«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҮЗДІК ТӘЛІМГЕР

ҚАНДЫАҒАШТЫҚ НҰРЛАН АТАЕВ ОБЛЫСТЫҚ «ЕҢБЕК ЖОЛЫ» БАЙҚАУЫНА МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ АТЫНАН ҚАТЫСЫП, ІІІ ОРЫН АЛДЫ. ҚАРА ЖҰМЫСТЫҢ КӨРІГІН ҚЫЗДЫРЫП, ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДА ТЕР ТӨГІП ЖҮРГЕН ЖАНДАРДЫҢ АРАСЫНАН ЖҮЛДЕЛІ ОРЫН АЛҒАНЫН МӘРТЕБЕ САНАЙДЫ, ӘРИНЕ. 30 ЖЫЛДАН БЕРГІ ЕҢБЕГІНІҢ АЗ ДА БОЛСА ӨТЕУІНДЕЙ КӨРЕДІ ӨЗІ.

Өзім сол кездегі Михайловкі ауылының, қазіргі Орқаштың баласымын. Бірақ сол кішкене кезімде осы Қандыағашқа көшіп келдік. №5 мектепті аяқтағаннан кейін, көлік жүргізушісі мамандығын алдым. Мамандықты өз қалауыммен таңдадым. Себебі кішкентай кезімнен жүргізуші болуды армандадым. Осы жұмысыма деген сүйіспеншілігім болар, 30 жылдан асты, әлі де сол көлік рөлінде келемін, — дейді мамандығына деген махаббаты туралы Нұрлан Атаев.

Еңбекке 18 жасынан бастап ерте араласқан кейіпкеріміз ең алғашқы айдаған көлігін де ұмытпапты.

Ең алғаш мінген көлігім ЗИЛ машинасы болды. Ауыр жүк көліктерін де, техникасы қиын көліктерді де жүргізе беремін. Осы кезге дейін жұмысымнан ешқандай шағым алған емеспін. Кезінде әкімдіктің де, жедел жәрдем көлігінің де жүргізушісі болып жұмыс істедім. Көлік жүргізу оңай жұмыс емес. Кез келген жұмыс сияқты өз қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Бәзбіреулер көлік айдауды оңай, жүргізушілік жұмысты жеңіл көретінін де білемін. Бірақ бұл — істің қыр-сырын жете біле бермегеннен деп ойлаймын. Себебі жүргізуші болу — үлкен жауапкершілік пен тәжірибені қажет етеді. Онымен қоса жолдың бәрі бірдей тақтайдай түзу емес. Жыл мезгіліне байланысты жолдың үсті көк мұз болып, адам өміріне қауіп төндіретін кездері де көп болады. Міне, осындай сәттерде ештеңеден қорықпай, темір тұлпарды тізгіндеп, алаңдамай, асықпай жүру керек. Қазір жастар арасында жылдамды қпен көлік жүргізу сәнге айналғандай. Бірінен бірі озып әлек. Қарап отырып таң қаласың… Оның ішінде жолаушы таситындарға не дерсіз?! Ол жерде жалғыз өзің емес, қаншама адамның тағдырына жауаптысың, — дейді ол.

«Ердің басына не келіп, не кетпейді» деген Нұрлан Мейіржанұлы өзінің де басынан талай қиындық өткенін жасырмады.

Кезінде жаппай қысқарту орын алып, жұмыс табу мұң болып, ол тапқан жұмыстан мардымды жалақы ала алмай, сол аздың өзін уақытылы бермей, қиналып та қалдық. Содан қарап отыруға болмайды, отбасы бар, бала-шағаны бағу керек. Әр жұмысты жасап көрдік. Сөйтіп осы «СНПС-Ақтөбе» көлік мекемесіне жұмысқа орналастым. Қазір осы мекемеде жүк көліктерін жүргіземін, — деді кейіпкеріміз.

