«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕН ОРЫСША БІЛМЕЙМІН…

Ия, дәл солай! Мен орыс тілінде сөйлемеймін. Аздап түсінгенмен, бірақ ойымды жеткізіп айта алмаймын. Сондықтан көп жерде қиналып қаламын. «Отыздан кеткен жігіт қалай орыс тілін білмейді» дегенді де естіген құлақта жазық жоқ! Мен неге білуім керек? Орыс тілі – менің ана тілім бе? Мәселен, мен ағылшын тілін немесе қытай тілін білмеймін, ол үшін ұялмаймын, ешкімнен сөз естімеймін, маған ешкім дәл сол үшін қырын қарамайды. Ендеше неге мен үшін шет ел тіліндей орыс тілін білмегенім үшін ұялуым немесе өзімді кінәлі сезінуім қажет?! Соны түсінбей далмын…

Орыс тілі – ресми тіл дерсіз, бәлкім. Бірақ мен өз ана тілімде ғана емес, мемлекеттік тілде сөйлеп тұрсам және сол тілде маған қызмет көрсетуін талап етсем, онымның қай жері қате? Бұнымды кейбіреулер «ұлтшылдық» деуі де мүмкін. Сонда мен өз ана тілімді жақсы көріп, мемлекеттік тілді құрметтегенім үшін «ұлт шыл» болғаным ба?! Жалпы мен «ұлтшылдық» дегенді «ұлтжандылық» дегенге ауыстырар едім. Мен елімді сүйемін! Тілімді мақтан етемін! Ел басына күн туса, жерімді қорғауға әзірмін! …Бұл әңгіме қайдан шықты өзі? Таңертең қалаішілік автобуста кілең жастар отыр екен. Бәрі өзіміздің қара көз қазағымыз. Орыс тілінде сөйлеп отырған жастардың арасындағы бір қарындасым түсінбей қалды білем: «ол не деген?» деп қалды қазақша. «Ооой, деревня» деп жауап берді оған екінші қарындасымыз. Сол кезде қазақ қызы өзге тілді түсініңкіремегені үшін өзін өзі қорсынып қалды. Онысы бүгежектеп, жер сүзіп кеткен көзінен байқалды. Түсінемін, өзге елде жүріп, сол елдің тілін білмей жатсаң, қиналып қалуың заңдылық болар. Бірақ өз елінде жүріп менің қара көз қарындасым неге ұялуы керек?!

Сосын қазақ тілінде сөйлейтіндерге «деревня, ауылбай» деген теңеулер жамауды қоятын уақыт болды емес пе?! Ауылды, ауылдан шыққан адамды кім жаман дей алады?! Қазақтың жалпы түп-тамыры ауылдан екенін ұмытпауымыз қажет! Сонымен мен орыс тілін білмеймін. Кім-кімде, елімнің қай жерінде болмасын маған өзге тілде сөйлесе, мен ана тілімде жауап беремін! Бірақ ұлты өзге адамнан да менің ана тілімде сөйле деп талап етпеймін! Тек мемлекеттік тілде жауап берсе болғаны! Өзімнің балаларыма да ана тілдерін құрметтеуді, ол үшін ұялмауды, қайта өте бай, таза, естір құлаққа жағымды тілімізді мақтан етуді үйретіп келемін.

С.ЖАНАС, қала тұрғыны

Ұқсас ақпараттар

САНИТАРИЯЛЫҚ МАМАНДАР КЕҢЕС ӨТКІЗДІ

admin_mugalzhar

ҚОҒАМНЫҢ ӘЛСІЗ ТОБЫНА ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

admin_mugalzhar

Қар аралас жаңбыр: Синоптиктер алдағы күндерге арналған ауа райы болжамын айтты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.