БҮГІНДЕ ЕМБІ ҚАЛАСЫНДА ТҰРАТЫН ҚАЗТАЙ ТЫНЫШТЫҚОВ — МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ЖАЛҒЫЗ СОҒЫС АРДАГЕРІ. ӘР ЖЫЛ САЙЫН ЖЕҢІС КҮНГІ МЕРЕКЕЛІК НӨМІРДЕ КӨРГЕНІ МЕН ТҮЙГЕНІ МОЛ АҚСАҚАЛ ГАЗЕТІМІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІНЕ АЙНАЛАДЫ. ӨЗІНІҢ ЖҮРІП ӨТКЕН ЖОЛЫМЕН, СҰРАПЫЛ СОҒЫСТЫҢ ШЫНДЫҒЫМЕН БӨЛІСЕДІ… БҰЛ ЖЫЛЫ ДА ҮРДІСТЕН ЖАҢЫЛМАДЫҚ… ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯНЫҢ ЖЫЛДАР ЖЕЛІСІНДЕ БЕРГЕН СҰХБАТТАРЫ МЕН ОЛ ТУРАЛЫ МАҚАЛАЛАР ЖИНАҒЫНАН ҮЗІНДІ ЖАРИЯЛАП ОТЫРМЫЗ…
Қазтай Тыныштықов — 1924 жылы 25 наурыз күні Байғанин ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, Ленинградты қорғаушылар қатарында болған, II Украин майданы сапында шайқасқан, Днепрді азат ету үшін болған ұрысқа қатысқан. 1944 жылдың қаңтарында ауыр жарақаттанып, II топ мүгедектігін алып, елге оралады. II дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Германияны жеңгені үшін» және т.б. мерекелік медальдармен марапатталған. Шопан, мал дәрігері болып еңбек еткен. Соғыс ардагері қазір Ембі қаласында кіші баласының қолында тұрады.
Қазтай ТЫНЫШТЫҚОВ, майдангер (2020 жылы газетімізге берген сұхбатынан
«1942 жылдың қыркүйек айында бұрынғы Ключевой ауданының (қазіргі Алға ауданы — ред.) «Пролетар» совхозынан 12 жігіт болып әскерге алындық. Бәріміз жаспыз. Тіпті, соғыс қаупін ол кезде түсініп те үлгермеген болармыз, сірә… Әскерге менімен қатар уақытта әкем де алынды. Бірақ, әкемнің жасының ұлғайғанын ескеріп, еңбек армиясына жіберген. Сол кеткеннен әкем хабарсыз кетті. Сонымен, 1942 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін Башқұртстанның Уфа қаласында орналасқан оқу-жаттығу лагерінде 3 ай дайындықтан өтіп, одан кейін Ленинградқа аттандық. 1943 жылдың 1 қаңтарынан 15 сәуіріне дейін жаяу әскер қатарында Ленинградты қорғауға қатыстым. Тарихқа «Ленинград шайқасы» деген атпен енген бұл кезең қала халқы үшін де, оны қорғап тұрған әскерилер үшін де аса ауыр уақыт болды. Бір бөлімшеде 11 адам болып, блиндажда тұрдық. Бүгінде ойлап отырсам, он сегізінде майданға аттанған уыздай жас от пен оқтың ортасында еркелік мен тентектікті ұмытып, қан кешетіндерін білмеген екен ғой. 1944 жылдың тамызының аяғында 2-ші топ мүгедектігін алып, елге оралдым. 2 жылдан аса уақыт жаяу әскер сапында автоматшы, пулеметші, снайперші болып, фашистпен күрескен мен үшін бұл соғыс осылай аяқталды. Бұл жылдар бейбіт өмірдің қадірін көрсетті, әр күнді бағалауды үйретті, шүкірге шақырды… Соғыстан естеліктей алып келген денемдегі жарқыншақтар сыздап ауырып, соғыс сұмдығын ұмыттырған емес…
Өмір жолымды адал жүріп өтуге тырыстым. Еңбекпен достастым. Қолымнан кетпенім мен шалғымды тастамадым. Бүгін жасымның 97-ге қараған шағында күшқуатымның бойымда болуы — осы еңбектің арқасы деп білемін. Әр жыл сайын мамырда Жеңіс күнін тойлайды ел. Ал менің есімнен 75 жыл бұрынғы Жеңіс күні кетер емес… Өмір бір орнында тұрмайды. Кешегі күндер өткеннің көлеңкесінде көмескіленіп, санада сарғайса да, ешқашан ұмытылмайтын нәрселер де болады екен. Кейінгі ұрпақ сол соғысты кинодан көріп, кітаптан оқып келеді. Солай болып қалса екен деп тілеймін. Оларға ешқашан өз көздерімен біз көргенді көру жазбасын! Бүгінгі ұрпақ — бақытты. Сол бақтары еселеніп, ашық аспан астында өмір сүрсін, лайым!»
«МҰҒАЛЖАР»