«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МОНИТОРИНГТІК ТОП БАҒАҒА БАҒДАР ЖАСАДЫ

АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ РОЗА МҮСЕНОВА, АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТ АППАРАТЫНЫҢ БӨЛІМШЕ БАСШЫСЫ РАУЗА АМАНГЕЛДИЕВА, АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ СӘНДІГҮЛ АДАЙБЕК ПЕН ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ОРНАЛАСҚАН АЗЫҚ-ТҮЛІК ДҮКЕНДЕРІН АРАЛАП, 19 ТҮРЛІ ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫНА БАҒДАР ЖАСАДЫ.
«Дина» супермаркетіне бас сұққан мониторингтік топ мүшелері дүкен сөрелеріндегі азықтүліктің бағасына баса назар аударып, күн сайын құбылатын бағаларды тексерді. Дүкен әкімшісі Данара Бигалиеваны сөзге тартқан Роза Наурызбайқызы сөрелердегі бағалар мен кассадан өтетін бағаның екі түрлі екенін айтып шағымданатын тұрғындардың бар екенін жеткізді. Ал дүкен әкімшісі азық-түлік бағаларын облыстағы «Дина» дүкен желісінің орталықтандырылған жүйесі арқылы арнайы мамандар өзгертіп отыратынын айтты.
-Біз тағамдардың бағасын өзіміз өзгертпейміз. Супермаркетте 20 мыңнан астам заттың түрі бар. Орталықтандырылған база арқылы өзгерген баға касса мен таразыға автоматты түрде түсіп отырады. Тек біз кейде ескі бағаны жаңа бағаға өзгертуге үлгермей қалып жатамыз. Сол себепті де сөредегі арзан бағамен кассадан өткен бағаның айырмашылығы болады. Біз үнемі 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының қымбаттамауын қадағалап отырамыз. Қазіргі сәтті супермаркетте шекер және ұн сатылымда жоқ. Себебі бұл тағамдар республика бойынша тапшы болып отыр. Дүкенге күн сайын 400-500 келі шамасында шекер келіп түседі. Келушілердің әрқайсысына 4 келіден ғана сатып отырмыз. Бірақ бұл жеткіліксіз, — деді Данара Бигалиева.
Топ мүшелері жүргізген тексеріс барысында аталған дүкенде әлеуметтік маңызы бар тағамдардың бағалары тұрақты екенін, дегенмен жуаның бағасында қымбатшылықтың барын анықтап, ескерту жасады. «Айгерім» дүкеніне атбасын бұрған мониторингтік топ мүшелері бұл жерде шекердің 660 теңгеден, жуаның 320 теңгеден сатылып жатқанына куә болды. Дүкен әкімшісі күн сайын азықтүлік бағасының қымбаттап келетінін, өздерінің бар болғаны 10-15 теңге ғана қосып сататынын жеткізді. Сонымен қатар ұн тапшылығына байланысты нан бағасының да өскенін айтты. Қазіргі таңда нан аталған дүкенде 130 теңгеден сатылауда.
Мониторингтік топ мүшелері қаладағы №17 үйде орналасқан «Ырыс» және Жамбыл көшесіндегі «Мадина», «Бауыржан», «Адия» дүкендерінде болды. Қала халқының көп баратын дүкендерінің бірі «Ырыста» қат болған қант 690 теңгеден, «Бауыржанда» 710 теңгеден, «Адияда» 750 теңгеден, ал нан «Адияда» 110 теңгеден, өзге дүкендерде 130 теңгеден сатылуда. Мәслихат хатшысы Роза Мүсенова дүкен иелерімен сөйлесіп, бағаны тұрақты ұстаудың маңызды екенін айтып, оның ішінде халықтың күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тағамдарды қымбаттатпауды ескертті. Ал дүкен иелері Ақтөбе облысында өндірілетін «Аннинское», «Лето» секілді сұйық майлары мен Қандыағаш қаласындағы «Ыстық нан», ЖК «Алдияр» нан өнімдерінің бағасы жоғары екенін айтты.
Айталық, Ресейден келетін сұйық май бағасы өзіміздің өңірден өндірілетін сұйық майдан 80- 90 теңгеге, ал Ақтөбе қаласындағы «Атамекен» наны қандыағаштық наннан 10 теңгеге арзан екен. Мәслихат хатшысы Роза Мүсенова аудандық мәслихат тарапынан азық-түлік өнімдерін шығаратын жергілікті кәсіпкерлермен сөйлесіп, өнімдерінің бағасын арзандату үшін келіссөздер жүргізетінін мәлімдеді.
Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС – ҚАУІПСІЗДІК КЕПІЛІ

admin_mugalzhar

Ақтөбеде шектеу ережесін бұзған түнгі клуб анықталды

admin_mugalzhar

АҚТҮТЕК БОРАН… ЖОЛ және АДАМ…

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.