ЖЫЛ БАСТАЛҒАЛЫ ЕЛДЕ ТҮРЛІ ӨЗГЕРІСТЕР ОРЫН АЛУДА. АЙТАЛЫҚ, ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН БІРҚАТАР САЛА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ДЕ ЕҢБЕК АҚЫЛАРЫ КӨБЕЮДЕ. АЛ ЖАЛАҚЫМЕН БІРГЕ ШАРЫҚТАЙТЫН КОММУНАЛДЫҚ ТӨЛЕМДЕРДІҢ БАҒАСЫ ӨСТІ МЕ? 2023 ЖЫЛДАН БАСТАП МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАР ҚАНША ТӨЛЕЙДІ? ОСЫ СҰРАҚТАРҒА ЖАУАПТЫ ТӨМЕННЕН ОҚИСЫЗДАР…
ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫНЫҢ ТАРИФЫ ӨЗГЕРІССІЗ
Электр энергиясы — жалпы адамзат үшін ең маңызды тұрмыстық қажеттіліктердің бірі. Барлық тұрмыс-тіршілікті өзіне тәуелді еткен электр жарығы үшін аудан тұрғындары бүгінгі таңда 3 деңгейлі тариф бойынша төлейді. Тарифтерге өзгерістің енгізілмейтіні туралы 2022 жылы 1 шілдеде Ұлттық Монополиялауды реттеу комитеті арнайы бұйрық шығарған. Бұл туралы «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС-і Мұғалжар энергоснаб бөлімінің басшысы Мерғали Нұриев айтты. Бірінші тарифтің деңгейі 90 кВт-қа дейін 9 теңге 87 тиынды, екінші деңгей 91-ден 140 кВт-қа дейін 12 теңге 94 тиынды, үшінші деңгей 140 кВт-тан жоғары 16 теңге 17 тиынды құрайды. Бұл дегеніміз, 1 адамға берілетін лимит көлемі — 90кВт. Егерде аталған лимиттен асып кеткен жағдайда, екінші және үшінші деңгеймен төленеді. Аудан бойынша электр тоғын 20 мыңға жуық нысан пайдаланады екен. Ал Мұғалжар аудандық электр жабдықтау бөлімі 12228 тұрмыстық тұтынушылармен электр жабдықтау шартын жасасқан.
Мұғалжар энергоснаб бөлімінің басшысы Мерғали Нұриевтің айтуынша, Қандыағаш аумағында тіркелген абоненттердің 639-ы заңды тұлғалар.
— Жаңа жылда тарифтер өзгеріссіз қалды. Электр энергиясын пайдаланатын қарапайым тұрғындардан бөлек, заңды және бюджеттік тарифтер қарастырылған. Заңды тұлғалар электр энергиясына 29 теңге 21 тиын төлесе, бюджеттік мекемелер 33 теңге 20 тиын төлейді. Қазіргі таңда жеке тұлғалар тарапынан жарыққа 751 борышкердің қарызы 1 739 617 теңгені құрайды. Соны өндірумақсатындажұмыстанып жатырмыз. Бережағы 3 айдан асқан 87 тұтынушыға ескертулер айтылып, жарықтан ажыратуға тапсырма берілді. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты әзірге тоқтатып отырмыз. Сонымен бірге жалғыз тұратын зейнеткерлер, мүгедектер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар және оларға теңестірілетін тұлғалар үшін 150 кВт жеңілдік қарастырылған, — деді бөлім басшысы.
