«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘКІМ ЕСЕП БЕРДІ

ӨТКЕН АПТАНЫҢ СОҢЫНДА АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВТІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨТКЕН КЕЗДЕСУДЕ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ ТАЛҒАТ ӨТЕМҰРАТОВ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА ЕСЕП БЕРДІ. ЕСЕПТІК КЕЗДЕСУЛЕРДЕ АЙТЫЛҒАН АҚПАРАТТАР МЕН ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЛЕГІН ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.

Салық түсімі — 312 млн 844 мың теңге

Қала әкімі алдымен қала бюджетіне тоқталып, төртінші деңгейлі бюджеттің орындалуы мен салық түсімі туралы баяндады. Оның сөзінше, осы жылы қала бюджетіне түскен салықтың көлімі 312 млн 844 мың теңге болған. Ал жоспарда түсетін салықтың мөлшері 310 млн теңге болатыны топшыланған. Талғат Өтемұратов түскен салықтың нәтижесінде қала аумағын көріктендіріп, аулаларды абаттандыруға, жолды жөндеп, жарықшамдар орнатуға мүмкіндіктер ашылғанын жеткізді.

2023 жылы жеке табыс салығы 153 млн 576 мың теңге, мүлік салығы 4 млн 969 мың теңге, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлем 25 млн 331 мың теңге, заңды тұлғалардың көлік салығы 45 млн 548 мың теңге, жерді сатудан түскен салық 22 млн 336 мың теңге, жеке тұлғалардың көлік салығы 57 млн 162 мың теңге, жер салығы 4 млн 366 мың теңге болды. Төртінші деңгейлі бюджет болғалы барлық салық түсімдерін қала аумағына қажетті шараларға пайданып жатырмыз, — деді Талғат Орналыұлы.

«Финский» мөлтек ауданы: бірқатар көше жөнделеді

Қала тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі – автокөлік жолдары. Бүгінгі таңда Қандыағаш қаласының қалаішілік жолдарының жалпы ұзындығы 101,4 шақырымды құрайды. Қала аумағында 5 мөлтек аудан және 64 көше бар. Соның ішінде асфальт жабындысы салынған 23 көшенің жалпы ұзындығы — 40 шақырым, ал асфальт төселмеген 41 көшенің ұзындығы — 64,4 шақырым. Қала әкімі бүгінде қара жолмен жатқан бірқатар көшелерді асфальттауға жұмыстанып жатқанын жеткізді. Айталық, Финский мөлтек ауданындағы І.Жансүгіров, К.Ахметов, О.Өмірбаев, Б.Майлин, Западный көшелеріндегі автомобиль жолдарын қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, тексеріске тапсырылған. Бүгінде сараптама қорытындысы шыққан.

Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесіп, қала аумағындағы бірқатар көшелер жол құрылыс жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда. Олар — «Болашақ» мөлтек ауданы, Н.Орынбасаров, Бейбітшілік көшелері. Сонымен бірге «Самал» мөлтек ауданындағы №7,8 кварталда, М.Анешов, Жем, Жаңа, Көктөбе, Еңбекту, Б.Момышұлы, Астана, Алматы, Алтынды, Достық көшелері. Алдағы уақытта «Жеңіс» даңғылы, «Есет батыр», Е.Баймұханбетов көшелеріне, Елек тұйығын қайта жаңғыртуды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Қала әкімі бүгінде демеушілікпен «Алан» базары аумағы, А.Қалиев, Б.Монашев, «Жаңақоныс» шағын ауданының 4 көшесі, «Жастық» мөлтек ауданындағы №7 үйдің артымен автокөлік жолына тас жол төсеу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатқанын тілге тиек етті.

Аулаларды абаттандыру — күн тәртібінде

Тұрғындарға жайлы жағдай жасау – бүгінгі биліктің басты міндеттерінің бірі. Осы тұста қала әкімі Талғат Өтемұратов көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру бойынша жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын жеткізді.

Бүгінде Ж.Жабаев көшесіндегі №74,75 көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарын «Икас» ЖШС-і жүргізуде. Аталған жұмыстарға бюджеттен 56 млн 362 мың теңге бөлінді. Сонымен бірге, «Достық» мөлтек ауданындағы №23 көпқабатты тұрғын үйдің кіреберіс жолы абаттандырылуда. Бұл жұмыстарды «PN Project» ЖШС-і жүргізуде. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен бөлінген қаржының көлемі 28 млн 042 мың теңгені құрайды. Екі ауланың да құрылысы осы жылдың аяғында аяқталып, пайлануға беріледі, — деді Талғат Өтемұратов.