Нұрлан Атаевты әріптестері «Адал азамат» деп атайды. Сол себепті жоғарыда айтып өткен осы аттас байқауға қатысуды ұсыныпты. Алғашында бас тартқан ол кейін көптің уәжіне құлақ асып, байқауға қатысуға бел буады. Ол үшін жұмыс барысы туралы арнайы бейнеролик түсіріп, керекті құжаттарды дайындап, тапсырады. Сөйтіп, жоба қорытындысы бойынша “Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері” атағын қорғап, ІІІ орынды қанжығаға байлайды. Бұның өзі мамандығына деген жауапкершілік пен сенімнің көрінісі.

Нәкең өз жұмысын жан-тәнімен беріліп жасайды. Алдына қойған мақсатына қол жеткізбей тынбайды. Әрбір іске асқан жауапкершілікпен және ұқыптылықпен қарайды. Сонысымен де ұжымдастары арасында зор құрмет пен беделге ие. Тіпті оның әр айтқан сөзі салмақты шығады. Мінезі де сондай, байсалды жан. Қабағын түйіп, мінез де көрсетуге жоқ адам. Үнемі жүзіндегі жылышыраймен жымиып қана жүргені. Ешқашан асығып-аптығып шешім қабылдамайды. Не де болса, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» дағдыланған. Әріптестері де үнемі біз оның осы қасиеттеріне қатты қызығамыз, сыйлаймыз деп жүреді, — дейді Нұрлан ағаның жан жары Евгения Атаева.

Атаева. Расымен де Нұржан Мейіржанұлының еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы көпке үлгі. Әсіресе, өзінен кейінгі ізін басып келе жатқан жастар үшін де, артынан ерген ұрпағы үшін де айтар ақылы мен берер кеңесі бар азамат деп біледі айналасындағылар. Тер төгіп жүрген еңбегі де елеусіз қалмай, аудан және кәсіпорын басшылығы тарапынан марапат пен құрметке де ие болып жүр.

Еңбектенген адамға құдай да береді. Мен оны бала-шағама айтып отырамын. Ал-ла берген екі қызым, бір ұлым бар. Тәп-тәтті немеренің атасымын. Өз ұрпағымның еңбекқор, жан-жақты, адал болғанын қалаймын. Мейлінше, білгеніммен бөлісіп отырамын. Мәселен, ұлым да, қыздарым да көлік жүргізе алады. Адам баласы еңбек етуге ерінбеуі қажет. Білім де, білік те осы еңбектің жемісімен келеді. Ең бастысы, жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп, бір орында тұрып қалмау маңызды. Себебі дана қазақтың «жеттім деген жығылады, толдым деген төгіледі» деген мақалы бар. Ол түгілі, қара судың өзі бір орында тұрса, иістенеді емес пе?! Сол тәрізді адам да өзінің дүниетанымын кеңейтіп отыруы керек. Ол үшін көп оқып, көп еңбектену маңызды, — дейді Нұрлан Атаев.

Үкіметке де орындыорынсыз алақан жаюды дұрыс емес деп санайды. «Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не бере аламын?» деген оймен еңбектену керек деп санайтын еңбек адамы «қалай да маңдай терін сіңіріп тапқан нан да тәтті болады» дейді.

Әрине, шын мұқтаж болсаң, оған сөз жоқ. Ал он екімүшең сау болып тұрып, өзгеден дәмету – азаматтыққа сын. Өйткені мемлекет көмегіне шын зәру жандар көлеңкеде қалып қоюуы мүмкін. Екі қолға бір жұмыс табылары анық. Әсіресе, бүгінде жұмыс жасаймын деген адамға мүмкіндік көп. Жастар қарапайым жұмысшы болып бастаудан қорықпауы керек. Ең бастысы, адалдық пен еңбекқорлықтан адаспаған абзал, — деді Мұғалжардың адал азаматы.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Футболдан Қазақстан құрамасы Словениядан жеңілді

admin_mugalzhar

9 облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды

admin_mugalzhar

ӨНЕР ҚҰДІРЕТІ – МӘҢГІЛІК

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.