«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАЛИКАНЫҢ МУЗЫКА ӘЛЕМІ

СЫБЫЗҒЫНЫҢ ҮНІНДЕЙ СЫЗЫЛА ШЫҚҚАН ДАУЫСЫ «ҚҰЛАҚТАН КІРІП БОЙДЫ АЛАР» ДЕГЕН ТЕҢЕУГЕ ДӨП КЕЛЕДІ ДЕСЕК, АСЫРА СІЛТЕДІ ДЕМЕССІЗ. ӨЗІМІЗ АРНАЙЫ БАРЫП, ТЫҢДАП ҚАЙТҚАН МАЛИКА ТӨРЕМҰРАТОВАНЫҢ БАЯНЫН АРҚАЛАП, ӘНМЕН ДОСТАСҚАНЫНА ДА ҚЫРЫҚ ЖЫЛҒА ЖАҚЫНДАПТЫ. ДҰРЫСЫ… БАЛА КЕЗДЕН ӨЗІНІҢ ӨМІРІ МЕН МУЗЫКА ӘЛЕМІН АЙЫРЫП КӨРМЕПТІ. ҚАШАН ДА МУЗЫКА САЛАСЫН ТАҢДАЙТЫНЫН БІЛДІ, ӘЙТЕУІР. СОЛАЙ БОЛДЫ ДА… ХОШ, СОНЫМЕН…

Қызылорда облысының Арал қаласында дүниеге келсе де, балалық шағы Ақтөбеден 500 шақырымға жуық қашықтықта жатқан бүгінгі Әйтеке би, ол кездегі Қарабұтақ ауданының кезінде асыл тұқымды жылқы өсірумен айналысқан Талдық ауылында өтті. Сол ауылдан мектеп бітіріп, кейін 1986 жылы сол мектепке мұғалім болып қайта оралды. Қолында «музыка пәнінің мұғалімі» деген табақтай дипломы бар. Оқуын бітіріп, мамандық алғаннан кейін Талдықтың Мерхат атты жігітіне тұрмысқа шығып, он балалы шаңыраққа келін болып түсті. Ол кезде де музыкадан қол үзбеді. Бір қызығы, өзі түскен шаңырақтың келіндері түгелімен әнші болып шықты. Той-домалақтарда абысындыкелінді болып ән салып, өнерлерін көпке паш етіп те жүрді.

 

Музыка пәніне деген қызығушылығым бала кезімнен қалыптасты. Арнайы білім алған соң менің таңдауым музыка екеніне анық көзім жетті. Шәкірттерге музыка құдіретін ұғындыру, әсемдікке баулу, музыканың тілін меңгерту – ұстаз ретіндегі мақсатым. Қазір балалардың талғамы жоғары. Ал олардың ерекшеліктерін түсіндіру, көркем мұраларды зерттеу, әрбір оқушының бойына патриоттық сезімді қалыптастыру ізденісті қажет етеді. Мен де осы үдеден шығу жолын да еңбек етіп келемін, — дейді өзі.

1998 жылы дәм-тұз айдап, Қандыағаш қаласына қоныс аударып, сол жылдан бастап қалалық №4 орта мектебіне мұғалім болып орналасқан Малика Аманғалиқызы сол мектепте 17 жыл еңбек етеді.

Ұстаздың басты міндеті – саналы ұрпақ тәрбиелеп, білім беру жолында аянбай тер төгу. Елдегі жастардың сапалы білім алып, өмірден өз жолын табуы, қоршаған ортаға тез әрі тиімді түрде бейімделуі білімнің арқасы. Білімді адам ғана қоғамды алға сүйрейді. Ал музыкалық тәрбие арқылы балаға эстетикалық, талғамдық тәрбие қоса беріледі. Менің де осы мұғалім болып қызмет істеп келе жатқаныма биыл отыз жеті жыл болыпты. Осы жылдар ішінде әрбір шәкіртімнің бойына муызка арқылы әдемілік нұрын сіңіре білдім деген үміттемін, — дейді кейіпкеріміз.

