«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӘСІПОДАҚ — ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ ҚОРҒАНЫ

ХVIIІ ғасырда Еуропа мен АҚШ мемлекеттерінен бастау алатын Кәсіподақ ұйымы қазақ жерінде XX ғасырдың басында құрыла бастады. Бүгінде еліміздегі кәсіподақтар өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары шеңберінде, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес, мемлекеттік органдар мен саяси, қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асырып келеді. 2019 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен 10 қазан — Қазақстан Кәсіподақтары күні деп бекітілген болатын. Мереке қарсаңында аудан аумағындағы кәсіподақ ұйымдарына хабарласып, атқаратын қызметтері мен жүзеге асырып жатқан жұмыстары туралы білдік.

АУЫР НАУҚАСҚА ШАЛДЫҚҚАНДАРДЫҢ ЕҢБЕКАҚЫСЫ САҚТАЛАДЫ

Кәсіподақ — бұл қоғамдық бірлестік. Яғни, кез келген қызмет саласында қызметкерлердің басын біріктіріп, одақ мүшелерінің әлеуметтік — экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйым болып табылады. Аудан аумағында «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі болып жұмыс жасайтын Мұғалжар аудандық ұйымына 310 адам мүше. Олар — мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік мекемелерде қызмет жасайтын жұмысшылар.

— Еңбек адамының құқығын қорғау бойынша Ұжымдық келісім-шарт жасалды. Онда Еңбек Кодексінде қарастырылмаған қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыда қолдау мәселелері енгізілді. Мәселен, отбасы балалы болған жағдайда, 50 және одан жоғары мерейлі жасқа толғанда, жақын туыстары қайтыс болғанда, он күннен артық емделу мекемелерінде емделген кезде, отбасында өрт, ұрлық орын алған жағдайда 1 жалақы мөлшерінде көмек көрсетіледі. Үйленген кезде, жақын туыстары қайтыс болған жағдайда үш күн ақылы және оқу жылының басы және аяғында мектеп жасындағы баласы барларға бір күн демалыс беріледі. Зейнеткерлік жасқа толғанда екі айлық төленеді. Онкологиялық және әлеуметтік аурулар мен коронавирусқа шалдыққан науқастарға айлығы 100 пайызға сақталады, — деді «Қызмет » мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Мұғалжар аудандық ұйымының төрағасы Төлеулі Махимов.

Оның айтуынша, аталған кәсіподақ «ҚР кәсіптік одақтар туралы» Заңға сәйкес жұмыс жасайды және жылдық жоспар құрады. Одақ мүшелері сауықтыру орталықтарына 10 пайыз жеңілдікпен жолдама алады. Сонымен қатар абыройлы еңбегімен ерікшеленген қызметкерлерге Құрмет Грамоталары мен құрметті атақтар беріледі екен.

— Нарық заманында кәсіподақтың басты мақсаты — өз мүшелерін әлеуметтік тұрғыда қолдау. Біздің кәсіподақта осы уақытқа дейін әлеуметтік шиеленіс болған емес. Мен аудандық үшжақты комиссияның тең төрағасы ретінде аудандағы орын алған барлық еңбек жағдайларымен таныспын және оларды шешу жолында еңбек ұжымдарына шығып қызмет жасап келемін, — деді ол.

160 АДАМҒА ШИПАЖАЙЛАРҒА ЖОЛДАМА БЕРІЛГЕН

Аудандық білім бөліміне қарасты аудандық Кәсіподақ ұйымының төрағасы Есімхан Шымқаев бүгінде кәсіподақ мүшелеріне барынша жағдайдың жасалып жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде мұғалімдердің кәсіподаққа деген сенімі артып келеді. Себебі одақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайы басты назарда екен.

-Аудандық кәсіподақ ұйымы аудандық білім бөліміне қарасты мекемелердегі бастауыш ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Қазір Кәсіподақ ұйымының құрамында барлығы 69 мекеме бар. Оның 24-і орта, 11-і негізгі мектеп, 2-еуі бастауыш мектеп, 5- еуі мектептен тыс мекеме, 1- еуі білім бөлімі, 21-і мемлекеттік балабақша, 5-еуі жекеменшік балабақша қызметкерлері. Одаққа 3674 адам мүше. Біз Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподағының 2021-2023 жылға арналған әлеуметтік әріптестік салалық келісімшарт негізінде жұмыс жасаймыз. Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының, аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ ұйымының арасында өзара келісімдер бар. Біздің басты бағыттарымыздың бірі — одақ мүшелерінің еңбек заңдылықтарының сақталуын қадағалау. Аталған келісім-шарт негізінде әлеуметтік-әріптестік кәсіподақ мүшелеріне қажетті еңбекақы, еңбек демалысы, сауықтыру жәрдемақысы, т.б. төлемдердің дұрыс төленуін қадағалаймыз. Кәсіподақ мүшелеріне сапалы қызмет көрсету мақсатында бастауыш ұйымдарының төрайымдарымен бірлесе отырып, көшпелі семинарлар өткізіп отырамыз. Бүгінде «Зум» платформасы арқылы да онлайн семинарлар өткізіп жүрміз, — деді Есімхан Шымқаев.