ЖЫЛУ, СУ, КӘРІЗ ТАРИФІ ӨСТІ
Қандыағаш қаласын «Коммуналшы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорыны жылумен қамтамасыз етеді. Аталған мекеме көпқабатты тұрғын үйлер мен мекемелерді, әлеуметтік нысандарды жылу және сумен, ал қаладағы жеке үйлерді ауыз сумен қамтамасыз етіп, кәріз жүйесінің жұмысын қадағалайды. «Коммуналшы» мекемесіне 11829 абонент тіркелген. Оның 2256-сы ауылдық округтерде орналасқан. Айта кету керек, аталған мекеме Қандыағаш қаласынан бөлек, 13 ауылды сумен қамтамасыз етеді. Олар Қайыңды, Жұрын, Ақкемер, Жағабұлақ, Бірлік, Ащысай, Бұлақты, Орқаш, Ақсу, Елек, Талдысай, Сәтжол, Сағашилі ауылдары. Сонымен бірге «Коммуналшы» мекемесі жоғарыда айтып өткен жеке тұлғалардан бөлек 630 заңды тұлға, 68 бюджеттік мекемеге қызмет көрсетеді. Өткен жылы аудан тұрғындары ауызсудың 1 текше метріне 93 теңге 56 тиын, ал кәріз жүйесіне 94 теңге 33 тиын төледі. «Коммуналшы» мекемесінің бөлім бастығы Зина Магзумова мұғалжарлықтар жаңа жылда өзге тарифпен төлейтінін жеткізді.
— 2023 жылдың қаңтар айынан бастап «Коммуналшы» мекемесі ауыз сумен қамтамасыз ететін елді мекендердегі тұрғындар ауыз судың текше метріне 180 теңге 21 тиын төлейді. Бірақ қазіргі таңда ауыз суды субсидиялау жүруде. Айталық, жоғарыда аталған су құнының 110 теңге 21 тиынын мемлекет субсидия негізінде төлеп отыр. Ал қалған 70 теңгені пайдаланушының өзі төлейді. Ал субсидия алмайтын тұлғалар үшін 101 теңге 26 тиын болып бекітілді. Кәріз жүйесі үшін тұрғындар 109 теңге 87 теңге төлейді. Пәтерге кіріп тұрған жылудың 1 шаршы метріне 111 теңге 84 тиын бекітілді. Жылу есептегіш құрылғылары бар көпқабатты тұрғын үйлер Гкал- 3458 теңге 21 тиын төлеп отыр. 2023 жылға субсидия қаралуда, — деді ол.
Ембі қаласында орналасқан «Ембіжылу» коммуналдық мемлкеттік кәсіпорны Ембі қаласын, Мұғалжар мен Алтынды ауылдарын ауыз су жүйесімен, Ембі қаласының кәріз жүйесінің қызметімен, Ембі қаласының және Мұғалжар, Бірлік елді мекендерінің әлеуметтік нысандарын, Ембі қаласының Б.Момышұлы көшесінде орналасқан №11,17, 31,15 көпқабатты тұрғын үйлерді жылу жүйесімен қамтамасыз етеді. Бұл туралы айтқан «Ембі жылу» мекемесінің басшысы Берік Нұртаев 2022 жылы ембілік жеке тұлғалар ауыз судың 1 текше метріне 70 теңге 78 тиын, кәріз жүйесіне 1 текше метрге 118 теңге 76 тиын, жылу жүйесінің 1 шаршы метріне 84 теңге 47 тиын төлегенін жеткізді. Ембі қаласы бойынша ауыз су қолданушы жеке абонент саны – 3129. Ал кәріз жүйесін 639 жеке абонент пайдаланады. Ал ауыз су пайдаланушы заңды тұлғалар саны 175 болса, кәріз жүйесін пайдаланатын заңды тұлғалар — 55 абонент.
— Біз бірнеше жылдан бері су, жылу, кәріз жүйелеріне төлейтін қаржыны өсірмей бір бағада ұстап отырдық. Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ембі қаласындағы жеке тұлғалар ауыз судың 1 текше метріне 74 теңге 32 тиын, кәріз жүйесінің 1 текше метріне 124 теңге 7 0 тиын, жылу жүйесінің 1 шарш ы метрге 88 теңге 69 тиын төлейді. Ал субсидияға келетін болсақ, қазіргі таңда Ембі қаласы су жүйесінің сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын аса маңызды жергілікті сумен жабдықтау жүйелері тізбесінің құрамында жоқ болғандықтан ауыз су жүйесіне субсидия алуға мүмкіндік болмай отыр, — деді Берік Нұртаев.
