«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАХАББАТ ДЕГЕН ҚАНДАЙДЫ…

2011 жылдан бастап «Ғашықтар күні» деп «ен тағылған» 15-і сәуірдің мерекелік мәртебесі әлі де болса тасада қалып келеді. Ел арасында «Қозы Көрпеш-Баян сұлу күні» деп аталып кеткен бұл күн жастардың арасында атала ма? Жалпы осы мерекенің барын бәрі бірдей біле ме? Осы сұрақтарға біз әңгімеге тартқан мұғалжарлық жастар жауап берді. Сонымен…

Арыстан Дәулеттегі:

Бұл күнді мереке ретінде мойындамаймын, оны тойламаймын да. Тарихымызға терең көз жүгіртер болсақ, ешқандай дерек жоқ, атабабаларымыздың ғашықтар күнін тойлап, мерекелегені туралы ақпарат та мүлде жоқ. Бұл христиандардың «Валентин күніне» баламаланып шығарған түрі. Сондай-ақ осы күнді «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» деп атап жатады, ал олар бір-біріне қосыла алмай кеткен ғашықтар. Оған қоса «Ғашықтар күні» десе, көз алдымызға бұлардың қатарына, Төлеген мен Қыз Жібек, Еңлік-Кебек түсіп жатады. Ал бұлардың ешқайсысында бақытты, баянды махаббат болмаған. Сондықтан да үлгі тұтып, жастарға насихаттайтындай негіз жоқ деп ойлаймын.

Нұр Қаракеш:

«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» күнін тойлауға қарсы емеспін. Қазіргі жаһандану жағдайында жастарымыздың батысқа еліктеп, «Валентин күнін» тойлағанынан «15 сәуір — «Қозы көрпеш-Баян сұлу күнін» тойлағандары мың, миллион есе артық. Осы бастаманы бастаушыларға да, қоштаушыларға да айтар алғысым шексіз. Қозы мен Баян, Еңілік пен Кебек, Ләйлі мен Мәжнүн сияқты ғашықтар қазақ жастарына үлгі боларлық. Валентин күнінде бір біріне сыйлық беріп, христиандардың мерекесін тойлағанша, қазақтың ғашықтарын дәріптеген дұрыс деп ойлаймын. Біз бұл шараларды әлдеқашан қолға алуымыз керек еді.

Айжан Ғайнеден:

Әркімнің өз пікірі бар ғой, әрине. Өз басым осы күнді тойлаймын. Жолдасыммен келісіп алғанбыз, 8- Наурыз күнін ол тек аналарына арнайды, ал 15-сәуірді тек маған арнайды. Екеуміз оңаша қыдырып, ол маған гүл сыйлап, ерекше назарда ұстайды. Дүние қуған бұл заманда жас жұбайлар арасы суып кетіп жатады. Ал осы күні өзіміздің әлі де жас екенімізді еске түсіріп, әлі де екеуміздің бірбірімізге деген шынайы сезімімізді білдіруге мүмкіндік туады. Бұл отбасылық татулықты сақтап қалу үшін өте маңызды деп ойлаймын. Әрине, бұл тек менің пікірім.

Қаналы Қуантаев:

Бұл мерекелік күнді атап өтуге еш қарсылығым жоқ. Бірақ қолдап, сол күні мерекелік көңілкүйде жүрем деп те айта алмаймын. Шынымды айтсам, бұл күн мен үшін күнтізбелік кестедегі кезекті бір күн. Басқа маңызы жоқ.

Айнұр Беркімбай:

Менің ойымша бұл мейрам тойлайтын жұптарға мерекелік көңілкүй сыйлайтын өте жақсы мейрам. Бір-біріне сыйлық сыйлап, араларындағы сүйіспеншілікті, махабатты арттырады деп ойлаймын. Бұл мейрамға еш қарсылығым жоқ. Бірақ мен тойламаймын. Қарапайым күн ретінде қараймын.

 

Дария Құбайдулла:

«Қозы Көрпеш — Баян сұлу күні» деген атау сәтті қойылған деп ойлаймын. Ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрлеріміздің барлығының жөн-жосығы, тәрбиелік мәні бар. Негізі, «Ғашықтар күні» мерекесін тойлау туралы әр түрлі пікір бар. Менөзбасымбұлмейрамдытойламаймын, бірақ тойлайтын жұптар үшін керемет мейрамдардың бірі секілді. Бірбіріне сүйіспеншіліктерін білдіріп, сыйластықтарының артуына себепші болар еді.

Әміржан КЕҢЕС:

Өзіміздің ғашықтарға арналған арнайы күн барына қуаныштымын. Неге тойламасқа, неге атап өтпеске?! Қозы Көрпеш — Баян сұлу, Еңілік пен Кебек, Қыз Жібек пен Төлеген сияқты ғашықтардың шынайы махаббаты қазақ жастарына үлгі болары анық. Үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қай-қайдағы әулие Валентин күнін тойлағанша, осы мерекені тойлайық! Қазіргі кейбір жастар сол Валентин деген кім екен деп интернеттен іздеп, қарап жатады, одан да лиро-эпостық жырларымызды оқысын. Олардың пәк сезімдеріне куә болсын!

Ақниет Меңдіғарина:

Мейлі бұл мереке ата-бабамызда болмаса да, әулие Валентин күніне еліктеп қойылған болса да, мен қарсы емеспін. «Әулие Валентин күнін» тойлаған жақсы ма, әлде «Қозы КөрпешБаян сұлу күнін» тойлаған ба? Қазақы атпен аталып отыр бұл жерде. Бұны әр кім өзінше қабылдайды. Дегенмен менің ойымша, тап осы мереке ешкімге ауыртпалық түсірмейді! Махаббатқа, жылылыққа толы әдемі мереке! Оны тойлағанның несі айып?!

Артур Маратов:

Былай мереке ретінде атап өтіп, тойламаймын. Бірақ сүйіктіме сыйлығын салып жіберемін.

Ә.ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Облыста ерекше индустриялық аймақ құрылады

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысында «JUMYSTAP» әлеуметтік жобасы іске асырылды

admin_mugalzhar

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АЯУЛЫМДЫ ЖАНКҮЙЕРЛЕРІ КҮТІП АЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.