«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қайсар қыздың алғашқы жеңісі

«Тең қоғам» облыстық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығында дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының ұйымдастыруымен жуырда Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Пара Азия Ойындарынан қола жүлдемен оралған Гүлім Құрманбаевамен кездесу өтті.

Аталған шараға спортшылар, қоғам белсенділері, жастар мен орталықтың қызметкерлері қатысты.

Шарада алдымен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров Пара Азия ойындарында елдің, облыстың намысын қорғаған спортшыларға ризашылығын жеткізіп, биыл өңірдің тарихында жерлесіміз Гүлім Құрманбаева алғаш рет пара пауэрлифтингтен 45 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қола медаль жеңіп алғанын атап өтті.

Басқосуда облыстық мәслихаттың депутаты Айгүл Дүйсеновадене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Гүлнар Қартанова, Пара Азия ойындарына жүзуден қатысқан спортшы Шахан Жолдасбаев кеш кейіпкеріне құрмет көрсетіп, оның спортта осындай жетістікке жетуі еселеп төгілген маңдай терінің арқасында екенін жеткізді.

— Бұл — менің алғашқы жеңісім. Осы жарысты көп күттім, барынша дайындалдым. Еңбегім еш кетпеді, қола жүлдегер атандым. Менің жеңісім — баршамызға ортақ жеңіс. Сондықтан осындай жетістікке жеткен тұста маған жан-жақтан қолдау көрсетіп, өздерінің қамқорлығын, ілтипатын білдіріп жатқан барша жерлестеріме алғысымды айтамын. Жарыста өнер көрсету оңай болмады. Бар күш-жігерімді, қайратымды жинап, өзімді көрсетуге тырыстым. Бүгінгі басқосуда маған және әріптестеріме қолдау көрсеткен спорт басқармасына, менің осындай биікті бағындыруыма көп күш жұмсаған жаттықтырушыма, барша тілектес жандарға ризашылығымды білдіремін, — деді Гүлім.

Кездесуде жаттықтырушы Сергей Ведюшкин Гүлім Пара Азия ойындарында 91 келі салмақтағы зілтемірді қиналмай көтеріп, көпшілікті таңғалдырғанын, енді спортшы қараша айының ортасынан бастап келер жылы өтетін әлемдік кубокқа дайындалатынын жеткізді.

Айта кету керек, Қытайда өткен IV Пара Азия ойындарында Гүлім Құрманбаевамен бірге Нысанбек Айдарбеков, Қаржаубай Тинеев, Шахан Жолдасбаев, Мұрат Мадиновтер өнер көрсетіп, елдің намысын қорғап қайтты.

Д.ҚАЗИХАН, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

БАУЫРЖАН — ӘЛЕМДІК АРЕНАДАҒЫ ТӨРЕШІ

admin_mugalzhar

БИЫЛ 8 МЫҢ АҚТӨБЕЛІК ҚАРЖЫЛЫҚ САУАТЫН АРТТЫРАДЫ

admin_mugalzhar

Реформаның үштағаны: жасампаздық пен жаңғыру жолы

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.