейбір жабындылар ашылып қалған. Аудан әкімі ашылған жерлерге қайтадан полиэтилен жабындысын төсеп, үстін топырақпен жабуға тапсырма берді. Сонымен қатар қала халқының таза ауамен демалуы маңызды екенін айтып, зауыт басшылығына қатаң ескерту жасады. Ал Насырбек Ниязов бүгінде бұл жерлерге қайтадан арнайы жабынды төсеу үшін 500 шаршы метр техникалық полиэтиленнің сатылып алынған айтып, алдағы уақытта жиналған қар сулары сорылып, жабынды төсеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.

ТӘУЕЛСІЗ ЭКОЛОГ НЕ ДЕДІ?
Кеше ауданға тәуелсіз эколог Александр Мандрыкин мен «ЭкоПолюс+» компаниясы директорының орынбасары Асқар Қадыров арнайы келді. Олар жергілікті «спирт зауытының» қалдықтары төгілетін тоғанғабарып, карталардықарапшығып, жағымсыз иістерді жою мәселелерін талқылады. Біз жоғарыда атап өткен жасалған және жасалар жұмыстар жаңа келушілерге тағыда қайталанып, тәмпіштеп түсіндірілді. Жағымсыз иісті жою бойынша атқарылып жатқан осы жұмыстармен танысқан Александр Мандрыкин біздің «бұл жұмыстар жағымсыз иісті жоюға кепілдік бере ме?» деген сұрағымызға зауыт басшылығы айтқан иісті азайту жобалары мен модернизациялауды толық көрмегендіктен жұмыс қорытындысын жобалай алмайтынын жеткізіп, «дегенмен егер алдағы күнге жоспар жасалса, нәтижесінен де үмітті деген сөз» деп қорытындылады өз сөзін. Сонымен қатар эколог полигон аумағындағы ландшафтты да жақсарту қажеттігін атап өтті.

Түйін
Жағымсыз иісті жоюға бағытталған жұмыстар легін тағы да атап айтайық. Олар — тоғандарға сасық иісті азайтатын бактериялар жіберу, полигон аймағына суармалы егін егу. Бұл жобалар өткен жылы да жасалды, бірақ қолқаны қапқан иіс азаймады. Енді зауыт басшылығы жоғарыдағы жұмыстарды қайталаумен қатар, полигон аймағына үш деңгейлі жасыл белдеу отырғызып, иісті азайтамыз деп сендірді. Айтарымыз біреу, жылдар желісінде берілген уәде мен жасалған жұмыс халық сеніміне селкеу түсірмесе болғаны…
Н.ТІЛЕП, А.АДЕН

Ұқсас ақпараттар

2021 жылдың діни күндер кестесі бекітілді

admin_mugalzhar

UFC Макгрегор мен Порье жекпе-жек өткізетінін растады

admin_mugalzhar

МАҚСАТ – ӘКЕЛЕР МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.