«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МОБИЛЬДІ АУДАРЫМ: БІЗ НЕ БІЛУІМІЗ КЕРЕК?

ЖЫЛ БАСЫНДАҒЫ МОБИЛЬДІ ТӨЛЕМДЕР МЕН АУДАРЫМДАРДЫҢ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНАТЫНЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ КӨПШІЛІКТІ АЛАҢДАТЫП ҚОЙҒАНЫ БЕЛГІЛІ. БҮГІНДЕ ДҮКЕНДЕРДІҢ КӨПШІЛІГІ АУДАРЫМДАРДАН БАС ТАРТЫП, ҚОЛМА-ҚОЛ АҚШАМЕН САУДА ЖАСАУҒА КӨШКЕН. БҰЛ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЗАҢДЫ НЕМЕСЕ ЗАҢСЫЗ? ТҰТЫНУШЫ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛЕ МЕ? БАНКТЕР ҚАЛАЙ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕДІ? КӘСІПКЕРЛЕР АУДАРЫМ ЖАСАУДАН НЕГЕ БАС ТАРТУДА? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ СҰРАҚТАРДЫ МАҚАЛАМЫЗҒА АРҚАУ ЕТІП, КӨПТІҢ КӨҢІЛІН КҮПТІ ЕТКЕН АТАЛҒАН МӘСЕЛЕ ТУРАЛЫ ЖАН-ЖАҚТЫ ТАРҚАТУДЫ ЖӨН КӨРДІК.

Мақсат – көлеңкелі кәсіпті жарыққа шығару

Алдымен «Мемлекеттік органдарға кімнің деректері беріледі?» деген сұраққа тоқталсақ, 2023 жылы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне кәсіпкерлік қызметтен кіріс алу белгілері бар тұлғалар туралы мәліметтерді береді. Бұл ресми ақпаратты қаржы министрлігі таратты. Демек күнтізбелік үш ай қатарынан ай сайын 100 түрлі тұлғадан мобильді аударымдар алған азаматтар бақылауға алынады.

Қаржы министрлігінің мәлімдеуінше, жоғарыда аталған өзгерістер адал салық төлеушілерге әсер етпейді және тек заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Яғни жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналары мен балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға арналған аударымдарды жасай алады және қабылдай алады.

Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауар немесе қызмет үшін төлемді мобильді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар бақылау-кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Тексеру критерийлеріне үш ай қатарынан ай сайын 100 және одан да көп түрлі тұлғалардан мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана жатады. Яғни кәсіпкерлерлік қызмет белгілері болған жағдайда ғана сұрақтар туындайды, — деді Қаржы вице-министрі Е.Біржанов.

Сондай-ақ ол жеке тұлғалар туралы ақпарат жалпыға бірдей декларациялау кезеңдеріне сәйкес берілетінін мәлімдеді. 2023 жылы банктер 2022 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырған мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген тұлғалар және олардың жұбайлары туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына тапсырған. Ал 2024 жылдан бастап мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайларының тізімдері қалыптасады. Осылайша биыл жалпыға бірдей декларацияның бірінші және екінші кезеңдерінің қатысушылары туралы 2023 жылғы ақпарат берілмек. 2025 жылдан бастап оларға жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, ал 2026 жылдан бастап 2025 жылдан декларация тапсыруға тиісті қалған қазақстандықтар қосылады.

Мобильді аударымдарды тексеру не үшін қажет?

Біз бұл сұрақты аудандық кірістер басқармасының мамандарына қойдық. Олардың сөзінше, мобилді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Кейбір кәсіпкерлер сатылған тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді мобилді аударымдар арқылы алады. Алайда бұл аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, чектер берілмейді және тұтынушылардың құқықтары бұзылады. Айта кету керек, мемлекет барлық мобильді аудармаларды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын 100 немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалар ғана, яғни, кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі, — деді бөлім басшысы. Оның сөзінше, жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін, туыстарына, достарына, атааналарына, балаларына жәнебасқадаөмірлікжағдайларға байланысты мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ екен.