Кішкентайынан өнерге жақын болып өскен ол өзінің болашақта музыка әлеміне барғысы келетін шәкірттері барын да айтты. Ұстаздың айтуынша, болашақ музыка пәнінің мұғалімдері қазірден бастап жан-жақты даярлануы қажет. Кез келген мамандықтың өзіндік ерекшеліктері болатыны сияқты музыка мұғалімінің де өзіне тән “құпиясы” бар. Музыка пәнінің мұғалімі әрдайым шығармашылық ізденісте жүреді. Өйткені ол оқутәрбиелік жұмыстарын жүргізе отырып, балалардың көзқарастарын, сенім-нанымдарын, талғамдарын қалыптастырады.

Жақсы музыка мұғалімі ең алдымен, өз жұмысының ерекшеліктерін, қиыншылы қтарын терең білгені жөн. Педагог-музыкант оқушылардың ішкі жан-дүниесін ұға білетін психолог, еңбек үрдісін шебер ұйымдастыра алатын қабілетті маман болуы тиіс. Жалпы ұстаздық жолда әр уақытта өзіне де, өзгеге де қатаң талап қойып, оқу-шыларға үлгілі бола білу керек, — дейді ұстаз болашақ мамандарға.

Қазіргі таңда оның жұмысы мектептегіден өзгешелеу. 12 жылдан бері Мұғалжар аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде музыкадан сабақ беретін Малика Аманғалиқызы шәкірттерінің де, олардың әлемінің де ерекше балалар екенін айтады.

Ия, әрине, ерекше балалармен жұмыс жасаудың өзіндік қиыншылықтары бар. Бірақ өз жұмысым өзіме ұнайды. Бұл балалардың жаны сондай нәзік, әдемілікке тартылып тұрады. Қазіргі таңда 40 шақты балаға жас ерекшеліктеріне қарай 3- 5, 5-8 және 8 жастан жоғары балаларды топ-топқа бөліп, сабақ өткіземін. Біздің мекемеде тек Қандыағаш қана емес, Ембі, Жұрын, Орқаш ауылдарынан, тіпті өзге де аудандардан қатынап оқитын балалар бар. Балалар аптасына 2 рет келеді. Бір қынжылтатыны, биыл өткен жылға қарағанда аутист диагнозы қойылған балалардың саны артқан. Баланың науқасы – үлкен трагедия! «Баламның аяғына кірген тікен маңдайыма кірсін» дейтін ананың бірі өзіммін. Менің де төрт қызым, бес жиен немерем бар. Сондықтан біздің мекемеде оқитын бала саны артқан сайын қынжыламын. Негізі түзету кабинетіндегі балалар көбіне адаммен араласпайды, өздігінен ашылып сөйлемейді. Бірақ музыка сабағында осы тұйық балалар ашылады. Бұл әрине, қуантады. Менің бар мақсатым әр баланы өнерге баулу және қатарға қосу. Осы мекемеден жақсы нәтижеге жеткен балаларымыз да аз емес. Көптеген аудандық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі болып жүрміз, — деп шәкірттерімен мақтанып та алды ұстаз.

Ұзақ жылғы еңбегінің жемісі — Малика Төремұратова 2022 жылы «Жыл адамы» атағына ие болған еді. Одан бөлек Алғыс хаттары мен марапаттары да жетерлік. Ол әрбір жетістігін ұзақ жылғы ізденіспен, шығармашылықпен байланыстырады. Осы күнге дейін талай өреннің өнерде қанат қағуына себепші болды. Шәкіртінің өмірдегі адами қасиеті мен өнердегі шығармашылық жетістігі қатар жүрсе – бұл кәсіби жетістігінің ең биігі деп санайды Малика мұғалім.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУДАНЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысы экономикасының өсімі тұрақты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.