«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

НҰРБОЛАТ — БЕЙБІТ КҮННІҢ БАТЫРЫ

Бұл фотодағы жігіт кешегі ақпанның ақтүтек боранында 36 шақырым жерді жаяу жүріп, көлікке жол көрсетіп, науқас жанды ауруханаға жеткізген бірнеше құтқарушының бірі — НҰРБОЛАТ ТӘЖІҒҰЛОВ. Оның қарлы боранмен күресіп, жаңа ғана демін алған сәті сол уақыттағы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, көптің алғысына бөленді. Бейбіт күндегі бұл батырлығы еленген мұғалжарлық құтқарушы жуырда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды. Ол туралы газетімізде сүйіншілеп те жаздық. Ал бүгін батыр жігіттің өзіне сөз беруді жөн санадық. Себебі Нұрболаттай жігіттер өскелең ұрпаққа үлгі болуы қажет.

Нұрболат — Қандыағаш қаласының тумасы. Ол №5 орта мектепте оқып, 2013 жылы әскер қатарына шақырылыпты. Бір жылдан соң Отан алдындағы борышын өтеп келіп, 2016 жылы №8 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруші болып жұмысын бастайды.

Құтқарушы мамандығын таңдауым — тағдырдың жазуы болды дей аламын. Өйткені мен бала кезімнен алдыма халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет етемін деген мақсат қойдым. Ол ойымнан ешқашан айнығын емеспін. Өзімді тіпті басқа салада көрмедім, — деп әңгімесін бастаған кейіпкеріміз бүгінде облыстық «Өрт сөндіру және авариялыққұтқару жұмыстары қызметі» мекемесінің Мұғалжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімшесінің бөлімше командирі қызметінде.

Өрт сөндіруші-құтқарушы – беделіне немесе жалақы деңгейіне қарап таңдалатын мамандық емес. Бұл мамандыққа адамның өз жүрек қалауымен келуі өте маңызды. Өйткені өзгенің өмірін, денсаулығын құтқару кезінде, үйлер мен ормандарды өрттен сақтау барысында өз өміріңді ұмытып кететін жағдайлар да болады, — дейді Нұрболат Тастемірұлы.

Өрт сөндіру-құтқару жұмысында еңбек еткеніне биыл 8 жылдан асқан құтқарушы жігіт күні кеше ел Президентінің қолынан марапат алды.

Жалпы адам марапат үшін еңбектенбейді деп ойлаймын. Әсіресе, біздің жұмыста атақ мен марапат үшін қатерге бас тігуді елестету де қиын. Десе де, еңбектің еленгенін кім жек көрсін?! Еңбек бағаланып, марапатқа ие болу — үлкен қуаныш. Кешегі Президентімізден алған марапаттың орны әрине, бөлек. Мен үшін ол — үлкен мәртебе! «Айбын» орденін алатыныма алғашында сенер-сенбесімді білмедім. Оған Астанаға баратынымды естігенде барып бір-ақ сендім. Президенттің қолынан марапат алып тұрғанда, ол кісінің «жарайсың, құттықтаймын!» деген сөзі бөлек сезім тудырды. Мемлекет басшысының қасында тұрамын деп ойлаған жоқпын. Бұл жаңалықты естіген ата-анам: «жаман бала тәрбиелемеген екенбіз, балам, қуанттың», — деді. Әрине, олардың да мерейі өсіп жатыр. Марапат қуаныш сыйлап қана қоймады, алға қарай қадам басуға, жұмыс істеуге үлкен жігер берді. Бұған дейін екі рет Төтенше жағдайлар министрлігінің Алғыс хатын алдым. Бұл – менің бірінші мемлекеттік наградам, — дейді құтқарушы жігіт.