Қала бойынша кейбір аулаларды абаттандыру жұмыстары ауыспалы кезеңмен жасалуда. «Жастық» мөлтек ауданындағы №1,4,23,24,16,17,18,19 көпқабатты тұрғын үйлердің кіреберіс жолын салып, ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аталған жұмыстар 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Қала әкімі бұдан өзге жасалуы қажет деп жоспарланған көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттар мен сараптама қорытындысының дайын екенін тілге тиек етті. Олар — «Жастық» м/а №5,9,11,12,14,15, «Достық» м/а №13, 20,21, Ж.Жабаев көшесіндегі №72,73 көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары.

Жаяу жүргіншілер жолы салынуда

Қандыағаштың саздақ жері жаңбыр жауса мибатпаққа айналатыны жасырын емес. Соңғы жылдары осы олқылықтың орны толтырылып келеді. Көшедегі жүргіншілердің еркін жүріп-тұруына жайлы жағдай туғызу үшін көшелерге жаяу жүргіншілер жолы салынып, тас жол төселуде. Осы жылы «Финляндия» мөлтек ауданы қалалық №1 орта мектебінің маңындағы Ю.Гагарин көшесіне ұзындығы 223 метр болатын тасжол төселді. Бұл жұмыстарға бюджеттен 7,8 млн теңге бөлініп, құрылысын «СтройСервисУниверсал» ЖШС-і жүргізген. Ал қалалық №4 орта мектебінің жанынан салынған ұзындығы 145 метр тасжолға бюджеттен 7,6 млн бөлінген.

Жаяу жүргіншілер жолынан бөлек көктем уақытында тасқын судан қорғану үшін суағар салуды да қолға алып жатырмыз. «Жастық» мөлтек ауданындағы орталық такси тұрағының маңына бюджеттен бөлінген 14,0 млн теңгеге «R-Logistics Group» ЖШС-і суағар салу жұмыстарын жүргізді. Айта кететін бір жайт, бұл жұмыстардың барлығы салық түсімінен түскен қаржыға салынуда. Сонымен бірге ұзындығы 558 метр болатын Теміржолшылар көшесіне де суағар салу құрылысы жүргізіледі. Бұл жұмыстарды «Өмірзақов А» жеке кәсіпкерлігі жасайды. Алдағы уақытта «Спартак» дүкенінен бастап «Қарлығаш» бөбекжай бақшасына дейін, Н.Қаржаубаев көшесіне, «Достық» м.а. №14 үйден Ақтөбе-Атырау тас жолына дейін тасжол төсеуді жоспарлап отырмыз. Аталған жұмыстар 2024 жылы аяқталады, — деді қала әкімі.

Жарық — қауіпсіздік кепілі

Есеп беру барысында қала әкімі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қала көшелерін жарықтандырып жатқанын мәлімдеді. Оның сөзінше, осы жылы «Тәуелсіздік» даңғылы мен С.Сейфуллин көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, Н.Орынбасаров, Бұлақты және Бейбітшілік көшелерінде электр жүйесін ауыстыру және жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттардың дайындалғанын жеткізді. Аталған жұмыстарды жасау үшін мемлекеттік сатып алу порталына хабарландыру берілген. Хабарландыру 30 қараша күні аяқталып, жоба жасаушы жеңімпаздің анықталатынын баяндады.

А.Иманов көшесі жарықтандыру жұмыстарына қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілді. Н.Байғанин көшесі және Жем тұйығын жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен бірге «Жастық» м/а №7А, Есет-Батыр көшесі №12 көпқабатты тұрғын үйлердің жер асты электр жүйесі ауыстырылады, — деді ол.

КЕЗДЕСУГЕ ҚАТЫСҚАН ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ КӨКЕЙЛЕРІНДЕ ЖҮРГЕН МӘСЕЛЕЛЕРДІ КӨТЕРІП, СҰРАҚТАРЫН ЖОЛДАДЫ

Қуандық, қала тұрғыны:

Қандыағаштағы қалаішілік жолдардың көпшілігінің сапасы сын көтермейді. Атап айтатын болсам, «Жеңіс» даңғылы мен Ераван Баймұхамбетов көшесінің қиылысындағы автокөліктерге арналған айналма жол тым тар. Көліктердің еркін жүруіне кедергі келтіреді. Сонымен бірге, жол ортасындағы Есет батырдың құрметіне қойылған ескерткішті алып тастап, жолды кеңейткен дұрыс деп есептеймін. Ескерткішті басқа жерге де орналастыруға болады. Осы жол салынғалы жолдың тегіс болып жатқаны есімде жоқ. Жыл сайын жөнделеді, бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Себебі сапасы тым нашар.

