«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ералы Тоғжанов әр аудан бойынша су тасқыны қаупі бар жерлер көрсетілген Карта жасауды тапсырды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен 2023 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша отырыс өтті.

«Жыл сайын ауа-райының күрт жылынуы және қардың тез еруі – көктемгі су тасқынының орын алуына себеп. Бұл – елдімекендерге төнген қауіп. Осы жағдайлардың барлығы су тасқыны кезеңіне жан-жақты әрі тыңғылықты дайындалмаудың салдары деп есептеймін. Су тасқынын болдырмау және оның алдын алу бойынша жұмыстар – бәрімізден ерекше жауапкершілік танытуды, қажетті шараларды алдын ала жоспарлауды және ұйымдастыруды талап ететін күрделі міндет», — деп атап өтті өңір басшысы.

«Қазгидромет» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалының мәліметінше, биылғы қыс мезгілінде жауын-шашын мөлшері былтырғыдан асып, 136,9 мм болджы, топырақтың қатуы 100 см, қардың биіктігі – 30 см-ге жеткен.

Ақтөбе облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті әкімдікпен бірлесіп, жалпы саны 1 594 адам, 487 бірлік техника, сыйымдылығы 14 мыңнан асатын 84 орын, 26 шатыр және т. б. азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары тобын құрды.

Аудандарда 20 проблемалық учаскені анықтады, оның ішінде Ақтөбе қаласында – 10, Ойыл ауданында – 4, Темір ауданында – 2, Әйтеке би, Алға және Мәртөк аудандарында бір-бірден. Барлық учаскелерде қажетті жұмыстар жүргізілуде.

Барлық ауданның әкімдерін мұқият тыңдаған облыс әкімі былтырғыдай жағдайдың қайталанбауын нықтап тапсырды. Атап айтсақ, 2022 жылы Мұғалжар, Қарғалы, Алға, Байғанин, Ойыл және Қобда аудандарындағы республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарды су басуы, яғни, тасқын суының жол деңгейінен асып кетуіне қатысты — 14 жағдай, Байғанин, Ойыл, Қобда және Мұғалжар аудандарындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды су шайып кетуіне қатысты 9 дерек тіркелген-ді. Өңір басшысы осындай жайттардың алдын алу үшін жасалып жатқан іс-шаралардың қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

Жиын соңында Төтенше жағдайлар департаменті мен аудан әкімдеріне барлық проблемалық аймақтарды бақылауға алып, жұмысты жандандыру, арнайы техникалар мен инертті материалдарды қажетінше дайындау тапсырылды.

«Қысқа мерзімде әр аудан бойынша Тәуекелдер картасы жасалуға тиіс. Су тасқынының салдарымен күресуден бұрын алдын алу шараларын іске асыру керек. Бұл мәселе ерекше бақылауда болуы тиіс. Әр аудандағы жағдайға ұдайы мониторинг жасалып отырылуы керек», —деді өңір басшысы.

Жиыннан кейін облыс әкімі Жіңішке өзенін тазарту жұмыстарының барысымен танысты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар

«Ақтөбе» премьер-лигаға қайта оралды

admin_mugalzhar

СУ ТАСҚЫНЫ: ТҰРҒЫНДАР ҮЙЛІ БОЛУДА

admin_mugalzhar

СҮЙІКТІ МАМАНДЫҒЫН КӘСІПКЕ АЙНАЛДЫРҒАН КЕЛІНШЕК

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.