«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҢА ЖЫЛ: ЖАҢАЛЫҚ ЖӘНЕ ӨЗГЕРІС

ӨТКЕН ЖЫЛЫ ЕЛІМІЗДЕ ӘЛЕУМЕТТІК, ЭКОНОМИКАЛЫҚ, САЯСИ ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚА ЖАҒДАЙҒА ҚАТЫСТЫ БІРАЗ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНҒАНЫ БЕЛГІЛІ. ҮКІМЕТ ҚАБЫЛДАНҒАН ЗАҢДАРДЫҢ КӨПШІЛІГІ 2024 ЖЫЛЫ КҮШІНЕ ЕНЕТІНІН АЙТҚАН ЕДІ. ГАЗЕТІМІЗДІҢ ӨТКЕН НӨМІРІНДЕ БИЫЛ ЕЛДЕ НЕ ӨЗГЕРЕТІНІ ТУРАЛЫ ЖАҢАЛЫҚТАРДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЛЕГІН ЖАРИЯЛАҒАН ЕДІК. БҮГІНГІ НӨМІРДЕ ЖЫЛ ЖАҢАЛЫҚТАРЫН ЖАЛҒАСТЫРҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК.

САУСАҚ ІЗДЕРІН ТАПСЫРУ

Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар саусақ іздерін ерікті түрде тапсырады. Дактилоскопиялық тіркеу шетелдіктерге ғана міндетті болады. Азаматтар саусақ ізін жеке басын куәландыратын құжаттарды жасатқанда тапсыра алады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қазақстандықтарды дактилоскопиядан өтуге ешкім міндеттемейді. Елімізде «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң 2016 жылы қабылданған болатын. Алайда саусақ іздерін тапсыруға қатысты норма тек 2024 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Бастапқыда ішкі істер министрлігі Қазақстанның 16 жасқа толған барлық азаматын саусақ іздерін тапсыруға міндеттеуді жоспарлаған еді. Бірақ кейін заңға өзгерістер енгізіліп, республика азаматтары дактилоскопиялық тіркеуден ерікті түрде өтетін болды.

ЖЕКЕ КУӘЛІК ПЕН ПАСПОРТ ЖАСАТУ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Осы жылдан бастап құжат алу бағасы өсті. Оған айлық есептік көрсеткіштің жыл сайын көтерілуі себеп. Бүгінде қазақстандықтар жеке куәлікті 738 теңгеге (0,2 АЕК), 36 беттен тұратын стандартты паспортты 29 536 теңгеге (8 АЕК) жасатуда. Ал 48 беттік төлқұжат үшін мемлекеттік баж мөлшері – 44 304 (12 АЕК). Дегенмен биыл балаларға паспорт жасату екі есе арзандады. Енді 16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттік паспортты 4 АЕК немесе 14 768 теңгеге жасата алады. Сондай-ақ неке қию туралы куәлік – 3 692 теңге (1 АЕК) және қайта алу – 1 846 теңге (0,5 АЕК), жүргізуші куәлігі – 4 615 теңге (1,25 АЕК) және ажырасу туралы өтініш беру үшін – 7 384 теңге (2 АЕК) төлейді. Ал туу туралы куәлік тегін беріледі. Бірақ бұл құжатты алуға қайта өтініш берген жағдайда 1 846 теңге (0,5 АЕК) төлеу керек.

ПЕТИЦИЯ ҮКІМЕТ ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚАРАЛАДЫ

2024 жылы сәуір айынан бастап онлайн петиция берудің арнайы платформасы іске қосылады. Петицияны міндетті түрде қарау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде дауыс шегі бекітілген. Сол шекті мәнге жеткен петиция ғана қолдау тапты деп саналады: аудан әкімдігі қарау үшін – 2,5 мыңнан астам; аудандық мәслихат үшін – 5 мың; облыстық деңгейде – облыс халқының 1 пайызынан астамы; облыстық мәслихат – облыс тұрғындарының 2 пайызы; үкімет деңгейінде қарау үшін 50 мың адамның қолы қажет. Петицияны электронды түрде де, жазбаша да беруге болады.

