«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

НӘУБЕТТІ ЖЫЛДАР ЖАЛАСЫ, ҚУҒЫНҒА ТҮСТІ ЖАЗЫҚСЫЗ ҚАЗАҚ БАЛАСЫ

Қазақ даласы мен баласының маңдайына сор болып жабысқан ашаршылық пен нәубетті жылдар — қазақ елінің тарихындағы ең қайғылы, зұлматты уақыт. Сол нәубетті жылдарда қуғынға түскен әр қазақтың өз тарихы, өз қасіреті бар… Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы қабылданды. Ал 1997 жыл — Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ, 31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Осыған орай биылғы осы еске алу күнінің қарсаңында газет тілшілері мұғалжарлық қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарын іздеді. 2011 жылы жарыққа шыққан «Мұғалжар» энциклопедиясында солақай саясаттың жазықсыз құрбаны болған 119 адамның есімі тіркелген. Бірақ нақты дерек аз. Дегенмен қолдағы бар деректер мен іздеу барысында тапқан жандардың бірқатарын газет бетінде тағы бір мәрте еске алуды ұйғардық…

100 МЫҢНАН АСТАМ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚҰРБАНЫ БОЛДЫ
Ұлан байтақ қазақ даласына не келіп, не өтпеді. Осы кең даланы мекендеген қазақ жұртының басынан зобалаң заман да, қолдан жасалған ашаршылық та, қуғынсүргін де, қанқұйлы соғыс та өтті. Жалпы ақпаратқа сүйенер болсақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмған еді. Ал індеттен аман қалғандары тау кезіп, шекара асып, босып, тозып кеткен. Үкіметтің лаң қып салған қатал заңының озбырлығы кесірінен 1933 жылға дейін қазақ даласында 40 миллион мал болса, 1933 жылдан кейін оның 15 миллионы ғана қалған. Оның ақыры 1937-1939 жылдар аралығында қазақтың бас көтерер зиялысының көпшілігі қуғын-сүргін құрбанына айналды. Сол кездегі қатігез саясат нәтижесінде қуғын-сүргінге ұшырағандардың жақындары да жапа шекті. Зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам кеңес азаматтары репрессияға ұшыраған. Ал Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілген. Сол жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған. Ақтөбе облысы бойынша 3480 адам «халық жауы» деп ұсталған. Оның 46-сы облыстық, аудандық партия комитетінің хатшылары, 39-ы облыстық, аудандық кеңес атқару комитеттерінің төрағалары, 84-і болыстық, аудандық басқару органдарының басшылары, 32-сі МТС, кеңшар директорлары, 214-і ауыл кеңес төрағалары, 140-ы педагогтер, 58-і молдалар, 46-сы дәрігерлер, 64-і отбасындағы әйелдер. Қалғандары қатардағы жұмысшылар мен колхозшылар. Облыс бойынша «халық жауларының» әйелдері деп 156 адам ұсталған. Олардың бір жастан он жасқа дейінгі 552 баласы жетімдер үйіне берілген. Бұл зұлмат Мұғалжар ауданын да айналып өтпеді. 2011 жылы жарыққа шыққан «Мұғалжар» энциклопедиясына қуғынға түсіп, «халық жауы» атанған 119 мұғалжарлықтың тізімі жарияланған.

