Әуелден тұлғасы қарапайым қағаз қаламға әуестігім бар-ды. Әдемі қапталған қойын дәптер мен қаламға қызығып жүруші едім. Журналист боламын деп мектеп кезінен жиі айтатынмын. ҰБТ-дан журналистикаға қажетті балл жинай алмаған соң әкем «ақылы түрде оқуға түсіремін қалайда» депменіжұбатқанболатын. Алайда шығармашылық емтихан уақытын өткізіп алған соң қазақ тілі мұғалімі мамандығына түстім. Кішкентай кезімізден бастап үйде газет-журнал үзілмейтін. Атаанам мектеп мұғалімдері болған соң жазылатын баспалары да “Бала би”, “Мөлдір бұлақ”, “Айгөлек”, “Ұлан” болды. Балаларға арналған басылымдарды жинап алып, мақала, түрлі сурет пен сөзжұмбақтардың астына өз атыжөнімді жазып қою сүйікті жұмысым болды.
2021 жылы күз айында Қандыағаш қаласына келген кезім. Жұмыс іздеп жүріп, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы газетке жұмысқа тұруға болатынын естіп, бірден жұмыспен қамту орталығына бас сұқтым. Мектепті де, басқа саланы ұсынғанымен, маған оның ешбірі қызық болмады. Себебі балалық арманға алғашқы қадам басталғалы тұр ғой. Сөйтіп жолдаманы алып, өмірімде бірінші рет “Мұғалжар” газетінің ғимаратына кірдім. Әуелде үйде газетті көргеніммен, ішінде қызмет жасайтын адамдармен жұмыс жасайтын жері қызық болатын. Әдемі сезімді бастан кештім. Әлі күнге дейін есімде, шағын ғана ұжымы бар, “Жастар” мөлтек ауданында орналасқан ғимараттың жүрегіме сонша жақын болып қаларын әуелден-ақ сезгендеймін. Осылайша менің журналистикадағы алғашқы қадамым басталды
Алғашқы жұмысым болған соңда маған өте қызық болды, әрігазеттің 90 жылдығы тойланатын кезге тұспа тұс келдім. Тарихы тереңде жатқан газеттің өткені мен тарихын, ардагерлерін көріп, “Мұғалжар” газетінде жұмыс жасайтыным үшін мақтаныш сезімін кешкен едім. Газетте жүргенде қателерімді түзеген апайларыма алғысым шексіз. Алғашқы да есімде, еш тәжірибесі жоқ жас маманға «ауыл-аймақтан ақпарат жинап көр» деген тапсырма түсті. Бір қолымда телефон нөмірлері мен есімдері тұратын қағаз болса, бір қолымда ақ бет. Мен кезек-кезек ауыл әкімдіктеріне қоңырау соғып, өзімше ақпараттарды алғандай болдым. Енді ол ақпаратты тапсырудағы қызықты қараңыз: “Бірлік ауылында көпір салынды, Талдысайда көше жарықтандырылды” деген форматта әр ауылдан бір сөйлеммен жазып тапсырғанмын ғой. Сол қылығымды апайларым әлі күнге дейін күліп еске алады. Солай басталған қадамым кейін көлемді мақала, сұхбат жазуға ұласты. Оның бәрі сол Бану Әнуарбекқызы бастаған ұжымның қолдауы, үйреткен сабақтары арқасында. Әсел Абданбаева, Нұрғаным Кесікқұл апайларым өз тәжірибелерін көрсетіп, жиындар мен шараларға қоса алып жүріп, қалай жазу керек, қалайжоспарқұру керектігін көрсетті. Мақала жазудағы жүйеліліктің маңыздылығын да осы мамандардан үйрендім. Осылайша, кейіннен көрсетіп жүрген жақсы жұмысым үшін ынталандыру сыйақы, қаламақы алатын деңгейге дежеттім. Сәтті шыққан мақаланы облыстық газеттер сұрап, ол жақтан да атыжөніңді көргенге қуанып, қиып алып қойған сәттерімді еш ұмытпаймын.
Журналист көп жазу арқылы шыңдалады ғой. Бұл салада аса көп тәжірибем болмаса да, үйренетінім көп. Ақпарат саласында 3 жыл еңбек еткен жолыма қарасам, түрлі мамандармен танысып, әлемге басқаша көзқараспен қарап, сауаттылықты сақтап, біз біле бермейтін әр саланың, жұмыстың ішкі әлеміне үңілу арқылы мақала жинақтауда тәжірибе жинағаныма, ақпарат беруде жылдамдық пен қатар оның мәнін оқырмандарға анық жеткізуді аз да болса меңгергеніме қуанамын. Қазір газеттен кетсем де болашақта бәрібір медиа саласынан көрінгім келеді.
Баланың арманымның орындалуындағы алғашқы қадамымды “Мұғалжар” газетінен бастағаныма қуаныштымын. Өзіме ерекше жақын ұжым, сала болып мәңгі жүрегімде қалатынына сенімдімін. Жақсы сырлас, қамқор әпке, адалдос, жанашыр ұжым ретінде мен сіздерді ешқашан ұмытпаймын! Әлі де болашақта ақпарат майданында жүрсем, әрдайым осы құтты мекеннен шыққанымды, жұмыс жасағанымды мақтанышпен айтып жүремін. Барша әріптестерімді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілеймін. Мың алғыс саған, “Мұғалжарым”!
Айдана АЛТЫБАЕВА
Алдыңғы
Келесі