Қостанай облысындағы өртті сөндіріп жатқан сала мамандарына 2 айлық еңбекақы көлемінде сыйақы беріледі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Ол өрт сөндіруге қатысқандарға арнайы жалақы бөлу туралы кесіп айтты.
«Мен жалынмен күресіп жатқандардың бәріне өз атымнан жеке алғыс жолдағым келеді. Олар ерлік танытып, шұғыл қимылдап, кәсіптеріне адал екенін көрсетті. Олар ең жоғары бағаға лайық деп ойлаймын және тиісті марапат алады. Оның ішінде қаржылық тұрғыдан да. Үкімет өрт сөндіруге тікелей қатысқандарды екі айлық еңбекақы көлемінде марапаттау туралы тиісті қаулы әзірлеуі керек», — деді президент Қостанай облысындағы жұмыс сапары кезінде.
Еске салайық, президент Қостанай облысында болған өртті сөндіру жөніндегі шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізген еді. Мемлекет басшысы өңірдегі ахуалдың бақылауда екенін айтты. Табиғи апатты жою үшін барлық қажетті шаралар қабылданған.