Әр отбасының өзіндік ерекшелігі, жазылмаған өз заңы, орнаған өз тәртібі бар. Үйдегі кейбір үрдістер атадан балаға аманатталып жатады. Тіпті сол әулеттің өз салт-дәстүріне айналады. Халықаралық отбасы күні қарсаңында оқырмандарымызға «Сіздің үйдің өз дәстүрі, жазылмаған заңы бар ма?» деген сауал жолдадық. Отбасы құндылығын шаңырағындағы әдеттермен әдіптей білген жандардың жауабы төмендегідей болды…
—Менің отбасым үшін ерекше күн бар. Ол күн — қасиетті жұма күні. Марқұм жолдасым көзінің тірісінде әр жұмадатаңертеңгі аста амандық үшін дұға оқитын. Дұға оқып болған соң әрбір отбасы мүшесі арманын дауыстап айтып шығады. Балаларымның әкесі менен бастап бәріміздің маңдайымыздан сүйіп, «армандарың орындалсын» деп тілеуші еді. Балалаларым әр кез сайын «әкем маңдайымыздан сүйді, енді армандарымыз орындалады» деп қуанып, мәз болатын. Ал бүгінде осы дәстүрді ұлым өз отбасында жалғастырып келеді. Әкесінен көргенін жасап, бәріміздің арманымыздың орындалуын тілеп, тілек тілейді. Міне, отбасымдағы осы дәстүр мен үшін де, балаларым үшін де өте құнды.
Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