«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУЫЛДЫҢ БЛОГЕР КЕЛІНІ

АҚКЕМЕРЛІК ӘЙГЕРІМ ҚОСАНОВАНЫ ЖЕРЛЕСТЕРІ «БЛОГЕР КЕЛІНШЕК» ДЕЙДІ. «БІЛІМ АЛУҒА ЕШҚАШАН КЕШ ЕМЕС» ДЕП САНАЙТЫН КЕЛІНШЕК ЖАСЫ ОТЫЗДАН АССА ДА ӨТКЕН ЖЫЛЫ МҰҒАЛЖАР ГУМАНИТАРЛЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНЕ ОҚУҒА ТҮСІП, БҮГІНДЕ 2 КУРС СТУДЕНТІ АТАНДЫ.

Біздің «блогерлікпен қашаннан бастап айналысасыз?» деген сұрағымыздан кейін жүзінің жабырқау тартқанын байқадық.

Бұл туралы айту мен үшін өте қиын. Себебі бұл уақыт анамнан айрылып қалған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Анам дүниеден өткеннен кейін қатты күйзеліске түстім. Сол сәтте ойымды басқаға аударуым қажет болды. Әйтпесе бұл сынаққа шыдай алмайтынымды түсіндім. Содан ойлап тапқаным, алдымен әлеуметтік желіде бизнес парақша аштым. Ол жерде үйден жасаған фастфуд өнімдерін салып, саттым. Менің ең алғашқы кәсібім осы болды. Бұл іспен бір жыл айналысып, пайдасын да көрдім. Одан әрі қызығушылығым туындады, алайда бір нәрсемен тоқтап қалғым келмеді. Содан жеке парақшамды реттеп, блог жүргіземін деп шештім, — деген Әйгерімге блокты жүргізу, дамыту, оқырман жинау аса қиындық туғызбапты. Оған өзінің үлкен ортада сөйлеуден қорықпайтындығы мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігі көмек болды деп санайды.

5 баланың анасы Әйгерім блогында өзінің күнделікті тіршілігін көрсетіп отырады. Яғни, ауыл өмірі, тынысы, қарапайым ауыл келінінің үлкен армандарына жету жолындағы әрекеттері – контенттерінің негізгі тақырыптары.

Мақсатым — ауылымды өзгелерге таныту. Ауылда да өмір барын, қызықты екенін, біз де даму үстінде екенімізді өзімше дәлеледеген түрім. Үйде отырған өзім секілді көп балалы аналарға да мотивация болсын деп ойладым. Яғни, бала-шаға, от басы-ошақ қасында да сүйікті кәсібіңмен айналысып, рахат табуға, бақытты ғұмыр сүруге болатынын көрсеткім келеді, — дейді көп балалы ана.

Кейіпкер келіншектің тағы бір хоббиі — кітап оқу, өлең жазу. Үйдің барлық тірлігі біткесін міндетті түрде шығармашылығымен айналысып, ойларын қағаз бетіне түсіріп, өлең оқиды екен. Одан бөлек қоғамға қандай да бір пайдам тисе деген ниетте қайырымдылықпен де айналысады.

Қайырымдылық — жүректен шығуы тиіс. Қандай да бір жағдайда қиындыққа түскен жанға қол ұшын созу — үлкен іс деп білемін. Өзім де екі мәрте жинақ ашып, өз аудиториямнан қаражат жинап, жиналған қаржыны ауылымыздағы үйлері өртенген 3 отбасыға бөліп бердік.

Айгерім Қосанова ауылдың қоғамдық өмірінде де, іс-шараларында да белсенді. Ауыл мектебінде “Қарақат“ аналар клубын ашып, бір ай бұрын “Дара” іскер әйелдер қауымдастығын құрған. Қауымдастықтың тұсау кесерін қыркүйек айына жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қауымдастық құрудағы мақсатым — ауылдың кәсіпкер келіншектерін қоғамға таныту, кәсіптеріне қолдау көрсету. Әзірге сұлулық салоны мен тігін шеберханасын ашып, жүргізіп отырған екі келіншегіміз бар. Сонымен қатар екі мұғалім келіншек өз кәсіптерін үйден жүргізіп отыр. Менің жоспарым көп, ойға алған істерім де жетеді. Оның бастысы – ауылымды дамытуға үлес қосып, көпке жақсы жағынан ғана таныту. Сонымен қатар көп балалы аналарды кәсіпке тарту, облыстық республикалық деңгейге шығару, — дейді Әйгерім Жетпісбайқызы.

Кейіпкеріміз бұған дейін «Өнегелі келін-2021», «Ауыл келіні2021», «Аппақ келін-2022», «Үздік блогер келін-2022» номинацияларының иесі атанған. Әйгерімнің жоғарыда айтқан сөздерінің бір дәлелі, 5 тамыз күні Алматы қаласында өткен республикалық байқауға «Ауыл белсендісі» тақырыбымен қатысып, байқау нәтижесінде «Мейірім» төсбелгісімен марапатталған еді. Төсбелгіні Әйгерімге Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарушы директоры Ілияш Ниязова табыстады.

Бұл байқау әр саланың үздіктері бақ сынасатын жоба. Мен бұл байқау туралы естіген бойда өзімнің жұмыстарымды ұсындым. Арнайы үлгі бойынша сауалнама толтырдым, ол жерде осыған дейінгі жетістіктеріңді көрсетуің қажет, жалпы өзің туралы толық ақпарат қалдырасың, белгілі бір шарттарынан өтесің. Мен өзімді блогер ретінде емес, ауыл белсендісі ретінде ұсындым. Содан арада бірақ уақыт өткесін Астанадан байқаудан өткендігім туралы рұқсат қағаз келіп, шақырту алдым. Жуырда Алматы қаласында салтанатты түрде марапат рәсімі өткен еді. Мен бірақ отбасы жағдайыма байланысты бара алмадым. Марапатым мен төсбелгімді пошта арқылы салып жіберген екен, оны колледж директоры салтанатты түрде тапсырды. Бүгінгі жетістігімді – алдағы жемісті жұмыстардың алғашқы баспалдығы деп білемін. Бұл – маған белсенді болуға, талмай еңбектенуге, жоспарымды жүзеге асыруға мотивация береді, — дейді Әйгерім Қосанова.

Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ТАРИХТЫҢ АҚТАҢДАҚ БЕТІНЕН

admin_mugalzhar

САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ИДЕОЛОГИЯҒА АРНАҒАН ЖАН

admin_mugalzhar

Референдумның алдын ала нәтижесі белгілі болды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.