9 АЙЛЫҚ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ШЕРХАН АЛДАБЕРГЕН ТУЫЛҒАЛЫ АУЫР ДЕРТПЕН КҮРЕСІП КЕЛЕДІ. КІШКЕНТАЙ НӘРЕСТЕ ӨЗ ҚАТАРЛАСТАРЫНАН КЕШ ДАМУДА. ДӘРІГЕРЛЕР ДЕ НАҚТЫ ДИАГНОЗ ҚОЙМАЙ ОТЫР. АЛ АНАСЫ ӘЛИЯ ПОЛЯЕВА БАЛАСЫНЫҢ ӘЛІ-АҚ АЯҚҚА ТҰРЫП КЕТЕТІНІНЕ СЕНІМДІ. АЛАЙДА ДӘРІГЕРЛЕР 10 ПАЙЫЗҒА ҒАНА ЕМ ҚОНУЫ ЫҚТИМАЛ ЕКЕНІН АЙТҚАН ЕКЕН. ЖАРЫҚ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕННЕН ЖАНЫМЕН АРПАЛЫСЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН БЕЙКҮНӘ СӘБИДІ ШЕТЕЛГЕ АПАРЫП, ЕМДЕТУГЕ КЕРЕК ҚАРАЖАТТА ТЫМ КӨП…
-Шерханға дейін 5 жасар қызым, 3 жасар ұлым бар. Барлығының дені сау, шүкір. Шерханға жүктілігім ойдағыдай, ешқандай қиындықсыз болды. Баланың іште дамуы да қалыпты еді… Бәрі бір мезгілде аяқ астынан болған тәрізді. Айым-күнім жақындап, босануға барғанымда, бала аяғымен келіп, жедел түрде кесір тілігі жасалған еді. Баланың миына сол кезде көп мөлшерде қан құйылып, миына зақым келген. Жансақтау бөлімінен бір шыққан балам 14 күн комада жатты. Дәрігерлердің айтуы бойынша, баланың еңбегі қатып кеткендіктен емделуі кеш деді. Негізінен бала еңбегі 1 жасқа дейін қатуы керек еді… Дәрігерлер баламның дертін «эпилепсияның ауыр түрі» деп отыр. Қазір тырысқақ (судороги) белгісі көп білінбейді, алайда болашақта онымен бетпе-беп келетінімізді ескертіп айтып жатыр. Осы тырысқақ ауруының алдын алу үшін Түркия елінен арнайы дәрі алдырып отырмыз. Әр үш ай сайын сол дәріні береміз. Екі қорапша сол үш айға жетеді. Келуімен барлығын қосқанда 80-85 мың теңге көлемінде шығады. Ақтөбедегі дәрігерлер нақты диагноз айта алмағандықтан, бірінші емді Алматы қаласына барып алған едік. Арнайы жинақ шотын ашып, қаражат жинап, Алматыға барып, толық тексерістен өткен соң барып, диагноз қойды. Енді екінші рет қаңтар айында кезекті емге баруымыз керек еді. Қазір қаражаттың жетіспеуінен және баланың мазасыз болып кетуіне де байланысты бара алмай отырмыз. Қазір іш қату проблемасы қосылды, үнемі клизма жазаймыз. Негізінен балаға ДЦП және эпилепсия диагнозы қойылды, миының жұмысының нашар екенін айтты. Бала сау болған жағдайда да ақыл-есі кем болып өседі деп жеткізіп отыр. Бірақ әлі күнге дейін нақты диагнозы белгісіз. Негізінен ДЦП ауруының емдомы массаж, бірақ бізде сол тырысқақ ауруы болғандықтан қарапайым массажды да ала алмай отырмыз, дәрігерлер рұқсат етпейді. Жүйке тамырларына зақым келсе, бірден тырысып қалуы мүмкін. Сол себептен көп ем ала алмай отырған жайымыз бар. Негізінен Түркия елінде 1 айдан астам уақыт үзбестен ем қабылдап, оң нәтиже көріп жатқандар бар. Оған 25 млн теңгеден астам қаражат, әрі жансақтау бөліміне түсіп қалған жағдайда, 1 күннің өзіне 1 млн 200 мың теңге және қарапайым палатасының өзіне 378 мың теңге керек екен. Бұған әлі жете алмай отырғандықтан тек осы елдің дәрісін ішіп отырмыз. Осы дәрінің арқасында тырысқақ ауруы сейілгендей. Бас сүйегінің формасы, аяқ-қолының қисаюы бар. Көп адамдар кішкентай сәби болғандықтан, әрі ол қисықтықтары суретте көріне бермегендіктен сенбейді. Енді 9 айдан асса да балам отырмайды, еңбектемейді, аунамайды. Даму үдерісі өз жасына қарағанда кеш болып отыр. Ең болмағанда, шамалы болса да адам қатарына қосып, өзі тамақ ішіпжей алатындай жағдайға жеткізсемдеймін. Анаболғандықтан баламның табанына кірген тікен жүрегімді тесердей-ақ. Қайтейін енді… Қолымнан келгенше әрекет етіп жатырмын. Бүгінде осы баламның жағдайына байланысты Ақтөбе қаласына қоныс аударуға мәжбүр болдық, — дейді Шерханның анасы. Жарық дүниеге келгеннен жанарын мұң шалған нәрестені енді Астанаға апарып, емдетуге қаражаттың жоқтығы кедергі. Ем қабылдау уақыты — қаңтар айы. «Өзім үшін ешкімге алақан жаймас едім» деген Шерханның анасы Әлия қайырымды жандарға үміт артады…
А.АЛТЫБАЕВА