1500-ге жуық тұрғыны бар Жем қаласын жылумен «Жемжылу» КМК қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда қала тұрғындары судың әр текше метріне 44 теңге, кәріз жүйесіне де 44 теңге төлейді. Бұл туралы аталған мекеменің басшысы Марат Бұзаубаев айтты.
—«Жем жылу» мекемесіне қала бойынша 250 абонент тіркелген. Оның 7-еуі әлеуметтік нысан болса, 11-і көпқабатты тұрғын үй. Бүгінде Жем қаласы бойынша 3 қазандық жұмыс жасайды. Демеушілікпен қазандыққа қажет түрлі құрылғылар алынды, — деді ол.
ГАЗДЫҢ МЫҢ ТЕКШЕ МЕТРІ — 10 510 ТЕҢГЕ
Мұнайлы мекен салынатын Мұғалжар ауданы газ өндіру бойынша өзге аудандардан көш ілгері екені белгілі. Аудан аумағында газ өндіретін және тасымалдайтын бірнеше үлкен зауыттар мен кәсіпорындар жұмыс жасайды. Ал ауданымыздағы газды мекемелер мен үйлерге жеткізу жұмысымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ы айналысады. Облыс орталығында орналасан аталған мекемеге хабарласып, көгілдір отынның биылғы бағамы туралы мәлімет алдық. Олардың берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі күні көгілдір отынды аудан бойынша 15 619 абонент тұтынады. Оның 15 190-ы жеке тұлға болса, 429-ы заңды тұлғалар.
—Өткен жылы мұғалжарлықтар жеке тұлғалар газдың 1 мың текше метріне 10 334 теңге 24 тиын, ал заңды тұлғалар 15 434 теңге 79 тиын төледі. 2023 жылы ҚР Ұлттық Экономика Министрлігінің Ұлттық монополияларды реттеу комитетінің бекіткен бағасы бойынша пайдаланылған газдың 1 мың текше ҚҚС есебінсіз жеке тұлғалар 10510 теңге 12 тиын, заңды тұлғалар 15 697 теңге 49 тиын төлейді. Атаулы әлеуметтік көмек және тұрғын үй көмегін алушылар үшін осы жылы 1 мың текше метр газдың бағасы 8408 теңге 10 тиынды құрап отыр, — деді «ҚазТрансАймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы директорының міндетін атқарушы Серік Қыдыров.
ПӘТЕРДІҢ ШАРШЫ МЕТРІ ҮШІН — 30 ТЕҢГЕ
Коммуналдық төлемнің қатарын көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғын үй кооперативтері де толықтырады. Қандыағашта жеке сектор тұрғындары қоқыс шығару қызметі үшін 600 теңге көлемінде қаржы төлейді. Ал көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтер иелері үшін ай сайын тұрмыстық қоқысқа төленетін қаржының көлемі 450 теңге болып бекітілген. Бұл туралы «Болашақ-К»меншік иелері бірлестігі төрайымы Ақзия Құдабаева айтты. Оның айтуынша, пәтер иелерінің кооперативіне көпқабатты тұрғын үйлердің иелері пәтерінің әр шаршы метр 30 теңгеден төлейді. Аталған қаржы тұрғын үйлерді күтіп ұстауға, инфрақұрылымды жақсартуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.
—Тұрғын үйлердің түрлі шаруашылығы үшін төленетін бұл төлем құны аудандық мәслихаттың шешімі бойынша бекітілді. Мен басшылық ететін меншік иелері бірлестігіне «Достық» мөлтек ауданы №24,25,- 26 көпқабатты тұрғын үйлер қарайды. Бүгінгі таңда №24 үйге терможаңғырту жұмыстары жүргізілуде, таяу арада аяқталады. 2023 жылға №25 үйді терможаңғыртудан өткізу жоспарлануда. Дегенмен тұрғындар ай сайын тұрғын үй үшін төлейтін түрлі шығындарды төлемей жатады. Бұл біздің жұмысымызға кедергі келтіреді, — деді ол.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