«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАҢА ЗАҢ: ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ!

Күні кеше заң қабылданды. Көптен бері ел күткен заң. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа заң жүзінде қатаң тосқауыл қойылмақ! Әйелдің құқы мен баланың қауіпсіздігіне қатысты заң қатайды. Бұған дейін БҰҰ дерегінше, елде жылына 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қаза табады екен. Бұл тек ресми дерек. Ал «бас сынса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» дейтін қазақ отбасында жалпақ жұртқа жайылмаған жайт қаншама! Соңғы жылдары әйел мен балаға, әсіресе, балаға қатысты сұмдық оқиғалар туралы жиі естиміз. Сол кезде «бұрын бұндай жағдайлар болмады ма, тек қазір көбейді ме» деген ой да келеді. Әлде әлеуметтік желінің құдыреті (әлде қасіреті) ме бұл туралы жиі естілетіні…

Не десек те, қоғам қорыққан, ел шошыған оқиғалар көбейіп кетті. Әйелді өлімші етіп сабау — әдетке айналып кеткендей, құдды. Балаға зәбір көрсету – құлақ үйренген қасірет болғандай… Қорқыныштысы да осы. Әрбір оқиғаны естіген сайын жанымыз түршігеді. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. «Мемлекет неге қатаң заң шығармайды, жазаны неге қатайтпайды» деуден әрі аса алмай келдік. Ал енді міне, заң қабылданды, жаза қатайды. Енді балаға зәбір көрсеткеннің жеңіл жазамен құтыламын, немесе сол баланың отбасымен татуласамын дегеннен дәмесін үзе берсе болғаны. Ал өзінің туған баласы мен біреудің бауыр еті баласының өмірін жалмаған қаніпезер мен зорлық көрсеткен айуан темір тордың түбінде шіритін болды. Жасөспірімдерге қатысты бүгінгі күннің күн тәртібінен түспей тұрған буллинг мәселесі де назардан тыс қалмапты. Өміріміздің жалғасы, бүгініміздің шүкірі, ертеңіміздің үміті – балаларымызға қолының ұшын тигізген жанды жазалау — әділ шешім деп білемін. Ал жан жарына қол жұмсауды әдетке айналғандар бүгіннен жинала берсе болғаны. Оларға да енді заң қатал. Әйеліне шапалақ бергендер қомақты айыппұл төлеп әзер құтылуы мүмкін. Әйтпесе, жұмысқа жегіліп, аз да болса темір тордың дәмін татуы бек мүмкін. Ал енді әйелді әбден сабап «тәрбиелеуді» жөн санайтындардың күні қараң болатын болды. Себебі таяқ жеген әйелдің көзі көгеріп, жарақат алса, денсаулығына немесе өміріне қауіп төнсе, ол «батырдың» 3 жылдан 8 жылға дейін темір торға тоғытылуы мүмкін екенін білгені абзал. Тіпті, бұрынғыдай байғұс әйелі таяқ жеп, күйеуін ұстатып жібергеннен кейін ертеңінен қорқып, ерінің үстінен жазған арызын да қайтып алу мәселесі қиындап кетіпті. Арыз қайтып алынған жағдайда да, жаза тағайындалатыны тағы бар.

Мен заңгер емеспін. Қарапайым адам ретінде заңнан түсінгенім осы. Бұл заң ертерек қолға алынғанда, қанша әйел мен баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға болар ма еді, бәлкім… Не десек те, заң қабылданды. Енді заңға бағынған қоғамда жан түршігерлік оқиғалар азаяр, сәби зәбір көріп, дәмін татып үлгермеген өмірден түңілмес, бала өмірінен баз кешпес, әйел таяқтан көз жұмбас деген үміттемін…

Ж.БАЙСЕҢГІРОВА

Ұқсас ақпараттар

АУДАНДА ЕКІ АДАМ КОРОНОВИРУС ЖҰҚТЫРДЫ

admin_mugalzhar

Коронавирус статистикасы енді симптомды және симптомсыз болып бөлінбейді

admin_mugalzhar

Елімізде вирусты жойып жіберетін маска шығарыла бастады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.