БИЫЛҒЫ ҚАЗАН АЙЫНДА ПОРТУГАЛИЯНЫҢ ОДИВЕЛАШ ҚАЛАСЫНДА ЖАСТАР АРАСЫНДА ДЗЮДОДАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТКЕН ЕДІ. ОҒАН ДҮНИЕ ЖҮЗІ БОЙЫНША 80 ЕЛДЕН ІРІКТЕЛГЕН 1200 СПОРТШЫ ҚАТЫСТЫ. ЖЕРЛЕСІМІЗ ЖАНАРЫС РАХМЕТҚАЛИ ОСЫ БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕДЕ ЕЛ НАМЫСЫН ҚОРҒАП, ҚОЛА ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ.
Жанарыстың бұл алғашқы жүлдесі емес. Ең алғаш рет өткен жылы Ақтау қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында 60 келі салмақта ел чемпионы атанды. Сондай-ақ осы жеңісімен қатар Қазақстан Республикасының «Спорт шебері» нормативін орындаған еді. Жүлдеге толы сол жылы жастар арасында 60 келі салмақта Қазақстан чемпионы, Тайландта өткен Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Биылғы жыл да жас спортшы үшін жемісті де жеңісті жыл болды. Мәселен, Португалия еліндегі, Испания мемлекеті Малага қаласындағы және Германияның Берлин қаласында өткен Еуропа кубоктерінде қол жүлдені қанжығаға байласа, Алматы қаласында өткен Азия кубогінің чемпионы және кеше ғана Португалия мемлекетінде өткен Әлем чемпионатының 3 орын жүлдегері атанды.
—10 жасымнан дзюдо спортымен айналысамын. Ең алғаш осы спортқа баулыған Ембі қаласындағы жаттықтырушым Талғат Рятов болса, қазіргі таңдағы жеке жаттықтырушым Бекжан Абдуалиев. Сайыстарда үнемі ата-анам, бауырларым, кешегі және бүгінгі жаттықтырушыларым қолдау көрсетеді. Маған деген сенімдері үшін оларға ереше алғыс білдіремін, — дейді жас дзюдошы.
Спортшы сондай-ақ Ақтөбе облыстық спорт басқармасы мен Ақтөбе дзюдо федерациясы да қолдау білдіретінін атап өтіп, аудан тарапынан аса бір қолдау көрмегенін де жасырмады.
— Осы уақытқа дейінгі дайындығымыз бен еңбегіміз еш кетпей, алдағы уақытта жоғары нәтиже көрсетуге барынша тырысамын. Мен үшін әр жарыс — үлкен тәжірибе. Жаттығуды одан әрі тереңдетіп, бұйырса бұдан да биік белесті бағындырамын, — деген дзюдошыдан қазір Ташкент қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындықтың жүріп жатқанын білдік.
—Сол дайындықтан өтіп, Азия чемпионатына жол жүремін. Ендігі мақсатым — Азия чемпионатында алтынды қанжығаға байлау, — дейді Жанарыс Рахметқали.