-Қазіргі таңда салықтық міндеттемелерді адал орындау әлдеқайда тиімді. Бүгінде бизнес жүргізуге және оны дамытуға қолайлы жағдай жасалған. Салық режимдерінің тәртібі жеңілдетілді — салық мөлшерлемелері қызмет түріне байланысты тек 1- 4%-ға дейін құрайды. Егер мұндай жағдайда кәсіпкер мобильді аударымдар қабылдаса, онда ол қазірдің өзінде «Көлеңкеде» қалып, салық бақылауына түседі. Бұл ретте мобильді аударымдарды тексеру адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Осылайша, әділдік және міндетті салық салу принциптері жүзеге асырылады. Яғни барлық салық төлеушілер теңболуыжәне алынған табыстан салық төлеуітиіс, — дедісалықтық бақылау және өндіріп алу бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Тайтақов.

Салықтан жалтарғандар айыппұл төлейді

Бүгінде кейбір кәсіпкерлердің аударымдар қабылдаудан бас тартып, тек қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап ете бастағаны жасырын емес. Сізде бәлкім, дүкенге барып, бұл жағдайға тап болып, қажетті тауарыңызды ала алмай шыққан боларсыз. Аудандық кірістер басқармасының мамандары бұл жағдай «тұтынушының құқығын бұзу» дейді.

«Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес түрлі төлем тәсілдері қарастырылған. Айталық, тұтынушы банк картасымен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен сауда жасауына болады. Ал қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз және тұтынушылардың құқықтарын бұзу дерегіне алып келеді. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет әкім-шілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда ӘҚБтКнің 194-бабы бойынша 40 АЕК көлемінде, яғни 147 680 теңге айыппұл салынады. Кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлем қабылдаудан бас тартса, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органдарына жүгіну қажет, — деді Нұрсұлтан Тайтақов.

Сондай-ақ ол бұл заң такси жүргізушілеріне де қатысты екенін жеткізді. Иә, бүгінде заңсыз такси қызметін көрсететіндердің де қарасы көп. Олар да жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жасаған кәсібі үшін салық төлеуге міндетті.

Жеке тасымалдаушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет. Бүгінде барлығы жеңілдетілген. «e-Salyq Business», «Egov Mobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы кәсіпкер ретінде тіркелуге болады. Бұл ретте қолмақол ақшасыз төлемдерді қабылдау үшін онлайн режимінде кәсіпкерлік банк шотын ашуға болады, сол жерге көрсетілген қызметтер үшін төлемдер түседі. Ол үшін сізге тек смартфон қажет. Кассалық аппараттар мен POS-терминалдарды алып жүрудің қажеті жоқ. Такси қызметін пайдаланған тұтынушы такси қызметінің чегін сұрауға құқылы, — деді ол.

Кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстары жүргізілуде

Биылдан бастап елімізде шағын кәсіпкерлік, соның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерінбарыптексеругемораторийаяқталды. Бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылғы 1 қаңтарда жарияланып, 2023 жылғы қаңтардааяқталадыдепжоспарланған еді. Алайда өткен жылы президент оның мерзімін тағы бір жылға ұзартқан болатын. Енді орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тексерісі қайта жанданады. Осыған орай, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары кәсіпкерлермен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқандарын жүргізді.

Бүгінгі таңда аудан бойынша жалпы саны 5300-ге жуық кәсіпкер бар. Жақында ғана кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық салық басқармасы және «Amanat» партиясымен бірлесіп аудан орталығында орналасқан ірі сауда үйлеріне, базарлар мен үй жанындағы дүкендерге барып, түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Кәсіпкерлермен кездесіп, мобильді аударымдар мен төлемдергеқатыстыжиіқойылатын сұрақтарға жауап бердік. Бастымақсат — жиіжасалатын ақша аударымдарын фискалдандыру қажеттігі айтылды. Сонымен бірге заңды жұмыс жасаған кәсіпкерлерге әкімшілік жауапкершілік көзделмегенін, тұтынушылардың ұсыныспікірлерін орындауміндетті екенін жеткіздік, — деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы АзаматЖиенбай.

