«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘЖЕМНІҢ КҮМІС ЫДЫСЫ

Бұл күміс ыдыстар — біздің шаңырағымыздың құнды жәдігері және енемнің анасынан қалған асыл мұра. Енемнің айтуынша, нағашы әжеміз Толыш Жаманқұлқызы ұзатылғанда анасы артынан апарған жүгіне естелік ретінде қосқан екен. Әжеміздің әкесі Жаманқұл үлкен құс фермасының иесі, бай-қуатты, жақсы тұрған жан болыпты. Бұл күміс бұйымдар көне болса да біздің отбасымыз үшін айтары көп, берері мол құнды қазына. Қашан да қазақ халқы әкеден балаға, анадан қызға қалған дүниені қадірлеп, қастерлеген. Сол секілді бізде де бұл ыдыстарды нағашы әжеміздің көзіндей сақтап келеміз.

Әулетіміздің үлкендері мен әжеміздің көзін көргендер бұл дүниені көрсе, көздері жайнап, әжелерінің осы ыдыстан талай шәй ұсынғанын, оның қолынан ішкен шайының дәмі әлі де тілінен кетпегендерін айтып, әдемі естеліктерімен бөлісіп жатады. Мен де осы естеліктерді санама сіңіріп, әжеміз туралы және күміс ыдыстар туралы естеліктерін балаларыма айтып отырамын. Осы шаңыраққа келген келін болғандықтан әулетіміздің тарихын, әдемі естеліктерін мақтан етіп, жәдігерін сары майдай сақтау қажеттігін жақсы түсінемін.

Ата-бабаларымыз күміс ыдыстан ішкен сусын не болмаса тағамның денсаулыққа өте пайдалы екенін айтып кеткен. Біздің отбасымызда біреуіміз сәл ауыра қалсақ, осы күміс ыдыстарға құйып су ішеміз. Себебі осы ыдыстардан аз да болса дәм татсақ, жазылып кететіндей сезімде болып, шипа іздейміз. Расында, солай болатын да секілді. Қадірлі әжеміздің қолы тиген осындай қасиетті ыдыстың қадірі күн сайын артып, біздің болашақ ұрпағымыз үшін құнды бола берері анық.

Айнаш БАЛМАХАНОВА, Қандыағаш қаласы

Ұқсас ақпараттар

Халық қалаулылары марапатталды

admin_mugalzhar

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары

admin_mugalzhar

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ: ЕРЕКШЕ БАЛАЛАРҒА ЕРЕКШЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.