Оқырманның бірі білсе, бірі білмес, батыр жігіттің осы марапатын не үшін алғанын тарқатып айтайық. Биылғы қыстың өзгеше қатаң болғанын бәрі біледі. Ақ түтек бораны мен ашуы қатты аязы бет қаратпай, жұртты біраз әбігерге салды. Ауылдар қар астында қалып, жол қатынасы тым қиындап кетті. Сол кезде төтенше жағдайлар қызметінің бір топ қызметкері Басшилі ауылынан Қандыағаш қаласына дейін көлік алдында 36 шақырым жаяу жүріп жол көрсетіп, науқас әжені аудан орталығындағы ауруханаға жеткізді. Көп ұзамай, боранды күні шақыртуға жаяу барған төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің аты-жөні түгел белгілі болды. Олар — Мұғалжар аудандық №8 өрт сөндіру бөлімше командирлері Нұрболат Тәжіғұлов пен Данат Шамаков, қарауыл бастығы Ақдәулет Әли, өрт сөндірушілер Елдос Марат, Ақниет Құсайынов, Жеткерген Сұлтамұратов, Абылай Сағындық және Аманжол Жалғасов.

Өрт сөндіруші — осы мамандықтың барлық ауыртпалығына қарамастан, белгілі бір дәрежеде жоғары азаматтық мотивтері бар патриот адам. Бұл жігіттердің барлығы өз елін, өз туған жерін жақсы көреді және барлығы оны кез келген апаттан қорғағысы келеді. Басқалар үшін көп нәрсені құрбан етуге дайын азаматтар, — дейді құтқарушы жігіт өз әріптестері туралы.

Сондай-ақ сұхбат барысында Нұрболат жұмыс кезінде есте қалған о қиғасымен де бөлісе кетті.

Әрбір мезгілдің өз қиын кезі болады. Әсіресе, қыстағы боранда адам жоғалып, көлікпен жолда қалып қоятын жағдайлар кезігіп тұрады. Медициналық көмек жете алмаған кезде авариялық-құтқару жұмыстарына шығамыз. Ал көктемде су көтеріліп жатса, жеке тұрғын үйлерді сақтау жұмысына қатысамыз. Жаз айларында дала өрттерін сөндіру жұмыстарын жүр-гіземіз. Одан бөлек, тұр-ғын үйлерде өрт болады. Есіктің құлыпталып қалуы, үйде балалардың қалып қою деректері де кездеседі. Мәселен, өткен жылы 101-ге «Жаңажол» кен орнында газ шығып, жақын маңдағы резервуарларға өтіп, жарылыс қаупі бар екендігі туралы хабарлама түсті. ПЧ8 өрт сөндіру қызметі оқиға орнына дереу жөнелтілді. Біз төтенше жағдайлардың алдын алу үшін позицияларды тез орналастырдық және 9-11 сағат бойы үздіксіз өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз еттік, солай төтенше жағдайдың орнауына жол бермедік, — дейді жұмысын мақтан ететін бөлімше командирі.

Сонымен қатар Нұрболат Тәжіғұлов дене шынықтыруға, салауатты өмір салтына ерекше көңіл бөледі.

Жауынгерлік кезекшілікке кірісу кезінде жаттығу стандарттары мен кроссфитке уақыт бөлінеді. Ал жұмыстан қол қалт етсе, спортпен айналысамын, жүгіруді жақсы көремін, өзімді қалыпты ұстау және төзімділікті дамыту үшін күш жаттығуларын қолданамын. Өйткені төзімділік біздің қызметімізде үлкен рөл атқарады, — дейді 28 жастағы құтқарушы.

Әңгіменің соңында Нұрболат құтқарушы болуды армандап жүрген жастарға айтар кеңесін де ұмытпады.

Құтқарушы, өрт сөндіруші болғысы келетін әрбір жан жоғарыда айтып өткенімдей, бұл жұмысқа бар жан-тәнімен қалап келуі керек. Өйткені бұл салаға адам кездейсоқ келсе, онда қалуы екіталай. Өрт сөндіруші ретінде жұмыс істеудің маңызды шарттарының бірі — кез келген жағдайға дайын болу керек. Сондай-ақ ұжымдастарға сенім арту қажет. Өзімсінбей, жеке жұмыс істеуге талпынбай, ұйымшылдықта жұмыс жасай білу керек. Егер сен командада жақсы жұмыс істей алмасаң, ол өрт сөндіруші бола алмайсың деп айтар едім, — дейді бүгінгінің батыры Нұрболат Тәжіғұлов.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

7 ақпанда үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді

admin_mugalzhar

АУДАННЫҢ «КІШКЕНТАЙ БІЛГІРЛЕРІ» АНЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

KGIR 2022: Ералы Тоғжанов 735 миллион долларлық келісімдерге қол қойды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.