 

KASPI BANK ЗАҢҒА ҚАТЫСТЫ ЖИІ ҚОЙЫЛАТЫН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРДІ:

Мен жеке тұлғамын. Менің мобильді ақша аударымым туралы деректер салық органына беріле ме?

Жоқ. Банк құпиясынсақтауталаптарына сәйкес сіздің ақша аударымыңыз туралы деректер салық органдарына берілмейді. Сіз бұрынғыдай жеке мақсатыңыз үшін ақша аудара аласыз және қабылдай аласыз. Жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер тек 2025 жылдан бастап берілетіні көзделіп отыр. 2025 жылға дейін жеке кәсіпкер емес және мемлекеттік қызметші емес жеке тұлғалар үшін ештеңе өзгермейді.

Мобильді ақша аударымына шектеу қойыла ма немесе салық салына ма?

Жоқ. Жеке тұлғалардың арасындағы ақша аударымына салық салынбайды. Заң жобасында ақша аударымына жаңа салықтың немесе шектеудің пайда болатыны көзделмеген.

Егер кәсіпкер клиенттерден мобильді ақша аударымын алатын болса, ол үшін көтеріңкі салық төлеуі керек пе?

Жоқ. Заң жобасында жаңа салықтың пайда болатыны көзделмеген. Кәсіпкерлік мақсатта мобильді ақша аударымын пайдалану қазірдің өзінде сатушыларды ел заңнамасына сай салық төлеу және фискалдық чек беру міндетінен босатпайтынын атап өтеміз. Мен жеке кәсіпкер не компания басшысымын.

Менің мобильді ақша аударымым туралы деректер салық органына беріле ме?

Жалпыға бірдей декларациялауды кезеңмен енгізу туралы заңға сәйкес жеке кәсіпкерге не компания басшысына тиесілі шоттар бойынша кәсіпкерлік қызметті жүргізу белгілерінің бары туралы мәліметтер 2024 жылдан бастап берілетіні көзделіп отыр.

Ендеше бұл заң жобасы не туралы?

Заң жобасы жеке тұлғалардың арасындағы мобильді ақша аударымына қатысты емес. Мобильді төлемдер ұғымынжәнежеке кәсіпкермен заңды тұлғалар үшін тауарлар немесе қызмет көрсету үшін ақыны арнайы кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға қабылдау міндетін енгізу көзделіп отыр. Мысалы, мұны тауарлар мен қызмет көрсету үшін ақы қабылдауға Kaspi Pay мобильді қосымшасы мен Kaspi QR-дың көмегімен қазірдің өзінде жасауға болады. Мобильді аударымдарды көлеңкеден шығару 25 қарашада парламент сенаты кәсіпкерлерді мобильді аударымдар үшін жеке шот ашуға міндеттейтін заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жолдады. Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ғұмар Дүйсембаевтың айтуынша, пандемия кезінде шағын және орта кәсіпкерлер мобильді аударымдарды бүкіл жерде пайдалана бастады. Алайда ол тек жеке тұлғалар арасындағы транзакцияларға арналған. Бұл мәселені заңнамалық реттеу мақсатында «мобильді төлемдер» түсінігі енгізілді. Сонымен қатар кәсіпкерлер бизнеске арнап жеке шот ашуға міндеттеледі. Клиенттер де алған тауардың немесе көрсетілген қызмет ақысын төлегенде, ақшаны осы шотқа аударады. Банктер тиісті мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына береді.

КӘСІПКЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Дана ЕСМҰХАНОВА, кәсіпкер: «Жеке кәсіппен, соның ішінде саудамен айналысып жүргеніме 10 жылдан асты. Салық төлеуден ешқашан жалтарған емеспін. Менің дүкенімде QR-кодпен төлеу жүйесі орнатылған. Тұтынушы қалай төлегісі келеді өзі біледі. Ал мен өзім онлайн касса арқылы түбіртегін шығарып, салық органдарына есеп беріп отырамын. Осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Айталық, 2-3 жыл қатарынан шағын кәсіпкерлер салық төлеуден босатылды. Бұның өзі біздер үшін үлкен көмек болды».

Балқозы ЕСЕНДІКОВ, кәсіпкер: «Мен базарда отырып ұсақ-түйек сатамын. Айталық, дәретхана қағазын 85 теңгеден алып, 90 теңгеге сатамын. Көтерме бағамен алған тауардың үстіне 10-15 пайыз қосамын. Сауда жасап отырған орынымның да жалдау ақысы бар. Мен үшін 3 пайыздық салық төлеу тым қымбат. Сатқан заттарымның үстінен тапқан 5-10 теңгеме салық төлеймін бе, әлде бала-шағамды асыраймын ба? QR арқылы төлем қабылдасам да оның қосымша 0,5 пайызы бар. Аудандық кірістер басқармасына барып, осы туралы толыққанды ақпарат алдым. Жалақысы жақсы жұмысымыз болса, салқын күнде базарда отырып, сауда жасайтын едім. Жұмыс жоқ болғасын амал жоқ, сауда жасауға тура келеді».

Ырысты ТӨЛЕГЕНОВА, жеке кәсіпкер: «Бұрын мобильді аударымдармен жұмыс жасай беретін едік. Бұл тұрғындар үшін өте ыңғайлы болды. Бүгінде қолма-қол немесе QR арқылы төлем қабылдап жатырмыз. Біз түскен пайдамызды жасырмаймыз. Тиісті салық мөлшерін төлейміз».

ТҰРҒЫНДАР НЕ АЙТАДЫ?

Шарагүл АЙТЖАНОВА, қала тұрғыны: «Бізде үйдің жанында сүт өнімдерін сататын бір дүкен бар. Ауылдардан құрт-ірімшік, сары май секілді тағамдар әкеліп сатады. Жақында сол дүкенге барсам, дүкенші не банк картасын, не мобильді аударым қабылдамай, тұрып алды. Қолма-қол ақшамен ғана сатамын дейді. Таңғалдым. Егер банк картасымен сатсам, үстінен 3 процент қосып беремін деп тұрыпалды. Сондақалай, артық ақшаны тұтынушы төлеу керек пе? Бұл дұрыс емес деп есептеймін».

Рамазан КЕСІКОВ, қала тұрғыны: «Дүкендердің көпшілігі жаңа жылдан бастап мобильді аударымдардан бас тартуда. Қолмақол төлем жасауды сұрайды. Бірақ мен үшін маңызды емес. Дүкенші қалай төлемалғысы келсе де өзі біледі. Ең бастысы, қажет тауарымды тапсам болды. Сұраған ақшасын беремін. Біз секілді жеке адамдарға QR арқылы төлем жасау өте ыңғайлы. Сол үшін де қосымша бонустар беріледі екен».

Түйін

Мақала дайындау барысында қала дүкендерін аралап, тұрғындардың төлем жасау сәттерін бақыладық. Біз барған жерлерде тұтынушының құқығы өрескел бұзылып, қолма-қол ақша талап еткен сатушыларды көрмедік. Екінші деңгейлі банктердің бірі болмаса бірінің QR-ы арқылы төлем жасауға мүмкіндігі жасалған. Әрине, түбегейлі заң бұзушылық жоқ деп те айта алмаймыз. Себебі, жоғарыда ондай жағдайларға куә болғандар да өз пікірін білдірді. Күн тәртібіндегі бұл мәселе біздің назарда болады…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

30 градус аяз болады: Алдағы 3 күнге арналған ауа райы

admin_mugalzhar

Әлемде осымен екінші күн COVID-19 жұқтырғандар саны рекорд орнатты

admin_mugalzhar

Девушка выдумала ограбление после ссоры с мужчиной в Кандыагаше

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.