БАЛАБАҚШАҒА БІРЫҢҒАЙ КЕЗЕК

Қазақстанда балабақшаға кезекке тұрудың бірыңғай базасы құрылады. Ата-аналар Egov.kz порталы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы баланы кезекке қою үшін бірден 4 балабақшаға дейін таңдап, кейін онлайн берілген өтініштің мәртебесін бақылай алады. Балабақшалардың бірінде орын бола қалған жағдайда дереу ата-анаға хабарланады. Жалпы балабақша таңдаудан бастап, келісімшарт жасасуға дейінгі барлық рәсім электронды форматта өтеді. Бірыңғай деректер базасы мектепке дейінгі ұйымдарда орындарды бөлудің толық ашықтығын қамтамасыз ету үшін жасалмақ. Үкімет бұл жүйе балабақшалардағы қосарланған кезекті және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды деп үміттеніп отыр. Бүлдіршіннің денсаулығы туралы қажетті құжаттар денсаулық сақтау министрлігінің деректер базасынан автоматты түрде алынады. Келісімшарт қол қоюға және баланы балабақшаға тіркеу үшін ата-аналарға онлайн режимде жолданады.

ҚАЗАҚ ТІЛІНЕН ЕМТИХАН ТАПСЫРЫЛАДЫ

2024 жылы 5-8 және 10-сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұл өзгерістер 2023-2024 оқу жылынан бастап енгізілген, яғни мамыр айында балалардың қазақ тілінен білімі тексеріледі. Емтихан жазбаша және ауызша өтеді. Тыңдау, сөйлеу, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын мұғалімдер академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады. Қазақ тілі пәнінен қорытынды баға емтихан және жылдық бағалау нәтижесі бойынша қойылады. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын.

БІРҚАТАР ӨҢІРЛЕРДЕ УАҚЫТ 1 САҒАТҚА АРТҚА ЖЫЛЖИДЫ

2024 жылы көктемде Қазақстан аумағында бірыңғай уақыт белдеуі енгізіледі деп жоспарланып отыр. Еліміздің 15 өңірі 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты бір сағатқа артқа жылжытады. Осылайша еліміз бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшеді. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары үшін ештеңе өзгермейді. Айта кетері, Қазақстандағы уақытты есептеу мәселелері бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы бір жыл бойы бірыңғай уақыт белдеуін белгілеу мәселесін зерттеді. Ғалымдардың айтуынша, UTC+6 уақыт белдеуі табиғи күн уақытына сәйкес келмейді, бұл биологиялық ритмдер мен адам денсаулығына кері әсер етеді. Бұдан бөлек бірыңғай уақыт белдеуін орнату әртүрлі өңір тұрғындары арасындағы уақыт кедергілерін жояды, көлік және басқа да коммуникациялар жақсарады, бизнесті жүргізуге, мемлекеттік органдар мен төтенше жағдайлар қызметтерінің өзара іс-қимылына жағымды әсер етеді деп сендіріп отыр сарапшылар.

ЖҮК КӨЛІКТЕРІНЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНА БАСТАЙДЫ

2024 жылы қалаларға кіретін және одан шығатын жолдарға бейнекамералар орнатылады. Олар ауыр жүк көліктеріне артық салмақ үшін автоматты түрде айыппұл салады. Сондай-ақ 220 камераны «Сергек» бейнебақылау жүйесімен біріктіру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек көлік министрлігі бөлінбейтін ауыр жүктерді тасымалдауға ресми арнайы рұқсаттар беру және самосвалдардың жолдармен қозғалысын шектеу тетіктерін пысықтап жатыр. Егер министрліктің ұсынысы үкімет пен парламентте қолдау тапса, артық жүктің шегі мен ақысы бекітіледі. Сонымен қатар ауыр карьерлік жүк көліктеріне 2025 жылдың аяғы мен 2026 жылдың басында қазақстандық жолдармен жүруіне тыйым салынады.