Дархан Ермағанбетов, Мұғалжар ауданының әкімі:

Біз тоқсан сайын ауданға қарасты елді мекендерді аралап, кездесу өткізіп жүрміз. Осындай кездесулер барысында тұрғындар көптеген сұрақтар мен мәселелер көтереді. Біз оларды ескерусіз қалдырмай, барынша орындауға тырысамыз. Айталық, сіз көтеріп отырған қала орталығындағы айналма жолды қайта жаңғырту үшін жұмыстанып жатырмыз. Бүгінде бұл жолға жоба дайындалу үстінде. Бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табады.

Айбек, қала тұрғыны:

Қандыағаш қаласындағы темір жол вокзалының маңдайшасындағы латын әрпімен жазылған жазуды алып тастау керек. Біз латынша білмейміз, оқи да алмаймыз. Осыған сіздің тарапыңыздан қандай шара қолданылады?

Дархан Ермағанбетов, аудан әкімі:

Мемлекетіміздің алдына қойған мақсаттарының бірі – латын әліпбиіне көшу. Бүгінде бұл мәселе әлі де зерттеліп, нақтылану үстінде. Осы орайда, вокзалдың маңдайшасындағы жазу біздің осы мақсатқа жетуіміздегі алғашқы қадамдардың бірі деп есептеймін. Қандыағаш теміржол вокзалы тоғыз жолдың торабы болғандықтан, бұл жерден халықаралық деңгейдегі пойыздар өтеді. Ал латын әліпбиі — көптеген елдердің халықтары пайдаланатын ортақ таңба. Соны ескерген жөн.

Абай, қала тұрғыны:

Қазіргі таңда Қандыағаш қаласында жарықтандырылмаған жер көп. Айталық, бүгінде «Сары базар» атанып кеткен сауда орталығының артындағы жаяу жүргіншілер жолы бар. Сол жерде бірде бір жарық шам орнатылмаған. Қараңғы мезгілдерде, жүргіншілерге қауіп төндіреді. Кешкілік балалар мектептен қайтады. Осы жерді жарықтандыруды, тас жол төсеуді қолға алсаңыздар?

Талғат Өтемұратов: қала әкімі:

Осы жылы қала бойынша маңызды саналатын үлкен көшелерге жарықшамдар мен жарық бағаналары орнатылды. Жылдың аяғына дейін де жасалатын бірқатар жұмыстар бар. Бүгінде жыл аяқталуға таяу қалды. Сіз көтерген бұл мәселені келер жылы жоспарымызға енгізіп, жобалық-сметалық құжат дайындап, жасауға тырысамыз. Алдағы уақытта мәселе шешіледі деп есептеймін.

Ақзер, қала тұрғыны:

Мен мамыр айынан бастап ақылы қоғамдық жұмысшы болып жасаймын. Менің жұмысым — «Достық» мөлтек ауданында орналасқан №19,20,21 көпқабатты үйлерге қарасты ауланың қоқыстарын тазарту және ортақ қоқыс салатын жәшіктердің ұрланбауын қадағалау және айналасын таза ұстау. Қоқыс жәшігінің айналасы жаңбыр жауғанда балшық болып, жүру мүмкін болмайды. Балшыққа батқысы келмеген тұрғындар қоқысты тиісті жеріне тастамай, лақтырып кетеді. Басшылық сол қоқыс жәшігінің айналасын дұрыстап, астына биіктетіп жасап береміз деген еді. Бұл уәде сөз жүзінде қалып отыр. Сонымен бірге №3 мектеп-гимназиясына баратын жолдың жағдайы жақсы емес. Осы үйлерге жаяу жүрмек түгілі, қыс, көктем, күз мезгілдерінде көліктің кіріп-шығуы қиындық туғызады.

Талғат Өтемұратов, қала әкімі:

Бұл мәселе — біздің назарымызда. Келер жылы бұл мәселе өз шешімін табады деп ойлаймын. Сіз айтқан үйлердің аулаларын абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, сараптамадан өтіп, мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру жарияланып, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекеме анықталды. Сіз көтерген мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен жасалатын болады. Бүгінде нақты жоспар бойынша жұмыстанып жатырмыз.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда карантин режимі қандай жағдайда жеңілдетіледі?

admin_mugalzhar

Тұрғындар кәріз жүйесіне неге қарсы?

admin_mugalzhar

Жұмыспен қамту жол картасы: Ақтөбе облысында 12 мыңға жуық жұмыс орны ашылады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.