Атам Сағынай Жайымов — 1922 жылдың күзінде Шалқар ауданы, Еңбекші Жамбыл колхозында дүниеге келді. 1939 жылы Шахта орта мектебінің 7 класын тәмамдады. Атасы Жайым 1927 жылы қайтыс болып шешесінің тәрбиесінде өскен. Содан колхоздың жолдамасымен Ақтөбе қаласындағы есепшілер дайындайтын курсты бітіріп, 1940 жылдың басынан бастап 1941 жылдың желтоқсан айында армия қатарына шақырылып, Ақтөбе қаласындағы жасақталып жатқан101 ұлттық атқыштар бригадасының батальонының құрамында 1942 жылдың тамыз айында Ақтөбеден эшалонға тиеліп, соғысқа аттанады.
Москва түбіндегі Ногинск деген қалаға түсіп, бригаданың дайындығы жарақты болған соң, қыркүйек айында батыс майданының Калинин бағытындағы Ржев қаласына қарай Мешрикова, Зайцева селоларын жау қолынан босатып, бригада құрамындағы 4 батальон кезегімен соғысқа түседі. Атамыз минометшылар батальонының бірінші ротасының құрамында жаудың қоршауын бұзуға көмектеседі. Миномётшылар құрамында атаммен бірге Дауылбаев, Көпбергенов деген әскерлер болады. Осылайша 15 күн соғысып, ұсақ деревняларды жау қолынан босатуға атсалысады. Осы шайқас кезінде ауылда бірге оқып, әскерге бірге аттанып, кескілескен соғыста бірге шайқасқан досы Ниязымбет Дауылбаев ауыр жарақат алып, көз жұмады.
Ал 28 желтоқсанда Ржев қаласын босатуда Атамыз Сағынай жаудың снарядынан ауыр жарақат алып, Иванов облысы Вязни қаласындағы госпитальға жіберіледі. Наурыз айына дейін сол жақта емделіп, Москва түбіндегі Сельтаков қаласында госпитальден шыққандардың есебінен жасақталып жатқан 88-ші мотоатқыштар полкінде болады. 2 ай соғысқа дайындалып, 1-ші Беларусь майданындағы Киев қаласы арқылы Орловск, Курскіні жаудан босатуға қатысады. Осыұрыстаатамыз қатты қиыншылық көріп, екі рет жарақат алады. Осы қалаларды жаудан босатқаннан кейін полк құрамында қалған шамалы адамды ұрыс даласынан демалысқа шығарады.
Атамызды Челябинск қаласындағы ауыр танкіге жүргізуші дайындайтын курсқа жібереді. 1944 жылдың қыркүйек айына дейін оқып, кіші техник-лейтенант шенінде ауыр танк ИС-122-ге жүргізуші болады. Содан кейін Челябинск заводынан жасақталған №74 танк полк құрамымен соғысқа аттанады. 1-ші Беларусь майданында Варшава қаласын босатып, Берлинге қарай бет алып, 1945 жылы 17 сәуірден 2 мамырға дейін Берлин қаласындағы шайқасқа қатысады. Атам 74-ші полк құрамында 1947 жылдың маусым айына дейін болады.
Сағынай Жайымов «Отан соғысының» екі орденімен, «Варшаваны босатқаны үшін», «Берлин қаласын босатқаны үшін», «Германияны босатқаны үшін» медальдарымен, «Гвардейский значок» т.б. белгілерімен наградталған. 1948 жылы елге оралып, әжеміз Бақытпен бірге отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Жамбыл-Ақтоғай совхозында 1948-1954 жылдары бухгалтер, 1954-1964 жылдары ауылдық советтің председателі, 1964-1983 жылдарға дейін совхоз фермасының басқарушысы қызметін атқарады. 1983 жылдан бастап зейнеткерлікке шықты. 4 ер бала, 2 қыз бала тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. 19 немере 8 шөбере сүйген ата. 2010 жылы 9 наурызда 87 жасында дүниеден өтті.
Әліесімде, «өмірдедаңғылжол бола бермейді, өтер жолдың бәрі майдан — мойымау керек» дейтін үнемі атам… Осындай көкірегінен ақылы төгілген, өміріндегі барша қиындықтардан сүрінбей өткен менің Атам біз үшін мәңгі үлгі болып қалады…
Еске алушы немересі Гүлім ЖАИМОВА