АВТОГАЗДЫҢ БАҒАСЫ БЕКІТІЛДІ

Жаңа жылда энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларын бекітті. Бұл да 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Көліктер үшін газдың бағасы Астанада 76 теңге, Алматыда 81 теңге, Шымкентте 64 теңге, Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облыстарында 81 теңге, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында 54 теңге, Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 76 теңге, Жамбыл облысында 71 теңге, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарында 64 теңге, Павлодар облысында 74 болды. Ал әр облыстың шалғай аудандары үшін (облыс орталықтарынан 200 шақырымнан астам) шекті бағалар 5 теңгеге жоғары болады.

«GAS» АРНАЙЫ БЕЛГІ ЖАПСЫРУҒА МІНДЕТТЕЛДІ

Жаңа жылдан бастап қазақстандықтар газбен жүретін автокөлігіне арнайы белгі жапсыруға міндеттеледі. Арнайы белгі – жиегі қара түсті және «GAS» деген жазбасы бар сары теңбүйірлі үшбұрыш. Газбен жүретін, бірақ көлігінде «GAS» белгісі жоқ жүргізушілерге 3 АЕК немесе 11 076 теңге айыппұл салынады. Сауда министрлігінің ақпаратынша, елімізде газ баллон жабдығы орнатылған 380 мыңнан астам автокөлік тіркелген.

2024 ЖЫЛЫ КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ҚАНША ТЕҢГЕГЕ ӨСЕДІ?

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жаңа жылда коммуналдық қызмет құнының қымбаттайтынын айтты. Министрдің сөзінше, мұндай іс-шаралар ең алдымен коммуналдық инфрақұрылымы өте нашар өңірлерде өтеді. — Энергетика, газдандыру, сумен жабдықтау, кәріз, жылу — бұл кезең-кезеңімен болады. 15%-дан 30%-ға дейін болуы мүмкін. Бұл аймаққа, тозу жағдайына байланысты, бірақ әр өңірде әртүрлі болады, — деді ведомство басшысы Әлібек Қуантыров. Ал ауданды әзірге коммуналды төлемдердің бағасы өспеген. Коммуналдық инфрақұрылымға жауапты мекемелердің мамандары бұл мәселені алдағы уақытты қарастыратынын жеткізді.

Аса ауыр әрі зиянды жұмыс істейтін адамдар, әсіресе кеншілер, шахтерлар, мұнай-газ саласының жұмысшылары көп жылдан бері Үкіметке ерте зейнеткерлікке шығуға мүмкіндік беруді талап етіп келді. Көп тілегені биыл жүзеге аспақ. 2024 жылы зиянды өндірісте істейтін азаматтар үшін «Арнайы әлеуметтік төлем» (АӘТ) енгізілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуынша, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап, 55 жасқа толған және жұмыс берушілері кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударып тұрған зиянды жұмыстағы еңбеккерлер осы төлемді ала бастайды. Бұл төлем түрі зейнеткерлік жасқа толғанға дейін беріледі. Министрліктің есебінше, биыл арнаулы төлемді 37 мың адам алуы мүмкін. Қойылатын басты шарт — олар ауыр жұмысынан кетіп, әрі қарай еңбек жағдайлары зиянды жұмыспен айналыспауға тиіс. АӘТ көлемі 4 көзден құралады. Біріншіден, оған бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы аударылады. Екіншіден, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінде кәсіби төлем қосады. Үшіншіден, сақтандыру ұйымдарынан зейнеталды аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінде сақтандыру төлемі бөлінеді. Төртіншіден, БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемінен ақы қосылады. АӘТ ай сайынғы сомасы орташа есеппен 208 мың теңгеге жетуі мүмкін.

Дайындаған Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

2024 жылы МӘМС үшін қанша төлейміз?

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысында 2023 жылы 848 шақырым автожол жөнделеді

admin_mugalzhar

ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.