«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЖЫРАСУ — БАЛАҒА ҮЛКЕН СОҚҚЫ

Мен Мұғалжар ауданына қарасты бір кішігірім ауылдың тұрғынымын. Туылғаннан тағдырдың мандайыма жазғаны сол, әке-шешем мен туылар шақта екі жаққа ажырап кетіпті. Ата-анам екі жаққа кеткелі мен әкемді мүлдем көрмедім, тіпті, аты-жөнін, қай рудан, қай ауылдың тумасы екенін білмей өстім. Өмірге келгеннен нағашыларымның қолында тәрбиелендім. Құдайға шүкір, оқытып, қатарымнан кем қылмай, ешкімге жалтақтатпай өсірді. Десе де… өз тегімді біліп, әкемді бір көру ең үлкен арманым еді… 2017 жылы оқу бітірер шақта мен көршім арқылы әкемді таптым. Бірақ ол кезде бәрі кеш болды, себебі ол кісі өмірден өтіп кетіпті. Сонда да әкемнің бауырларын іздеп бардым. Әйтсе де, әкемнің ағайындары мені қабылдай қоймады, қуғандай болып шығарып салды. Көңіліме тиді әрине, жүрегіме дақ болып қалды. Бәлкім әкем тірі болса, қабылдар ма еді деген балалық үміт көңіл түбінде қалып қойды…
Жақсылыққа, оның ішінде атаанамыздың жақсы адамдар екеніне сенетін, үміт артатын көп баланың бірі мен едім… Жасым 25-ке келсе де, өзім әке болар жаста болсам да, әлі күнге дейін әкеніңмейірімін, тіпті, «тәйт» дегенін де аңсаймын, армандаймын. Сол арман арман күйінде қалды… Өз-өзіңді «тастап кетті ғой» деп қайрасаң да, жек көруге тырыссаң да, әкенің орны бөлек екен. Сол әкені аңсаған жүректің туыстарымның, иә, иә, менің туыстарымның бауырларының артындағы тұяғына көрсеткен қаттылығына шыдай алмай, жүрегімнің қан жылағанын қалай ауызбен айтып жеткізерсің?! Менің кінәм не? Үлкен кісілердің бір-бірін түсінбегенінде, кешіре алмағанында, бірге болуды қаламағанында баланың кінәсі барма өзі?..
Айтайын дегенім, бүгінгі ажырасудың статистикасы қорқытады. Жыл санап бұл сан өсіп бара жатқандай ма, қалай өзі… Әрбір ажырасудың артында баланың тағдыры тұрғанын сол ата-аналарымыз ойлай ма екен?.. Әке үйден кетсе, баланың өмірінен де неге кетеді? Осы ой 25 жылдан бері мазалапақ келеді. Бәріне топырақ шашпаймын. Бірақ отбасында ажырасу орын алған кезде, баланың көп жағдайда анамен қалып, жауапкершілігі де ананың мойнына асылатыны өтірік емес. Анам бар қасымда. Баласын жеткіземін деп тырбанып, тырысып, жырақта жүріп, нан табуға мәжбүр болса да, анам бар менің! Соған шүкіршілік етемін. Бір өкініштісі, ол кісіге «Ана» деп айта алмайтыным. Анамның анасын «мамалап» өстім, солайүйретті. Өз анамды әпкемдей көруге тәрбиелендім. Әжем әкем де, анам да болды. Әр кез қолдап, мені ешкімнен кем қылмай, барлық жағдайымды жасап, осы күнге дейін еркелетіп, мен үшін уайымдап отырады. Менің осы өмірге бір кірпіш болып қалануым, өмірден өз орнымды табуым осы кісінің арқасы екенін білемін. Десе де, мен де әкем мен анамның ортасында өскенді қалап едім… Бауырларымның болғанын аңсап едім… Бұл – ешқашан ешкімге айтпаған, бөлісе алмаған жан сырым. Бүгін қолыма қалам алып, газет арқылы ойымды жеткізуге бел будым. Ондағы ойым, жастар асығыстықпен бас қосып, кейін ажырасып жатпаса деймін. Ортадағы балаларының жағдайын ойлауы қажет екенін жадыдан шығармаса екен. Бала да бәрін сезеді, біледі, көреді. Өмірге әкелген бір тірі жанның жауапкершілігін екеулеп көтерсе деймін. Менің тағдырымды қайталайтын бала саны ең болмаса, бүгінгіден көбеймесе екен…
С.ЕЛЕНОВ

Ұқсас ақпараттар

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

admin_mugalzhar

МӘДЕНИЕТ КҮНДЕРІ ӨТТІ

admin_mugalzhar

МАҚСАТ — МЕМЛЕКЕТ МҮДДЕСІ МЕН АЗАМАТТАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.