СҮЛЕЙМЕН МАҚСҰМ ТҮЙЕТӨБЕДЕ АТЫЛДЫ
Қуғын-сүргін құрбандарының бірі — Балмағамбет ұлы Сүлеймен мақсұм. Ол Мұғалжар өңірінде өмір сүріп, халықты имандылық жолына бастаған дін басыларының бірі болды. ХХ-ғасырдың басында Қазан қаласында оқып, жоғарғы діни білім алған. Ол 1896-1937 жылдар аралығында өмір сүрген. Сүлеймен мақсұмның шөбересі Сейтжан Жамилдің айтуынша, атасына «Кеңес үкіметіне қарсы шықты» деген айып тағылып, жалған жаламен 1937 жылдың қарашасында Ақтөбе қаласының маңындағы Түйетөбе деген жерде ату жазасына кесілген. Артында жұбайы Ұрқия, үш ұлы Ғазиз, Жәміл, Жәлел және қыздары Мүкарама мен Сәбила қалған. — Сүлеймен мақсұмның мешіт ғимаратынан басқа, мал-мүлкі, 600 бастай қойы, 300 бас ірі қарасы тәркіленіп, көршілес Карл Маркс колхозының 20-шы ауылына жер аударылады. Ақыры 1937 жылғы саяси науқанның құрбаны болады. 1940 жылдардың басында мешіттің алдымен есік, терезе, ағаш тақтайлары тоналып, кейінірек айшығы құлатылып, кірпіштерін жергілікті совхоз елуінші жылдары мал қораларын салуға пайдаланған. Дегенмен, Ембі қаласынан бұрынғы Ембі совхозының орталығы — Бұлақты ауылына баратын жол бойындағы бұл жерді жергілікті халық күні бүгінге дейін «Көк мешіт» деп атап келеді. «Халық жауы» деген қара дақ менің аталарыма да кедергі болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған сәтте әкем Жәміл мен ағасы Ғазизды «халық жауының» баласы деп соғысқа алмаған екен. Бірақ екеуі де өздері сұранып соғысқа аттанды. Атам Сүлеймен мақсұм 1989 жылы толыққады ақталғанша, атамыз туралы ешқандай мағлұмат білмедік, — дейді шөбересі Сейітжан Жәміл. Сүлейменнің әкесі Балмағамбет ишан Нұрсейітұлы Ақтөбе өңіріне белгілі діндар болған. Ол көзі тірісінде мешіт салуды мақсат тұтып, Қазаннан үш татар шеберін алдырып, Ембі қаласынан солтүстік-батысқа қарай 18- шақырым жерде мешіт салғызады. Мешіт ғимаратын салуға Мұғалжар тауынан түйемен тас тасыған деген дерек бар. Мешіт құрылысы 1916 жылы аяқталып, мешітті екі жыл ишанның өзі ұстаған. Мұнда бала оқытып, шәкірт дайындаған. Кейін оның бұл жолын ұлы Сүлеймен ишан жалғастырады.
Балмағамбет ишан мешіті өзінің архитектуралық келбеті жағынан Темір қаласындағы қазірге дейін сақталған мешіт үлгісімен салынған деседі. Айшығы биік, үлкен ғимарат болған. Балмағамбет ишанның мүрдесі Ембі қаласында 19 шақырым жерде орналасқан үлкен қорымда жерленген.
ҚУҒЫНДА ЖҮРСЕ ДЕ НАМАЗЫН ҚАЗА ҚЫЛМАҒАН
Мұғалжар топырағында дүниеге келіп, тақуалығымен танымал болған Нұртай Құрманалы да озбыр саясаттың құрбаны болды. Оның 10 жылға жуық қуғында болса да өз дінінен бас тартпай, құлшылығын тоқтатпағаны жөнінде аңызға бергісіз өмірі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі. 1882-1949 жылдары өмір сүрген ол көкірегіне дін жолын, иман жолын насихаттап, дүниәуи тіршіліктен бас тартып, дінін берік ұстаған адам болған. Нұртай Құрманалы Уфада «Ғалия» медресесінде дәріс алған. Ақтөбе өңіріндегі Жұрын ауылы маңында мешіт ұстап, ислам дінін насихаттап, ел арасында уағыз айтып, діни бала оқытқан. 1914 жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия мұсылмандарының құрылтайына қатысқан. 