Кәсіподақ төрағасы қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасында түрлі даулар туындаған жағдайда оң шешімін табуға тырысатынан айтады. Егер орын алған дауға өз құзыры жетпеген жағдайда, облыстық кәсіподақ ұйымындағы заңгерлерге жіберіп, заңды шешімін тауып беруге тырысатынын тілге тиек етті.

-Кәсіподаққа мүше адамдар мүшелік жарнасына еңбекақысынан 1 пайызын аударып отырады. Жиналған жарнаға көп жағдайда қайырымдылық көмектер көрсетіледі. Атап айтатын болсақ, сырқаттанып қалу, қайғылы оқиғалар орын алған сәттерде, отбасында жақындары қайтыс болған жағдайда қаржылай көмек көрсетеміз. Аудандық газетке мерейтойларына байланысты құттықтау, қайтыс болғандарына байланысты көңіл айтулар беріп отырамыз. Мұғалімдер күні, Жаңа жыл, Наурыз секілді атаулы мерекелерде ісшараларда кәсіподақ қаржы бөліп, қаржылай көмек береді. Аудан көлемінде өткізілетін көптеген шаралар, соның ішінде спорттық шараларға демеушілік көрсетеміз, — деді ол.

Зейнеткерлерді жыл сайын марапаттап, оларға сыйлықтар беру де кәсіподақ арқылы жасалады екен. Сонымен қатар осы жылы мұғалімдерді сауықтыру үшін жалпы саны 160 адамға шипажайларға жолдама берілген. Оның 116-сы тегін жолдамамен барса, 46 адам өз ақшасына барған. Дегенмен, өз ақшасына барғандар сауықтыру орындарынан келгеннен кейін қажетті құжаттарын тапсырып, ұжымдық шартқа сәйкес жеңілдетілген пайыздық мөлшерін ала алады. Аудандық білім саласында еңбек етушілер еліміздің аумағындағы — Меркедегі, Сарыағаштағы, Манкенттегі, Бурабайдағы шипажайларға жіберіледі. Облыстық Кәсіподақ ұйымы да жыл сайын мұғалімдерге шипажайға арнайы тегін жолдамалар бөліп отырады. Осы уақытқа дейін аудан бойынша 20 мұғалім облыстық кәсіподақтың тегін жолдамасына ие болған. Осы күзде 6 мұғалім «Мерке» шипажайына барады екен.

— Үздік мұғалімдерді облыс әкімінің марапатына ұсынып, кәсіподақ атынан қаржылай 100 мың теңге көлемінде сыйлық жасаймыз. Кеше ғана өткен Мұғалімдер күнінде Мұғалжар орта мектебінің мұғалімі қаржылай сыйлыққа ие болды. Ал осындай сыйлықпен Тамыз мәслихаты кезінде «Қарлығаш» балабақшасының қызметкері марапатталды. Аудан аумағындағы 33 мектепке «Қазақстан кәсіподақ» және «Білімді ел» газетіне тегін жазылуды ұйымдастырып отырмыз. Ал жастарға келетін болсақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы келген жас мамандардың ауыл-аймаққа орналасып, олардың жеңілдетілген несие алуына жағдай жасап, бір жолғы көтерме ақысын төлеуді ыждағаттауға септігімізді тигізіп отырамыз. Ал кәсіподақ саласындағы заңдағы өзгерістер мен толықтыруларды инстаграм парақшалары арқылы насихаттап, қызметкерлерімізді үнемі ақпараттандырамыз. Бүгінде аудандық кәсіподақта айтарлықтай күрделі мәселелер жоқ деуге болады. Тек еңбекақының төленуі, сағаттар бөлінісі секілді сұрақтар орын алып жатады. Оны өз ішімізде келісімге келіп, шешуге тырысамыз, — деді кәсіподақ төрағасы.

АУРУХАНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ БАЛАЛАРЫ ЖАЗҒЫ ЛАГЕРДЕ ЕМДЕЛДІ

Ембі аудандық ауруханасы «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі салалық кәсіподағы республикалық қоғамдық бірлестігі Ақтөбе облыстық филиалымен салалық келесімшартқа отырған. «Сенім» кәсіподағы республика бойынша ең ірі кәсіподақ ұйымдарының бірі. Бұл кәсіподақта медицина қызметкерлерінің жұмысқа деген ынтасын арттырып, шабытын шыңдау үшін әртүрлі шара ұйымдастырып, жыл сайын демалуға жолдама береді. Аталған кәсіп-одақтың төрайымы — Ғалия Құрмашева. Оның айтуынша, бүгінге дейін кәсіподақ ұйымы бірнеше рет қайырымдылық шарасын өткізген.

-Кәсіподақ ұйымы ұжымның ауызбіршілігін нығайтып, жұмысқа деген қабілетін арттырады. Осы ұйымның арқасында ешқандай айтулы күн мен ешкім де елеусіз қалмайды. Қандай да бір мереке болса, соны атап өтіп, сәйкесінше сыйлықтар үлестіреміз. Нәтижесінде қызметкерлердің еңбегі бағаланып, көңілі көтеріліп қалады. Кәсіподақ мүшелерінің жалақысын көтеруге барынша күш саламыз. Оларға денсаулығын сақтау үшін сүт беруді, қосымша еңбек ақы төлеуді, еңбек шарттарының сақталуын қадағалаймыз. Өздерін көрсете білген еңбек адамдарына демалыс орындарына жолдама, балаларға жазғы лагер, мерейтой иелеріне бағалы сыйлық, зейнетке шығып жатқан ардагерге құрмет көрсетеміз. Бұдан бөлек әр мереке ескерусіз қалмай, өз дәрежесінде аталып өтеді, — деді кәсіподақ төрайымы Ғалия Құрмашева.

Ембі аудандық ауруханасы бойынша осы жылы 7 адам кәсіподақ арқылы сауықтыру орталықтарына барып, ем қабылдаған. Оның екеуі Меркеге барса, бесеуі Сарыағашта емделген. Ал аурухананың 3 қызметкерінің баласы жазғы лагерде демалған.

КӘСІПОДАҚ — ҰЖЫМНЫҢ АУЫЗБІРШІЛІГІН НЫҒАЙТАДЫ

Кез келген ұжымда ұйымшылдық маңызды екенін айтқан аудандық мәдениет саласының кәсіподақ төрайымы Амангүл Қарашбаева: «Егер қызметкерлердің арасында өзара сыйластық пен татулық болмаса, атқарып жатқан жұмыс кері кетеді. Сол себепті ұжымның ауызбіршілігін әрқашан қадағалап, олардың еңбекке деген ынтасын арттырған жөн. Осы орайда кәсіподақ ұйымы ұжымның ұйытқысына айналып отыр» — дейді. Бүгінде аталған кәсіподаққа жалпы саны 204 мәдениет саласының қызметкерлері мүшелік етеді. Олар өз еңбекақыларының 1 пайызын кәсіподақ жарнасы үшін төлейді. Оның 0,4 пайызы облыстық кәсіподаққа аударылса, 0,6 пайызы аудандық кәсіподаққа беріледі. Кәсіподақ өз тараптарынан мәдениет саласының үздік қызметкерлерін атаулы күндерде марапаттап, сыйлық табыстайды. Сонымен бірге ұжымдық шартта көрсетілгендей, кәсіподақ мүшелерінің отбасында қайғылы жағдайлар орын алғанда бекітілген ережеге сай материалдық көмек көрсетіліп, аудандық газетке мерейтой иелеріне құттықтаулар жарияланады екен.

— Жалпы мәдениет саласында түрлі мәдени шаралардың көптеп ұйымдастырылатынын білесіздер. Біздің кәсіподаққа түсетін жарналарды аудан көлемінде өткен мәдени шараларды ұйымдастыруға жұмсаймыз. Сонымен бірге зейнеткерлікке шыққан мерейтой иелеріне бағалы сыйлық алу, марапаттау кәсіподақ есебінен жасалады. Жыл сайын кәсіподақ мүшелеріне денсаулығына байланысты сауықтыру орындарына жолдама беріледі. Өткен жылы аудан бойынша екі адам сауықтыру орталықтарына барды. Ал биыл бір адам барып, емделіп келді. Кәсіподақ ұйымы қайырымдылық шараларынан да тыс қалған емес. Кәсіподақтың демеушілігімен қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылып отырады, — деді Мұғалжар аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің кәсіподақ төрайымы Амангүл Қарашбаева.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

БӨГЕТТЕРІН БЕКІТКЕН АУЫЛДАСТАР

admin_mugalzhar

Миржан ЖИДЕБАЙ: «ӘНДІ ЖҮРЕККЕ ЖЕТКІЗІП АЙТУ — МАҢЫЗДЫ»

admin_mugalzhar

Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны басталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.