Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың «International Community Schools» компаниясының құрылтайшысы, басқарушы директоры Мұхаммед Шаммамен кездесуінде Ақтөбе қаласында «Эрудит» бизнес мектебінің құрылысы жобасын іске асыру мәселелері талқыланды.
«Эрудит-Бизнес» ЖШС жалпы сомасы 6,6 млрд теңгені құрайтын 720 орындық оқу орнының құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр.
💬«Білім беру – қоғамдағы басымдыққа ие салалардың бірі, сондықтан біз мұндай жобаларды толығымен қолдаймыз. Ақтөбеге және жалпы облысымызға бұл мектеп қажет. Жобаның тезірек іске асырылуына мүдделіміз, өйткені балалар физика, математика және ағылшын тілін тереңдетіп оқуға мүмкіндік алады. Сингапур мен АҚШ-тың озық тәжірибелерін, әдістемелерін енгізуге және пайдалануға ерекше назар аударуды сұраймын. Болашақта бұл мектеп ең жақсы білім беру тәжірибелерін көрсететін орталыққа айналатынына сенімдімін, сондықтан жобаны жеке бақылауда ұстаймын. Туындаған мәселелерді жедел шешетін боламыз», – деп атап өтті өңір басшысы.
Өз кезегінде Мұхаммед Шамма жобаны іске асыруда жан-жақты қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
Айта кетейік, «Эрудит» мектебі келесі жылы Ақтөбеде ашылса, бұл Қазақстандағы екінші қала болмақ. Алғашқы мектеп биылғы жылдың тамыз айында Астана қаласында өз жұмысын бастайды.
«Біздің мақсатымыз – АҚШ университеттерінің әдістемелері бойынша балаларға жоғары сапалы білім беру. Бұл салада 33 жылдық тәжірибеміз бар. Қол байлау болар мәселелер жоқ. Келесі жылдан бастап мектебіміз оқушылар үшін өз есіктерін ашатынына сенемін», – деді инвестор.
Жобаның ерекшелігі 7-15 жас аралығындағы балалар 3-8 адамнан құралған шағын топтарда білім алады. Оқу бағдарламасы аясында оқушылардың орта арнайы мамандықтар бойынша сертификат алуға мүмкіндіктері болады.
Академиялық стандарттар «Cambridge International Education», «Edexcel» және «AdvancED» арқылы аккредиттелген.
Айта кетейік, жоба «Kazakh Invest» ҰК АҚ қолдауымен жүзеге асырылады.
Д.АЙДАР, «Ақтөбе» газеті.