1929 жылы заман зұлматы қудалау кезінде ұсталып, Қарқаралыға жер аударылады. Кейін 1937 жылы тағы ұсталып, түрмеге қамалады. Дініне берік Нұртай ата түрмеде отырса да, намаз оқуын жалғастыра берген. Діни сауаты мықты, дұғаларды жатқа білетін Нұртай ата түрме күзетшілерін үлкен таңқалысқа қалдырады. Күзетшілер қараңғы темір торға қамап, есігін бекітіп қоятын болған. Ол әр намаздың уақыты болғанда далаға шығып, жайбарақат намазын оқып отырады екен. Оны көрген түрме қызметкерлері оны «әулие» деп санаған. Нұртай Құрманалы 1989 жылы ақталған. Бүгінде оның ұрпақтары діндар аталарының құрметіне аудан орталығы Қандыағаш қаласынан және Жұрын ауылынан мешіт салды. Бүгінде мешіттер халық игілігі үшін жұмысжасап тұр.
ҚОНЖАР БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ 300-ГЕ ЖУЫҚ БАЛА АШТАН ҚЫРЫЛДЫ
Қонжар балалар үйінде 1930 жылдардағы ашаршылықта және соғыс уақытында қаза болғандардың балалары тәрбиеленген. Ұлы Отан соғысынан кейін аталған балалар үйінде 230 астам бала тәрбиеленген. Солардың бірі — бүгінде марқұм болған Ұлы Отан соғысының ардагері мұғалжарлық Өтеш Жалмағанбетов. Осыдан бірер жыл бұрын газет тілшілері Өтеш атадан көзі тірісінде сұхбат алып, ашаршылық жылдардағы Қонжар балалар үйі туралы тың деректердің бетін ашқан еді. «Аты ғана болмаса, мұнда 1932-1933 жылдардың қысында оқу болмайды. Кітап оқып, әріп жаттамақ түгілі, аштықтан дәрмені құрыған балалардың орнынан көтерілуінің өзі мұң еді. Аштық бір бүйірден, ал ауру екінші бүйірден қысып барады. Мұнда аштық жылдарында ұл-қызы аралас 500-дей бала тәрбиеленді. Балалар үйінің талғажау етер тамақ іздеген жетім балалар көңқоқыс аралап кететін. Шөптің тамырын талғажау етіп, кірпі мен тышқан да аулап жейтінбіз. Жеуге жарамды-жарамсызын танымағандықтан, шөп жегеннен уланып өлгендер де болды. Сүзек, безгек, қышыма ауруымен ауырғандар көп болды. Аурумен, аштықпен алысқандар таң атқанша аласұрып шығатын. Кейбірі түннен аман қалмайтын. Оның үстіне балалар жататын жер де салқын, жамбасынан сыз өткен балалар сабан шөп қана жастанатын. Бала кезінен жетімдік зардабын тартып, ананың аялы алақаны мен әкенің сүйенішін көрмеген 500 жетімнің бір үзім нанға зар болып, аурудан айыға алмаған 250-300-ге жуығы бір жылда көз жұмды. Оларды көміп үлгере алмағанының куәсі болдық. Көз жұмған балаларды жертөлелерде, бос сарайларда бірінің үстіне бірін қойып сақтады. Кейіннен жер жібігеннен кейін шұңқыр қазып, соған жерледі», — деп еске алған еді сол күндердің сұмдығын Өтеш ата. Өтеш ақсақал ұзақ жылдар бойы сол жетім балалардың жатқан жеріне белгі қоюды арман еткен екен. Әр есікті бір қағып, тарихты жаңғыртуды сұраған ақсақал дегеніне 2008 жылы қол жеткізіпті. Ол жерге ауылдың кәсіпкері Т.Балаушин көмектесіп, бүгінде жермен-жексен болған жетімдер үйінің орнына 1932- 1933 жылдарда №16 ауылдағы балалар үйінде аштықтан көз жұмған балаларға белгі қойылды.
Жинақтаған Нұрғаным ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

АҚПАРАТТЫҚ ТҮСІНДІРУ ТОБЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

admin_mugalzhar

АУДАНДА 747 АДАМ АӘК АЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПРОШЕЛ ТУРНИР «ҰСТАЗ БАРЫСЫ»

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.