Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, жазылмаған өз заңы, орнаған өз тәртібі бар. Үйдегі кейбір үрдістер атадан балаға аманатталып жатады. Тіпті сол әулеттің өз салт-дәстүріне айналады. Халықаралық отбасы күні қарсаңында оқырмандарымызға «Сіздің үйдің өз дәстүрі, жазылмаған заңы бар ма?» деген сауал жолдадық. Отбасы құндылығын шаңырағындағы әдеттермен әдіптей білген жандардың жауабы төмендегідей болды…
—9 мамыр — мен және менің отбасым үшін ерекше күн. Бұл — адамзат тарихындағы ең қанды соғыстың аяқталған күні. 9 мамыр – фашизмді тас-талқан етіп, оқ пен оттың ортасында жүріп, Отаны мен ошағын қорғаған батыр әкелеріміз бен аналарымыздың жеңіс туын желбіреткен күні. Ұлы Жеңіс күні. Біз әрқашан аға буын алдында парыздармыз. Расында, біз қайсар аталарымыздың батырлығы, рухшылдығы мен Отанға деген сүйіспеншілігінің арқасында қазір бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Менің әкем соғыс ардагері, жыл сайын дәл осы күні отбасымызбен әкеміздің басына барып, құран бағыштаймыз. Соғыстан аман-есен туған жеріне, бейбіт өмірге оралды. Дәрежесі жоғары орден, медальдармен марапатталған, кейін ұзақ жыл ұстаз болған кісі. Міне, аталарының соғыс ардагері болғанын осылай балаларыма үнемі айтып отырамын.
Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